» » ЕСІМДЕРІ ЕЛ ЕСІНДЕ

ЕСІМДЕРІ ЕЛ ЕСІНДЕ

Дидарында бейбітшіліктің сәулесі ойнаған дүниені "соғыс" деген сұмдық сөз дүр сілкіндірді. Бір түннің ішінде жер жүзінің астаң-кестеңі шықты. "Отан үшін" деп ұран көтерген ер азаматтар батысқа бет түзеді. Солардың қатарында ақсулық ағайынды жігіттер Шоңбай, Тайшық Сабырбаевтар да бар.

Дүниені дүрліктірген дүрбелең басталмас бұрын, 1938 жылы 18 жасында Тайшық Сабырбаев Қармақшы аудандық әскери комиссариаттан Отан алдындағы борышын өтеуге кетеді. Әскердегі кіші бауырының жолын тосып жүргенде соғыс басталып, 1941 жылы Шоңбай Сабырбаев та 34 жасында әскерге алынады. Сөйтіп ауылдастары бір отбасының екі бірдей азаматын соғысқа шығарып салады. Бірақ туғаннан жұптары жазылмаған екі бауырды ажал исі аңқыған майдан даласы екіге айырады.
Өзінің Отан алдындағы перзенттік парызын өтеуге үлкен ағасынан бұрын аттанған Тайшық Сабырбаев әскери өмірге бейімделіп, қару ұстаудың қыр-сырын меңгере бастаған шақта Кеңес-Фин соғысы бұрқ ете түседі. Тарихтан белгілі, бұл соғыста да Кеңес әскерінде құрбандық аз болмаған. Үш айға созылған қанды қырғыннан аман қалған жауынгердің одан кейінгі жорық жолы Ұлы Отан соғысында жалғасады. Аз уақыт болса да майдан даласын көрген Тайшық әкеміз екінші дүниежүзілік соғыста көптеген шайқастарда өзінің отаншылдығымен, ерлігімен көзге түсіп, бірнеше мәрте марапатталады. Ондай хабарлар елдегілерге дала поштасы арқылы барып тұрған.
1943 жыл – соғыстың ең қызған шағы. Бұл кезде неміс басқыншылары Ресей жеріне еніп, Мәскеу мен Сталинград қалаларына қауіп төндірді. Міне, сол екі қаланы қорғау үшін Кеңес әскерлері барын салды. Әсіресе, Сталинград түбінде кескілескен ұрыс болды. Солардың ішінде жаужүрек жауынгер Тайшық әкеміз де бар еді. Тайшық Сабырбаев Сталинград майданынан кейін хабарсыз кетеді. Қолындағы қаруынан жауға мың оқ атып, өзі қапылыста қарсыластың бір оғынан мерт болады. Сөйтіп жас кеудеден бүр жарған балауса арман солады, ата-ананың үміті өшеді. Жастайынан жылқы жалына жармасып өскен жалынды жас жігіт жат жердің топырағын мәңгі жастанып қала береді. Отан үшін опат болған асыл ердің артында ізбасар ұрпағы қалмаса да, ел басына күн туғанда Отанын жаудан қорғаған Тайшық әкеміздің есімі мен ерлігі ел есінде жаңғырып тұр. Жауынгердің артында қалған құнды мұрасы – майдан даласындағы шабуылдан бір сәт тынығып отырып, сыз аңқыған әскери ордың ішінде өлеңмен өрнектеп жазған сағынышты хаттары ғана. Ол сарғайған хаттар майдангердің Ақсу ауылында тұратын немере бауыры Мейрамбек Сабырбаевтың жеке отбасылық мұрағатында сақтаулы.
Бес жылға созылған қанды қырғында Отан үшін ұран көтерген Шоңбай Сабырбаев та жауда кеткен туған бауырының, көз алдында күн сайын оққа ұшқан қарулас достарының кегі үшін, елде қалған ата-ана, ағайын-туыс, қалың жұрттың амандығы үшін, ұрпақтың келешегі үшін жан алысып, жан берісті. Алғашқыда 268 арнайы мина іздеушілер батальонында болып, жаяу әскер мен танктің жолын ашып отырады. Сонымен қоса өз қызметінің шеңберінде арнайы әскери бекіністерді салуға қатысты. Мина іздеп, оны залалсыздандыратын саперлардың қызметі өте қауіпті. Мүлт кетсең, күлің көкке ұшады. Қысылтаяң кезде сол қауіпті жұмысты абыроймен аман-есен атқарған Шоңбай әкеміздің бойынан жауапкершілікті, ептілікті, ерлікті аңғаруға болады. Бір жылдан соң ашық майдандарға кіріп, қаруының ұңғысынан ұшатын кекке суарған әрбір оғын текке жібермеуді серт етті. Жасынан жылқы жалында, түйе қомында өсіп, еңбекке әбден шыңдалып ер жеткен Шоңбай әкеміз майдан даласында да еңсесін еңкейткен жоқ, бірнеше мәрте жау шебіне атойлап бұзып кіріп, ойран салады. Соғыстың орта тұсында жеңіл жараланып, қайта сапқа қосылады. Төртінші Украина, Воронеж, Киев, Чехословакия және тағы да басқа қанқұйлы майдандарға қатысып, көрсеткен жанқиярлық ерліктері үшін «Даңқ», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалі және тағы да басқа бірнеше төсбелгілер мен жоғары дәрежелі мадақтау қағаздарымен марапатталады.
Қос ұлын бірдей майданға аттандырып салған Гүләйім ана күні-түні дұға қылып, боталарын жоғалтқан бозінгендей қос жанары жасаурап темір жол бекетіне бара беріпті. Тым болмаса қос құлынының бірін аман қайтаруын Алладан жалбарына сұрап, кей түндері станция ішінде түнеп қалады екен. Сағыныштан көкірегі қуарған кейуананың тілегі қабыл болып, жұрт бір-біріне жеңіс хабарын сүйіншілейді. Жаратқан қорғап, әруақ қолдап омырауы жарқырап елге оралған Шоңбай әкеміз ұзақ жылдар мал шаруашылығында еңбек етіп, ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қосады. Елуінші жылдардан бастап ауылда мал бағып, күріш егеді. Жазда Қарақұмның қырына шығып, қыста ауыл айналасындағы қыстауларда малдың басын еселеп, еңбектің бел ортасында жүреді. Өмірлік жары Мәлике анамыз дүниеге 5 ұл, 1 қыз алып келіп, оларға тәрбиелі тәлім беріп, жастайынан адал еңбекке баулып өсірді. Мәлике Сабырбаева аудандағы сауда саласының алғашқы қызметкерлерінің бірі. Ұзақ жыл ауыл дүкенінде сатушы болып, халыққа қызмет көрсеткен. Дүниеге әкелген алты перзенті де ата-аналары салып кеткен жолынан қиыс кеткен жоқ. Әке мейірімі мен ана алақанының жылуын сезініп, өнегесін бойларына сіңіріп өскен ұл-қыздары бүгінде сан-салалы қызметте абыройлы еңбек етіп келеді.
– Соғыстың аты – соғыс. Біз мылтық дауысын естімей бейбіт заманда ғұмыр кешіп келе жатқан бақытты ұрпақтың өкіліміз. Ол үшін екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер әкелерімізге қарыздармыз, рухының алдында бас иеміз. Лайым, келер ұрпақ та соғыс көрмесін, еліміздегі осы тыныш заманның шырқы бұзылмасын. Әкем Шоңбай өте сабырлы кісі еді. Ашаршылық нәубеті мен алапат соғысты көрген соң қолындағы барға қанағат етіп, аман оянған әр күніне тәуба айтып отыратын. Бізге әкеміз міндеттеп ештеңені үйрткен жоқ, бірақ біз ол кісінің бойындағы сол қасиеттері арқылы тәрбиелендік. Шүкір, жаман болғанымыз жоқ. Әкем өте еңбекқор, шаруа кісі еді. Ауыл шаруашылығында ұзақ жыл мал бақты. Соғыстан алған жарақаты бар. Басына снарядтың жарықшағы тиген. Оң жақ шекесіне қадалған сол жарықшақ өмір бойы әкемнің денесінің бір бөлшегіне айналып кетті. Ашылып сөйлей қоймайтын әкеміз кейде соғыстағы күндерін көңілі түсіп, көзі жасаурап отырып есіне алады. Кім білсін, қасындағы қыршын кеткен қарулас достары ойына түсетін шығар. Жас болған соң, бізге соғыс қызық көрінеді. Әкеміз жай күндері соғыс тақырыбын көп қозғамайды. Бірақ, кейде өзінің көңілі соққанда ашылып әңгіме айтады. Сталинград үшін болған майданды естігенде жанымыз түршігеді. Әсіресе, Днепр өзенінен өтердегі айқаста өлген адамның тау болып үйілген денесінен арналы өзенде тоған пайда болып, өзен суы қып-қызыл қан болып кері қарай аққанын айтқанда, көз алдымызда қасіретті де, қорқынышты сурет оянады. Біз қанша қызық көргенімізбен, соғыстың шын мәнінде ойын емес екенін, адамзат баласына қасірет әкелгенін кейін ес білгенде ұғына бастадық, – дейді майдангердің ұлы Мейрамбек Шоңбаев.
Өмірі өнегеге толы Шоңбай ақсақалдың артынан еріп, тәлімін көп көрген замандас інілері ол кісіні: «Өте ақ пейіл, адал, қайырымды, еңбекқор жан еді», – деп сағынышпен еске алады. Ұлы Отан соғысының ардагері, жеңіске үлкен үлес қосқан майдангер Шоңбай Сабырбаев 1979 жылы 72 жасында дүниеден өтті. Ал жауынгердің майдандағы жорық жолына ауылда жүріп тілекші болса, елге оралған соң да отбасылық өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, бейбіт өмірдің еңбек майданында сүйеу болып бір жағында жүрген ғұмырлық адал серігі Мәлике Сабырбаева 2000 жылы 78 жасында дүниеден озды. Бүгінде әке шаңырағының ошағын ұстап, отын жағып отырған балалары және сол балалардан тараған немере-шөберелері бар. Біз, бейбіт заманда өмір сүріп келе жатқан бүгінгі ұрпақ ағайынды Шоңбай мен Тайшық Сабырбаевтардың және басқа майдангер әкелеріміздің есімдерін есте жаңғыртып, ерліктерін ұлықтауға тиіспіз.

ЕЛГЕ ХАТ
(Тайшық Сабырбаевтың майданнан елге жолдаған хатынан үзінді)

Біз жүрміз Белосток қаласында,
Ну орманды тастай су жағасында.
Тұрағымыз солдаттың казармасы,
Осында орыс, қазақ кілең жасы.

Таңертең сержант келед атын жайлап,
Шығамыз белімізге сүлгі байлап.
Жүгіріп әудем жерге барамыз да,
Қайтамыз мәз-мәйрам боп күліп-ойнап.

* * *
Туған жерге хат жаздым қалам алып,
Жауды жеңбей қайтпайды балаң анық.
Шабуылда қаншасы қыршын кетті,
Қаншама жауынгерлер жараланып.

Сағынсақ та туған жер, елді мейлі,
Жауды жеңбей көңіліміз сергімейді.
Туған жер, біздерге сен, таяу күні,
Жеңістің туы аспанда желбірейді.


Қуат АХЕТОВ
23 мамыр 2020 ж. 481 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930