Көркейтуді өз ауласынан бастаған
Киелі өңірдің оқтаудай түзу көшелерін көрген жандар Жалағаштың жасыл желекке көмкерілген сұлу келбетіне қарап сүйсінеді. Бұл туған жерді түлетуге атсалысқан аға-апаларымыздың өлшеусіз еңбегінің жемісі десек, артық айтқандық емес. Бүгінде кенттің тазалығына өзіндік үлес қосып, ауласын гүлдендіріп, бау-бақша егіп отырған жандар арамызда көптеп кездеседі. Соның бірі – Әйтеке би көшесінің тұрғыны Жанат Иманәлиева.
«Ассалаумағалейкум, Нұреке!» дейді маған. Қай кезде көрсең де көтеріңді көңіл-күйде жүретін Жанат апай үлкенмен де, кішімен де осылай сәлемдеседі. Әрдайым үлкенге – құрмет, кішіге – ізет білдіріп, өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге болып жүрген апамызда «Тазалық табалдырықтан басталады» деген басты ұстаным бар. Қай істі болсын ұршықша иіріп әкететін анамыз биыл да үй ауласын гүлдендіріп, бау-бақшасына түрлі жеміс көшеттерін отырғызыпты. Көзіміз көргендей есік алдындағы бақшаның көлемі аса үлкен емес. Алайда алақандай жер болса да, мұнда бақша дақылдары мен жеміс талдардан бөлек әсем гүлдердің де түр-түрі жайқалып тұр.
– «...Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген қазақтың аталы сөзін жастайымыздан құлағымызға сіңіріп өскендіктен таңмен таласып тұруға дағдыланғанбыз. Аула таза болса, ауа таза демекші таңертеңгі жұмысым – келініммен бірге үй ауласын сыпырып, одан әрі қолымызға кетпен алып, бау-бақшадағы жұмысқа кірісеміз. Қазір бақшада жеміс ағашының бірнеше түрі бар. Жеміс-жидек піскен уақытта керекті жемісті өзіміздің бақшадан үзіп аламыз. Қысқа тосап қайнатып алуға да жетеді. Биыл да егіннің шығымы жаман емес. Бақша көлемі үлкен болмаса да еңбегімізге орай «Жер-Ана» өз несібесін беріп жатыр. Негізі әр мезгілдің өзіндік ерекшелігі бар ғой. Мәселен, жаздың көркі – көктен шыққан жұпар иіс пен жайқалған жеміс талдар емес пе?! Сондықтан жазда аула гүлге көмкеріліп, бақшада жеміс жайқалып тұрғанға не жетсін, – дейді Жанат апай.
Айта кеткен жөн, қырық жыл баспа саласында еңбек еткен апамыз 1956 жылы Ақсу ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын совхоз дирекциясында секретарь-машинист болып бастап, 1980 жылы аудандық «Жаңадария» (қазіргі «Жалағаш жаршысы») газетінде секретарь-машинист, одан кейінгі жылдары редакцияда іс-қағаздарын жүргізуші, хатшы-референт, кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметтерін атқарды. Аудандық газеттің сапалы әрі мазмұнды шығуына өзіндік үлесін қосқан ардагер апамыз әр жылдары облыс, аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен», облыстық кәсіподақтары комитетінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Жолдасы Қалдан ағамыз екеуі 2 бала тәрбиелеп, бүгінде олардан немере сүйген бақытты ата-әже.
Ал Қалдан ағамыздың кентті көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қосқан еңбегі өз алдына бөлек әңгіме. Ол кезінде №123 мектеп-лицейде еңбек ете жүріп, көпшілікті көше тазалығына шақырып, жаппай сенбілік жұмыстарын ұйымдастыра білді. Бүгінде жасыл желекке көмкерілген кент көшелеріндегі ағаштардың түзу әрі тегіс шығуына да ағамыз өзіндік үлес қосқан.
Жалпы тарихы тереңге тамыр тартқан біздің өңір күн сайын көз алдымызда көркейіп, гүлденіп келеді. Киелі өңірдің ажары оның тазалығына да байланысты. Ал тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның қоғамға, қоршаған ортаға, табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Міне, бұл отбасының осындай еңбексүйгіштігі туған жеріне деген айрықша құрметін аңғартады.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ