» » АБАЙ – СТРАТЕГ

АБАЙ – СТРАТЕГ

Құдiреттi ақын тұлғасы қандай дегенде М.Горькийдiң «Бiр ақын туралы» дейтiн ой толғамында былайша сипаттама берiлген: «Менiң сөздерiм кесек мәрмәр тәрiздi cап-салқын және әдемi: таңдамалы ақыл мен талғамалы жүрекке нәр берiп рахаттандыратын мәңгiлiктiң мұралары мына менiң сөздерiммен жасалады, асқан әдемiлiктi кiршiксiз таза жүректер ғана түсiне алады…». Әрi қарай ойын жалғап: «…қазiр әрбiр адам бiлемiн дейдi де, оқытып үйретем, ақыл айтам, жол көрсетем, кiнә тағып, сынап, мiнеп сөге алам деп ойлайды, осылай ойлайды да өмiрдi былықтырады. Ал оның көмегiнсiз де өмiр өзi былық қой. Ендеше, егер ол өмiрдi қорда-қоқыстан тазартам десе, ең әуелi атаққұмарлықтан өз жанын тазартсын, … ол өз жүрегiн осы нәжicтен аршысын, ол өзiн түсiнсiн және өзiнiң жолын бiлсiн, мiне сонда ғана сыбағалы сөзiн батыл айтуға кiрicciн. Ол сөзi келте де қарапайым, әдiл де оттай ыстық болсын!» деп, ақындықтың негiзгi шарттарын көрсетедi. Тегiнде, Абайдың ақындығын сөз еткенде, оның жаңашыл­дығының түпкi себебi де, тәнi мен жаны меруерттен жаралғандығында, рухы мен көзқарасының бiрегей тума қасиетiнде, бiлiмi мен тәжiрибесiнiң молдығында, тереңдiгiнде, негiзiнде, адами жаратылы­сының үздiк кемелдiгiнде. Кең өрicтi cтратегиялық ойлау жүйесiнде, шынында да, ол – өз заманың лағыл-гауhары.
Абайтану iлiмiнiң негiзiн қалаушы М.Әуезов «Абай еңбектерiнiң биiк нысана­сын» бiлгiрлiкпен айқындай отырып, «Ақындықтың Әбiлхаят суын iшкен, өлiмдi жеңген, мәңгi тiрлiк тапқан Абайдай дана даңғыл ақын тарихтағы өз мүшелiн жүз жылдан қайырмақ …замандардың талайы­нан аспандап өте бермек», – деп жазады. Иә, Абайдың даналық ойлары адамзаттың ортақ рухани игiлiгi қай заман, қай қоғам болмасын олардың аса қымбат көркемдiк мүлiгi боп есептелмек.
Бұл ретте Абай кемел келешектiң кеңесшiсi, рухани көсемi, халық қыз­меткерi, замана сыншысы hәм тамыршысы, қара дауылға қасқайып қарсы ұшатын «нартәуекелге» бекiнген ержүрек, замана­ның шытырман-шырғалаң қайшылықтары мен күрделi құбылыс­тарының астарын тарыдай ақтарып, буырқанған жiгермен, оттай намыспен жырлауға құлаш сермеген қайраткер, тарихи санасын, iзгiлiк, дана­лық қағидаттарын интеллектуалдық әлеуе­тiн, әдет-ғұрып, тiлiн, дәстүрiн, шаруа-кәсiбiн, өмiр сүру, тiршiлiк жасау дағды-машығын, тыңдау, сөйлеу, оқу, жазу өнерiн көркейтуге қайрат жұмсаған санаткер, көне де көрешек-дәуiрлердi ақыл тезiне салған күңiренген абыз, қауымын жақсы, дұрыс, түзу жолға бастаған ұйым­дастыру­шы, заманынан да, ортасынан да, қоғамы­нан да озып туған табаны жалпақ тарлан­боз, «ұлы-ұлы билер бар, ұлы суға қонады» дегендей, заман мұхитын, ой мұхитын түпсiз тұңғиық ақылына, даналығына, тапқырлығына, көсемдiк бiтiм-тұлғасына сенген Абай, анығында, «қазақтың жалқы­сы» (Әлихан Бөкейхан), бейне бiр «келешек заман үшiн де тарих аспанындағы бiр тұрақты нұры» (М.Әуезов) едi. Тумысы да, тұлғасы да бөлекше жалқы едi.
Абайдың:
Жүрегiңнiң түбiне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын – оны да ойла!
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кiнә қойма!
Не болмаса: Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзiмдi ұғар елiм жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым – тап шыным!
Немесе:
Өкiнiштi көп өмiр кеткен өтiп,
Өткiздiк бiр нәрсеге болмай жетiк.
Ойшылдың мен де санды бiрiмiн деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтiп – дегенiн де жалғыздық, өрен ойшылдық сарындары бар.
Абай тума табиғи қасиеттерге, индиви­дуал­дық-психологиялық үздiк өзгеше­лiк­тер мен артықшылықтарға бай. Бұлар ақыл, бiлiм, ғылым, ар, мiнез, тәжiрибе, сезiмталдық, эмоция, интуиция, логика, шешiмпаздық, сөкет қимыл-әрекет, еске сақтау, шешендiк, өткiрлiк әңгiмешiлдiк жағынан. Сондықтан да Абай – көреген стратег. Мұндай керемет қасиеттерiн қоғамдық-әлеуметтiк тегеурiндi icтерiнен де, поэзиясы мен қара сөздерiнен де молынан табылады. Ол байтақ та байсалды әлеуметтiк ой-пiкiрлерiн, ұстанымдарын, қағидаттарын берекелi, көркем icтерiнде шеберлiкпен, жалынды қайратпен қолдана бiлген, ақылы мен тәжiрибелерiн қорғай бiлген қоғам қайраткерi. Ол ел iшiнде алпыс шақты дау-шарларға билiк айтқан, әдiлеттi бұйрығын жерiне жеткiзе орындатқан. Болыстық қызметте де солай еткен.
Арғы-бергiнi cалмақтап-саралап, кең құлашты кемелдiкпен терең, толық түбегейлi ойлау, ел бiрлiгiн, халық тағды­рын және әлеуметтiк тұрмысын, өзi жiктеп, түйiп айтқандай, «ел бағу», «мал бағу», «ғылым бағу», «дiн бағу», «балаларды бағу» турасында асыл ойлар өрбiттi.
Абай шығармашылығында оның стратегтiк, мақсаткерлiк тұлғасына тән тәлiмгерлiк, өнегелiлiк қырлары аса мол.
Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан – сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.
(«Бiреудiң кiсiсi өлсе, қаралы – ол»)
Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып.
Таппадым көмек өзіме,
Көп наданмен алысып.
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып.
(«Менсінбеуші ем наданды»)
Стратег, көшбасшы, тума әрi еңбекпен, тәжірибемен жинақталған, жүйеленген қасиеттерге бай Абай табиғатынан тәуекел­шiл де. Тәуекелшiл болмаса жаңаша көзқарас, жаңаша пайым, жаңалық атаулы болмас едi. 1886 жылы жазылған «Интер­нат­та оқып жүр» атты өлеңi тұтастай абзалдық әлiппесiндей, ақыл-кеңестiң ересен бiр арнасындай деу лайық.






«Иждиhатсыз, михнатсыз, Табылмас ғылым сарасы», «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық бiлуге. Артық ғылым кiтапта, Ерiнбей оқып көруге», «Өнерсiздiң қылығы, Тура сөзiн айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шiруге» деп ойын әрi қарай сабақтастырып:
Қисық болса, закон бар
Судьяға беруге.
Ол да оязной емес қой,
Алуға теңдiк сенуге өз бетiңмен тәуекел
Занимайся прямотой – деп, теңдiк пен тәуекелге жүгiнедi.
Ақылдың қара сабасындай кемел бiлiм иесi Әбдiрахманның (1869-1895) өлшеусiз бiрегей кiciлiк қасиеттерінің бiрiн (яғни тәуекелшiлдiгiн) атағанда былайша өрнек­тейдi:
Тәуекелге нар едiң,
Талаппен терең бойлаған.
(«Әбдiрахман өлгенде»)
Тәуекел зор, ақыл мол,
Қорықпай тосқан тағдырын.
(«Әбдiрахман өлiмiне»)
«Татымды толық билiктi» армандаған, «орынды харекеттi» ардақтаған, егiн, сауда, өнер, ғылымды жаны сүйген, ойшылдың өз сөзiн өзiне қарата айтсақ, «толымды-бiлiмдi» Абайдың: «Тегiнде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектiң бәрi де – ақымақтық» деп пайымдауында ақылдың дәрежесi, деңгейi жоғары екенiн ұғынасыз.
Сонда ақыл – Абайдай дана стратегтiң басты көрсеткiші, құбыла-намасы, қаруы, асыл қасиеттердiң қай-қайсысы болмасын солардың қайнар көзi, гуманизмнiң шыңы. Абай заманды сәулеттендiру, қоғамдық рухани құндылықтармен iзгiлендiру, ic-әрекет қызметiнде – өнердiң ең жоғары түрi – дипломатияны да ұтымды пайдалан­ған. Мысалы:
Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек?
Жұрты сүйген нәрсені ол да сүймек.
Ішің берік боп, нәпсіге тыюлысып,
Паңсымай, жайдақсымай, ірі жүрмек.
Сасқаныңды көрсетпе ешкімге бір,
Сүйтсе де ірісімен кеңесіп жүр.
Кейбірін хауіптендір, мінін тауып,
Кейбірін жылы сөзбен көңілдендір.
Көрінбе ел көзіне әсте қорқақ,
Жанды жан демейтұғын жан шығып бақ,
Анда-санда құтырған жаман емес,
Оныңды жиі қылмай және бол сақ.
Кісімсі қайда жүрсең олжаға тоқ,
Шоқыма халық көзінше қарғаша боқ.
Жұрт – жас бала, ешнәрсесін тартып алма,
Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ.
Жат елге жадағайда сөйле шәргез,
Тар жерде тайпалудан танба әр кез.
Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап,
Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез.
Ел басқару, дұрыс, жақсы жолға түсiру, жинақталған, жүйеге түскен дүниета­ным­дық ерекшелiктерiн айрықша ескеру қажет. Бұл өлең Абайдың ел билеудегi өнерi мен өнегесiн, адамдардың алуан-алуан күрделi мiнездер мен дағды-машық­тарын қалай түзеудiң, қалайша жарасты­рудың, қалайша өзiңе бойұсын­дырудың, табындырудың және өзiңдi қара жұрттың ортасында қалай ұстаудың тәсiлдерiн соншалықты суреткерлiк қабiлетiмен нақ-нағымен, тақта-тақтасы­мен жетiк түсiн­дiредi, суреттеп қызық­тырады.
Абай поэзиясының тұңғиығына бойлау үшiн – зиялы оқырманның бай өмiрлiк тәжірибесi, бiлiм-парасаты, ой өресi, көр­кемдiктi cезiну қабiлетi, халқының тұр­мыс-тiршiлiгiн, әдет-салтын, мораль­дық-этикалық көзқарасын, көркем ше­жiре­сiн, тарихын, әлемдiк мәдениеттiң жауһар үлгiлерiн (мысалы, «Мың бiр түн», «Тоты­нама» және т.с.с.) жетiк меңгеруге тиiс.
Абай – ақыл-ойы мейлiнше терең, түйсiгi өткiр, адам жанының диалекти­касын бiлгiрлiкпен қапысыз таныған, құбылыстар мәнiсiн қырағы танып, мүлт жiбермей бағамдайтын, интуициясы, қиялы, санасы, шеберлiгi артықша жарал­ған феноменологиялық және метафоралық ойлаудың майталманы. Шындығында, қопара-ақтара тексеру, зерделеп зерттеу, байыпты бақылау, ақыл қуатымен, жан құмарымен ғайыпты болжау, нәзiк са­лыстыру – Абайдың ақындық кемең­гер­лiгiнiң көрсеткiштерi. Абай құдiретi дегенiмiз – ұлт болмысының құдiретi.
Сол себептi Абай поэзиясының таңға­жайып көркемдiк нақыштары, сұлулық сырлары, әдеби-эстетикалық дүниетану даралығы, образдық-символи­калық астар-қабаттары телегей. Абай шығармашылығы – замандар мен дәуiрлер бойы жасаған халық тiлiнiң айнасы, халықтың айдын шалқар өмiрлiк тәжірибесi, ақыл-ой қазы­насы.
Сөз жаратылысынан пәк, таза, сәулелi. Ұлы жүрегi мен ұлы денесi ұлы үйлесiм тапқан, адамзат дүниесiне дүрлер сыйлаған Абай оны соншалықты ар, мiнез, бiлiм, көңiл байлығымен, көркемдiк тәжірибесi­мен өзiнiң көзқарасына, санасына, ой мәдениетiне орайластыра бағындырып, барынша адалдықпен қолданады.
Абайдың индивидуалдық-тұлғалық, көшбасшылық қызметiнде «Теректiң сыйы» атты өлеңiнiң көркемдiк, интел­лектуалдық-психологиялық мазмұны мен пафосы, түйдек-түйдегiмен жосылған ой сарындары, шынайы стратегиялық көзқарасы, мақсат-мұраты айқын таңба­лан­ған. Яки ой сапасы, қасиетi, мәнi, бейнелiлiк-суреттiлiк сипаты Шалкиiз жыраудың «Мен Иемнiң бөрлi ала тасы едiм», «жүрегiнiң басы едiм», «көз үстiнде қасы едiм» дегенiн еске түсiргендей және де толқын атқан, сыңғыр қаққан сырлы толғаудың архитектоникасы, сти­лис­тикасы, философиясы бiр-бiрлерiмен жiгi бiлiнбей жымдасып кеткен.
Өлең шуу дегенде ойыңды оятып, құштарлығыңды маздататын от екпiндi төтенше тегеурiндi серпiндi етicтiктермен (долданып, буырқанып, тауды бұзып, тасты жарып) және ажарлы теңеулермен («Арыстанның жалындай», «Айдаhардай бүктелiп») басталады.
Теректiң сыйы
Асау Терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
Арыстанның жалындай бұйра толқын
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.
Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,
Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су.
Қалың қайрат бойында, беті күліп,
Момынсынған пішінмен ағады қу.
Кавказдай құзда туған перзенттенмін,
Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін.
Қазыбектен, ағам, сені көксеп шығып,
Кім қақтықса жолымда күйреткенмін.
Зор кеуде адамзаттың айласына
Көнбей, бүгін күшімді көрсеткенмін.
Екі езуім көпіріп, айғайласам,
Шын құтырсам шың тасты тербеткен­мін.
Аптығып асау інің келді, ақсақал!
Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал.
Дем алайын деп келдім, аш қойныңды,
Сәлем-сауқат әкелдім, қош көріп ал.
Әкелген бұғы менен маралым бар,
Адамнан тартып алған көп малым бар.
Ер-тоқымы, атымен, қаруымен
Ер шеркесті әкелген амалым бар.
Мұның бәрі – тартуым сізге, – дейді,
Ақылыңды айт, ақсақал, бізге, – дейді.
Бақша, зауат, жайларды қылдым талқан,
Әрбір бай жалдап жатыр жүз кедейді…
Көкiрегi гауhар Абайдың осынау поэ­зиялық ойлау стилiне – метафоралық мәнерлiлiк пен суреттiлiк тән екенiн әрi диалогқа (өзен мен теңiздiң тiлдесуi) шебер­лiгiн көруге болады. Бұл өлең бiр қарағанда табиғат лирикасы iспеттi. Жоқ, бұлай емес. Ыждаhаттылықтан толқындап, жарқылдап, күндей күркiретiп тудырған өлеңде Абайдың стратегиялық тұлғасы, жаңашылдық болмысы жарқын түрде көрiнiс тапқан. «Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал!» дегенiнде Абайдың ұлт әдебиетiне енгiзген жаңалықтары мен қазақ қоғамының рухани тiршiлiгiндегi кесек iстерiнен хабар бергендей ассоциа­циялық ойы мен сөзiнiң құпия мағынасы осы. Сондай-ақ сай мәтiннiң әрбiр сөзi, фразеологиялық оралымдары, сөйлемдерi қаhармандық рухқа, қимыл-әрекетке ие. Жоғарыда келтiрген теңеулерге қоса, «Кавказдай құзда туған перзенттенмін, Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін» деген ұшқыр, тапқыр теңеуге сезiм кернеген метафора қосылып, келiстi cурет тудырған.
Асау Теректiң жойқын алапат ағысын «момынсынған пiшiнмен ағады қу» (кейiптеу), «Зор кеуде адамзаттың айла­сына, Көнбей, бүгін күшімді көрсеткенмін». Екi езуiм көпiрiп, айғайласам, шын құтырсам, шың тасты тербеткенмін» (әсірелеу), «Кәрі Каспий қара көк көзін ашты» (метафора), «Тауды бұзып жол сал­ған, тасты жарып», «жүз толғанып», «беті күліп», «көксеп шығып», «жыбыр қағып», «сылқ-cылқ күліп» –таңғажайып жырдың алтын арқаулары.
«Теректiң сыйы» өлеңінің образдылық-символикалық, мәдени-тiлдiк жағынан қымбат құндылықтарын айқындайтын шынайы да шыншыл, толық, дәйектi, сырлы, мәйектi, жанды мысалдар ересен мол. Бұлар Абайдың көркемдiк ойлау тереңдiгiн, рухын, характерiн, стратегтiк, көшбасшылық қалпын көрсетедi.
Бас бiлмейтін, жүген-құрық көрмеген сайыпқыран мінезді тентек Терек құштар, адуын мінезбен Қартаң Каспийге оттай лаулап «Тау, тасқа, адамзатқа жанжал жа­сап» келе жатып, кілт момақансыған күйге түседi. «Сәлем-сауқатым», «бұғы ме­нен маралым», бес қаруын асынған «ер шер­ке­сiм» бар дейдi. Оқыған бай мен ке­дей жа­йындағы әлеуметтiк ойын да айтып сала­ды. Оған қоса байлардың да «бақша, зауыт, жайларын да» талқан еткенiн де жеткiзедi. Сөйдесе де, Қартаң Каспий селт етпейдi, міз бақпайды. Терек тұйыққа қамалады да, дипломатияға көшеді де сөйлеп кетеді.
Мінеки, әңгімешілдік өнер, дипло­ма­тия­лық шеберлік, поэзиялық суреттеу («Кәрi Каспий қара көк көзiн ашты»), ұлт­тық дүниетаным (ақсақалдықтың мәрте­бесi), пейiштiң шынарындай қас сұлуға деген сүйіспеншілік.
«Теректiң сыйы» өлеңінің iшкi мазмұн тұ­тастығы, көркемдік логикасы, лұғаттық-тiл­дiк құрылымы – Абайдың ақындық дау­сын, суреткерлiк көзқарасын, шеберлiк мәдениетiн анықтайды.
Ересен көркемдiк әуездiлiк, тапқырлық қа­сиеттерге ие сиқырлы бiр ағын iспеттi бұл өлеңге Абай ән шығарған. 1984 жылы әнді зерттеуші, өнертану ғылымының кандидаты Қайролла Жүзбасов(1941-1945) Мәкен Тұрағұлқызы­нан тыңдап, нотаға түсірген.
Тұтас бір тарихи дәуірдің қайраткері, ойшылы. Стратег Абайдың философиялық, этикалық көзқарасы – өзінің ұлы мұра­ты­на жетуде кесек, көркем іс-әрекет­тер ұйым­дасты­ру, жоғары әділеттілік пен ұлт­тық рухты негізгі ұстаным ету, шешім­паз­дық­қа жүгіну, ситуацияны тез саралау әрі шынайы бағалау, парасат пен өрелілік таныту.

Серiк НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор
13 маусым 2020 ж. 933 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930