» » Халықтың Мақасы еді...

Халықтың Мақасы еді...

«Әр адамның өмірі – бір тарих». Бұл сөз саналы ғұмырында халқына қызмет жасаған, өзі өмір сүрген қоғамға игілікті ісі арқылы пай­дасын тигізген халқының қалаулысы, елінің елеулісі болған азаматтарға тән. Мақсұт Әбдіразақов өзінің қысқа ғұмырында өңірдің экономикасы мен мәдениетінің өсіп өркендеуіне сүбелі үлес қосқан. Мақа­ламның кейіпкері осы сөзге лайық адам еді. Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш аудан­дарында басшылық қызмет атқарды. Сол аудандарда Атқару комитетінің төрағасы болды. Өмірінің соңғы жылдары облыстық агро­өндірістік кешеніне жетекшілік жасады, қызметтестері мен замандастарының орта­сында абырой, беделге ие болып, халқының жүрегінде қалды.
Мақсұт Әбдіразақов 1937 жылы 16 маусымда Қызылорда қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Жалағаш ауданында өткен. Ауданның белгілі азаматы, атақты Нүрке биден тараған ел ағалары Абыт, Әбдіразақтардың өнегелі тәрбиелерін алып ер жетеді. Екі әкесі де жаңа заманның талабына сай белсене еңбек еткен. Абыт әкеміз ұзақ жылдар ауданның алдыңғы қатарлы «Алғабас» ұжымшарын басқарған. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға, шаруашылықтың жұмысын өркен­детуге, елді қоғамдық жұмысқа көтеруде аянбай еңбек еткен.
Халық ақыны Төлеубай Үркімбаев «Абыт ағаға» деген арнауында:
Келіп көр осы кезде «Алғабасты»,
Пішенге елден ерте майдан ашты.
Ар көріп айтқаныңды Абыт ағай,
Топтады төңірегіне кәрі -жасты.
Үлгі алып көп колхоздар «Алғабастан»,
Саңлақтар көбеюде саннан асқан, – деп жырлайды.
Ал Әбдіразақ әкеміз кеңес-партия шаруа­шылық жұмыстарында басшылық қызметтерде болған.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы, алпысыншы жылдардың басында, ауыл ша­руашылығы саласында жоғары оқу орнын бітіріп келген бір топ жас мамандар ауданға келіп, жаңаша жастық жігермен еңбек етті. Ал олар еңбек жолдарын бастаған ұжымшарлардың басшылары көрнекті ұйымдастырушы, іскер азаматтар еді. Мақсұт ағамыз сондай кісілерден тәрбие алып өсті, үйренді. Мақаңның замандастары Қаһарман Табынбаев, Ермағанбет Тұрабаев, Сартай Мақановтар және сол кездегі облыс көлемінде үлгілі тірек ұжымшар болған, ауданды өз қолымен құрғандардың бірі Калинин ұжымшарының төрағасы Ким Яков Яковлевичтен, Мақсұт Әбдіразақов ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушылары шаруашылық басшылары Шәменов Мөрәлі, Бақанов Аяғандардан тәрбие алып, өмірге жолдама алған еді.
Мақаң мал дәрігерлік-зоотехникалық институтты бітіріп келіп «Коммунизм» ұжым­шарында аға зоо­техник болып еңбек етіп жүргенде, сол кездегі Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хат­шысы Байбол Сопбеков өзіне шақырып, заман та­лабына сай ұжымдастырылып жатқан кол­хоз­аралық жаңадан құрылған «Шошқа базасына» бас зоотехник болып баруға ұсыныс жасайды. Мақаң сол кездерді былайша еске алатын.
«Қазақшылығы басым біздің аудан үшін бұл жұмыс маған тосын, ауыр болды. Аудан басшысы жаңалыққа жаны құмар, үнемі жаңа бастамалардың жаршысы болып жүретін. Колхоздарда, мекеме­лерде, мектептерде құс, қоян ұстау жаппай науқан­шылыққа айналған кез еді. Кейбір белсенді басшы қызметкерлер де «талпақ танауды» қолға ұстай бастаған болатын. Ойымды әкелеріме айттым. Олар үзілді-кесілді қарсы болды. Келісім бермеді. Сонымен екі оттың ортасында қалдым. Осылайша не істерімді білмей жүргенімде, Оңтүстік Қазақстан облысынан отбасылық жағдайына байланысты көшіп келген, сол жақта көп жылдар партия, кеңес қызметінде басшы болып жұмыс атқарған қайын атам А.Айтбалаев жағдайды естіп: «Жоқ, балам, партия айтса бару керек, олар тегін айтпайды, бүгін саған сенім артқаны, келешегіңе де жарқын жол ашқаны. Егер бұл мүмкіндікті жіберіп алсаң қайтып саған сенім артпайды», – деп ақыл айтты және әкемді де көндірген еді.
Сонымен жаңа қызметке кірісіп кеттім. Сол жылдың қысында партияның кандидаттығына қабылдандым. Көп ұзамай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысына сайландым. 1963 жылдың қазан айында облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне ауыстым. Ол кезде 26 жаста едім. Осылайша менің партия кеңес жұмысымдағы қызметім басталып кетті.
Мақаң 1978 жылдың қараша айында Жалағаш аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып өзінің туған ауданына қызметке келді. Ол кезде ауылдық кеңестегі жайлы орнымнан күріш егісінің көлемі көп Калинин кеңшарындағы жаңадан ұйымдастырылып жатқан өндіріс бригадасының бригадирі етіп жіберген болатын.
Ол кездері күріш жинау науқаны ауыр жүретін, комбайншылар жетіспейді. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан бидай жинау науқанынан босаған комбайншылар келетін. Олар күріш комбайндарына бейімделмеген, батпаққа батып күріш дестелеріне қақалып-шашалып жататын. Ол бізге де салмақ түсі­ретін. Шаруашылық пен басшылықтың барлық сатысынан өткен Мақаң, сол кездегі аудан­дық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Қазантаевпен ұстазы, бұрынғы қызметтесі ретінде тіл табысып, ортақ мақсатпен елді дөңгелетіп басқарып кетті.
Жасыратыны жоқ, Қонекеңнің де жүгі жеңіл­деп, кей жағдайларда қатаңдау мінезі жұмсарды. Мақаңа үлкен жауапкершілік артты және оған сенді. Күрделі жауапты мәселелерді іс жүзінде жұмысын, кеңес уақытында қызмет атқарғандар ғана жақсы біледі. Жергілікті үкімет деп аталған бұл орынның жұмысы көше мен елді мекенінің тазалығынан бастап, мемлекеттік деңгейдегі тапсырмаларға дейін сұралып, орындалып жа­татын.
Ал біз білетін Мақаң табиғат тарту еткен қабілеті, білімі, өмір тәжірибесінің арқасында, өмірлік ұстанымын ақылға салып, ауданның қос тізгінін бірін тең ұстап, басшылық жа­сады. Ауданның таусылмайтын жыл он екі айда айналып келіп тұратын шаруашылық жұмыс­тарының мезгілінде орындалу көзін жақсы білетін және оны ұтқыр ұйымдастырушы еді. Жыл сайын науқанды жұмыстардың орындалуы, жылдық есеп тағы басқа талдауларда қорытынды жиналыстарда негізгі баяндамашы Мақаң болатын. Күн тәртібіндегі мәселені жетік білуі мен логикалық ойлау қабілеті баяндамаларын қазақтың қарапайым жалпақ тілімен әдеби тұрғыда тартымды, қажет жерлерде шешендер мен көсемдердің өсиет сөздерінен, ғалымдар мен білгірлердің тұжырымдамаларынан мысал келтіріп, кейбір басшылардың жұмыстағы кемшіліктерін азаматтардың ар-ожданына ти­гізбей мақтамен бауыздағандай атап өтетін. Осылайша түрлі ой құшағында отырған жина­лысқа қатысушыларды өзіне баурап алатын.
Сырт көз Қонекеңді (Қ.Қазантаев) қатал, тегеурінді басшы деп білетін. Уақытында осын­дай да пікірлер айтылып жүрді. Шын мәнінде ол кісі олай емес еді. Оны қол астында қызмет атқарған, сол кісінің мектебінен өткен біздер жақсы білеміз. Әділдік пен тазалықты жаны сүйетін Қоңекең қызметкерді «Жұмыстағы болмашы кемшілігі үшін жардан құзға құлатып жібергенше, өзім жардың жиегіне апарып, қайтадан орнына қояйын» деген қағида ұстанатын. Бірақ бюрода мәселелері қаралып жатқан азаматтар өздерін қылыштың жүзінде отырғандай сезінетін. Осындай қысыл таяң кезде Мақаң қаралып отырған мәселеге байланысты «Қонеке, бұл азаматты мен жақсы білемін, тұрған бойы осы. Бөтен ой-пікірі жоқ, бітпейтін шаруашылықтың тіршілігі ғой, жөндеймін деп уәдесін беріп тұр. Сенейік, – деп хатшының «буынына» түсетін. Сөзіне әзіл-қалжың араластырып жіберетін. Райынан қайтқан Қонекең «Мақаңның сөзін естідің ғой, жұмысыңды жөнде» деп қаулысын қабылдайтын. Мақаңның тұлғасына сай жүрегі де үлкен әрі жұмсақ болатын. Біреуге жамандық ойламайтын, қолынан келгенше көмек беруге дайын тұратын. Мұндай қасиет сол кездердегі Мақаң секілді азаматтарға тән болатын. Ол ауданның жетістіктеріне қуанатын, кемшіліктеріне қиналатын.
Жақсы адамдардың жанында жүріп, лебізін тыңдаудың өзі – бақыт. Өзім қызметтес болған, тәрбиесін алған, бұл күндері арамызда жоқ, өзара әзілдері жарасқан ағалардың сөздерін еске алуды жөн көрдім.
Ауданды Қонекең басқарып тұрған сексе­нінші жылдардың басында қалыптасқан та­лапқа сай, тамыз айының алғашқы күндерінен бастап күріш кеңшарларының егісін екі басшы дақылды атыз бойы аралап, егінін өнімділігін анықтайтын. Содан соң айдың аяғына таман егін жинау науқанын өткізу, мемлекетке астық тапсыру жоспары жайлы ауданда келелі жиын өтетін. Баяндамашы – Мақаң. Барлық мәселелерге талдау жасалып, міндеттеме қа­был­данатын. 1984 жылдың 3 тамызында әлі есімде. Ол кезде мен «Аққұм» кеңшары партия комитетінің хатшысы едім.
Кеңшар директоры Сейітнәби Мұқашев ағамыз екеуміз күріш аралауға келе жатқан екі басшыны үлкен жолдың бойынан күтіп алып, таңғы сағат 6-да егіс аралауды бастап кеттік. Мен ізет сақтап, екінші көлікке отырып жатқанымда, Мақаң маған «Сен күрішті сепкеннен бастап, жаз бойы күрішті аралап, дамыл таппадың. Сәкеңе салмақ салмай, бұрынғы күріш еккен өндіріс бригадирі ретінде жолды көрсетіп, жағдаймен таныстырып отыр», – деді. Етжеңді екі ағаның ортасына қысылып-қымтырылып отырдым. Алдыңғы орындықта – Қонекең. Жолай бригадалардың егіс көлемін звеновод сушылардың аты-жөнін, қай кезде тұқым себіліп, суға бастырылғанын, үстеп қоректенуін, суының байланғанын, орақтың түсетін уақытын айтып келемін. Қонекең: «Мына жерден қанша өнім аласың?», – деп сұрайды. Мен өз межемді айтамын. (Сол жылы күріш бітік шығып, кеңшар алғаш рет мемлекетке жүз мың центнер күріш өткізді). Үлкен кісілер жол-жөнекей шаруашылықтардың егін жинау науқанын өткізу, елдің, халықтың жағдайына байланысты әңгімелер, арасында әзіл-қалжыңдарын айтып, көңілді келе жатыр. Қонекең кейбір алқаптарға келгенде көлікті тоқтатып аралайды. Біз де соңынан ереміз
1985 жылдың наурыз айының басы болатын. Түстен кейін Мақаң жұмыр денелі, орта бойлы жігіт ағасы болып қалған кісіні алдына салып кіріп келді. Ол кісіге мені таныстырды. Бұл кісі облыстық агроөндірістік бірлестігінің бастығы Нұртаза Ыбраев екен. Жақында облыстық партия комитетінің бюросында біздің ауданның мал шаруашылығының жағдайы қаралатындықтан, осы кеңшардың мал шаруашылығының жағдайымен, ет, сүт өндіру, төл алу, қолдан ұрықтандыру жұмысының барысымен танысатындығын айтты. Кеңшар директоры Сейітнәби ағамыз ауруханада. Мақаң үлкен бастыққа кеңшарда мал шаруашылығының жұмысы жолға қойылғанын, екі жерден сауын базасының бар екендігін, өткен жылы шаруашылық сүт, ет, төл алу жоспарларын орындағанын, бірінші тоқсандағы тапсырманың орындалғанын айтып, мәлімет берді. Мен де қосымша атқарылып жатқан шаруадан хабардар еттім.
Өткен кеңестік тоталитарлық жүйеде басшылық қызметтерде болған азаматтардың да жоғарыдан жасалатын әкімшіл-әміршіл зардаптарынан жандары қиналғанын жақсы білеміз. Сондай абзал жанды, ардақты азаматтың бірі – Мақсұт Әбдіразақов еді.
Мақсұт ағамыз Отаны мен халқына сіңірген еңбегі үш рет «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамотасымен және бірнеше медальдармен марапатталды. Жиырма жылдан астам облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болып сайлануы – азаматқа берген баға елдің артқан сенімі еді.
Осы – естелігімді жазу барысында Мақаң жайлы алдыңғы буын ағалар мен замандастары және қызметтестерінің жазған мақалаларынан хабардар болдым. Олардың абзал азаматтың қадір-қасиетін, адами тұлғасын, еліне, қоғамына сіңірген еңбегін досқа, халқына деген азаматтық борышын ақтаудағы сүйіспеншілігін жеткізе білгендеріне сүйсіндім. Мен де ағаның жерлес, үзеңгілес інісі ретінде ол кісінің азаматтық тұлғасы жайында айтуды өзіме парыз санадым.

Рысбай Кәрімов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы
16 маусым 2020 ж. 379 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930