» » Ел алғысына бөленген

Ел алғысына бөленген

Биыл дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толды. Бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ел басына күн туғанда майдан даласына Отан қорғауға аттанған қазақстандық 1 млн 2 мыңдай адамның қатарында жалағаштық жауынгерлер жаумен айқасып, ерлік көрсетті. Қанды қырғын шайқастар кезінде сан мыңдаған боздақтар қаза тауып, майдан даласында қалды. Бірақ ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сұрапыл соғыста кеудесін оққа тосып, Отанын қорғаған майдангерлердің есімдері ел жадында мәңгі сақталады. Жеңіс қарсаңында елімізде орын алған төтенше жағдайларға байланысты мерекелік шаралар ұйымдастырылмағанмен жеңісті жақындатуға атсалысқан тыл ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтарға құрмет көрсетілді. Қазір ауданда бір де бір соғыс ардагері жоқ. Дегенмен, ауданда Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген бір адам бар. Ол кісінің есімі аудан халқына жақсы таныс. Кешегі кеңестер одағы кезінде стратегиялық мақсаттағы ракета әскері құрамында қызмет етіп, ядролық қарудан сынақтар өткізу жұмыстарына қатысқан жалағаштық Рысбай Кәрімовтің ҰОС-на қатысқандарға теңестірілген еңбек ардагері екенін көпшілік біле бермейді.

1943 жылы Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген Рысбай аға соғыс жылдарындағы ауылдың жұтаң тірлігін көзімен көріп өсті. Белі қатпаған балаң жігіт еңбекке ерте араласып, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына араласты. Ауыл халқымен бірге мал бағып, егін екті, еңбекпен есейіп ер жетті. Әкесі Кәрім Сталинград шайқасына қатысып жауымен жан аямай шайқасты. Соғыс ардагері қан майданда жеңіске жетіп, елге мүгедек болып оралса да, жұмысқа бел шешіп кірісіп кетті. Ауыл шаруашылығын дамыту жолында жемісті еңбек етті.
Ата-анасының тәрбиесін көріп өскен ол 1960 жылы ауылдағы №31 орта мектепті бітірген соң колхозшы, аудандык №15 кәсіптік-техникалық училищеде жүргізуші болып жұмыс істеді.
1962 жылы Кеңестер Одағы қарулы күштерінің әскер қатарына алынып, Литва ССР-ның Каунас қаласында стратегиялық мақсаттағы ракета бөлімінде борышын өтеді. Ол 10 мың қашықтықтағы қарсыластарын 40-45 минут ішінде жоятын қару түрі болатын. Балтық бойындағы ормандармен мұхиттар жағалауында әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындауының нәтижесінде 1 сыныпты ракеташы атанды.
Стартегиялық мақсаттағы ракета әскерінің құрамында қызмет атқарған ол «Капустен Яр» атом сынақ алаңында ядролық ракеталарды сынақтан өткізу, залалсыздандыру жұмыстарына қатысқан ядролық саулелерді адам ағзасында сынаудан өткізген «Атом солдаты» екенін айтады.
Атпал азамат 1965 жылы елге оралған соң Қызылордадағы педагогикалық институттың Жаратылыстану факультетіне оқуға түсіп, химия-биология мамандығын алып шығады. 1970-1972 жылдары Жалағаш ауданындағы Таң кеңшарындағы №118 мектеп мұғалімі, мектеп директорының орынбасары болып еңбек жолын бастайды. 1973-1976 жылдары Карл Маркс ауылдық кеңесінде хатшы, 1976-1980 жылдары Калинин кеңшарында өндіріс бригадирі, агроном болып еңбек етеді. Өндірістен қол үзбей жүріп, Алматыдағы Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, «ғалым-агроном» мамандығын алады. 1981-1984 жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушы, 1986 жылдары Аққұм кеңшары партия комитетінің хатшысы, 1986-1998 жылдары аудан орталығындағы №15 кәсіптік-техникалық училищесінің директоры, 1998-1999 жылдары Жалағаш ауданы әкімдігінде бөлім бастығы, 1999-2000 жылдары аудандық жер инспекторы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы, 2000-2005 жылдары Бұқарбай батыр ауылының әкімі, Жалағаш кенті әкімі аппаратының бас маманы қызметтерін атқарды. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Рысбай аға ғалым агроном мамандығын меңгеріп, білімі мен білігін, күш-жігерін ауыл шаруашылығы саласын оның ішінде егін мен мал шарашылығын дамытуға арнады. Егістік жерлерді өңдеп инженерлік жүйеге келтіру, тұқым сапасын жақсарту жұмыстарына айрықша көңіл бөлді. Өмірлік тәжірибесі мен ізденісінің нәтижесін көріп қуанды. Аудан орталығындағы №15 кәсіптік-техникалық училищеге 12 жыл басшылық жасады. Осы уақыттарда оқу ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтып, ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлау жолында көп еңбек сіңірді. Одан кейін партия-кеңес органдарында жауапты қызмет атқарып, абыроймен құрметке бөленді. Адал еңбегінің арқасында ауылдық, аудандық кеңестерге бірнеше рет депутат болып сайланды.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Р.Кәрімовты аудан халқы қарымды қаламгер ретінде құрмет тұтады. Ол кісі өңіріміздегі өзекті мәселелер және ел тарихы, ел басқарған танымал тұлғалар мен еңбек адамдары, жастар тәрбиесі жайлы аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға материалдар жазып келеді. Әр жылдары жарық көрген кітаптарын оқырмандар жылы қабылдады. 2018 жылы Қызылордадағы «Ақмешіт баспа» үйінен басылып шыққан Р.Кәрімовтың «Ржеев қазанында қайнағандар» атты кітабы еліміздің батыс облыстарында жасақталған 101 атқыштар бригадасының тарихын қамтиды. Бұл кітапта Ұлы Отан соғында қазақ ұлтының өкілдерінен жасақталған 101 дербес ұлттық атқыштар бригадасының жорық жолдары баяндалады. Еңбекке бұрын еш жерде жарияланбаған құпия құжаттар мен деректер арқау болған. Сондай-ақ жазушының қаламынан туындаған «Жылдар, адамдар, тағдырлар», «Ерлер есімі – ел есінде», «Ағайынды Бозжановтар», «Өмірім – елімнің тарихы» атты кітаптары тарихи тың деректермен жазылған тағылымы мол дүниелер екені даусыз.
Өмірлік тәжірибесі мол ардагердің еліміздің келешегі үшін еткен еңбегі ескерусіз емес. ҚР Президентінің және облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен, арнайы дипломдармен марапатталған. Сондай-ак, бұдан өзге де мерекелік медалдары мен марапаттары жетіп артылады. Адал еңбегіне сенетін ардагер аға атақ-абыройға қызықпайды. Аудандық, облыстық әскери коммиссарият тарапынан растайтын құжаттары бола тұра мен «Атом солдатымын» деп кеуде керіп мақтанып, көпшілікке өзін-өзі насихаттамайды. Қаламгердің қарапайым қасиетін көріп тәнті боласың.
Шүкір, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Р.Кәрімов ұзақ жыл ұрпақ тәрбиелеген ардагер ұстаз Күлшара апа екеуі 6 баланы тәрбиелеп өсірді. Бүгінде солардан өрген немере-шөберелерін сүйіп, қызықтарын көріп отыр.

Серік Бертаев,
ардагер журналист


30 қыркүйек 2020 ж. 337 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930