КОМБАЙНЕР СЕРІК
Қос атызда сұлаған Сыр салысын жеп жатқан 3 комбайн Мәдениет ауылындағы егіс алқабында қызу жұмыстың жүріп жатқанын аңғартып тұр. Ауыл еңбеккерлерінің даланы дүбірге толтыруы биыл да жалағаштықтардың күзгі науқанда мерейі үстем болатынынан хабар беріп тұрғандай. Атызды әрлі-берлі шарлап жүрген комбайнның озық технология екені шалт қимылынан байқалады. Алқапта көне техника көзге шалынбайды. Соған қарағанда жергілікті «Жігер» шаруа қожалығы соңғы жылдары базадағы техникаларды жаңартуға басымдық берген сыңайлы. Не керек, еңбеккерлердің қызу жұмысынан басылымға қажетті бір-екі кадрымызды алып болғаннан кейін дала дарабоздарының бірін әңгімеге тартқанды жөн көрдік.
Комбайннан ентелей түскен Серіктің үстіндегі киімі мұнтаздай таза. Адамды бөліп-жарудан аулақпыз, біз енді бұрын ауылда шөп орып жүргенде атыз басында көрген ағаларымызбен салыстырамыз ғой. Сәкеңнің өзі айтпақшы осыдан-ақ саладағы бұрынғы жағдай мен қазіргі ахуалдың арасы айтарлықтай алшақ екенін тез аңғара қоясыз. Ауыл шаруашылығында 30 жылға жуық тәжірибесі бар Серік Ержанов бұл замануи техникамен күніне 80-100 тонна күріш жинайды екен.
Кейіпкеріміздің Самат Сарбасов басшылық ететін «Жігер» шаруа қожалығында жұмыс жасап жатқанына биыл алтыншы жыл. Шаруашылықта 3 жылдай бұрынғы «Енисей» комбайынын тізгіндеген механизатордың қазіргі астындағы техникасы одан еңбек өнімділігі бойынша едәуір жоғары қызмет атқаратын көрінеді.
Жылдың үш мезгілінде даланы дүбірге толтыратын Серік Ержановтың биылғы қорытынды жұмысқа білек сыбана кіріскені комбайынының шалт қимылынан байқалып тұр. Жұмыс талғамайтын шаруагер көктемде жер жыртса, жазда трактор тізгіндейді. Ал күзгі науқандағы қайнаған жұмысына өзіміз де куә болдық. Жергілікті шаруашылықпен болашағын байланыстыратын ол соңғы жылдары жасаған жұмысына қарай қосымша қомақты қаражатқа ие болғанын айтады. Саланың білікті маманы биыл да үлкен сыйақыдан үмітті.
– «Жігерде» жұмыс жасағаныма біршама уақыт болды. Осыған дейін мінген көне комбайнмен күніне 40-50 тонна күріш жинасам, қазір астымдағы жаңа техника еңбек өнімділігін еселеп отыр. 2017 жылы су жаңа техника мінгенімде қуанғаным рас. Себебі бұрынғы комбайннан ахау көп шығатын. Қазір мына көлікті тізгіндегеніме 3 жылдан асты, Аллаға шүкір, әлі бір сыр берген емес. Жалақымыз да жыл сайын өсіп жатыр. Одан бөлек әр еңбеккер жасаған жұмысына орай жыл қорытындысымен қосымша сыйақыға ие болады. Нәтижелі іс қылғаннан болар, өзім жұмысқа тұрғалы мұндай сыйақыны жыл сайын алып отырмын. Биыл да табанды еңбек етіп, жұмысымыздың жемісін көруге талап қылудамыз. Әлеуметтік жағдайымызға төраға қолдау көрсетпесе, бізге мұнда жұмыс жасап не бар?. Жалақымыз жоғары, жұмысымыз да жеңілдеп жатыр. Бізге барлық қолайлы жағдайды қалыптастырған басшымыз барда жұмыс жасаудан шаршамаймыз, – дейді Серік Ержанов.
Біз алқап басына барғанда Сәкең екі әріптесімен шаруашылықтың бірінші бригады жаздай баптаған күрішті жинап жатыр екен. Сары алтынды облыс орталығына жеткізетін жүк көлігі де дайын тұр. Бункер толған сайын механизаторлар кезек-кезек тіркемесін жеккен көлікке комбайынын босатып келеді. Адал еңбегімен алқап басына сән берген майталман мамандардың жұмысы қазір қызып жатыр.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ