» » ЕҢБЕКПЕН ЕҢСЕ ТІКТЕГЕН “БАЙТАБЫН”

ЕҢБЕКПЕН ЕҢСЕ ТІКТЕГЕН “БАЙТАБЫН”

Алқап басындағы егін жинау науқанын тәмамдаған Бұқарбай батыр ауылындағы “Байтабын” шаруа қожалығы бүгінде өз өнімдерін нарыққа шығаруға дайындап жатыр. Бұған дейін шикізатты егіс басынан тікелей облыс орталығына жеткізетін шаруашылық енді жаздай баптаған Сыр салысының сапасына қатты мән беруде.



2017 жылы күріш тазалайтын және жоғары сұрыпты тұқым әзірлейтін германиялық аппарат алғалы мұндағы өнімге де сұраныс артқан. Жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын озық технология қазіргі таңда шаруашылық шаруасының ширауына айтарлықтай қолғабыс болып отыр.
“Байтабын” шаруа қожалығының егін жинау науқанын жергілікті төрағалармен қатар бастап, ерте аяқтауының да өзіндік себебі бар. Өйткені жыл сайын базадағы техникаларды жаңартуға басымдық беретін төраға Сапар Мыханов бүгінде шаруашылыққа қарасты барлық техниканың орынын замануи әрі озық технологиялар басқанын айтады.


– Қазіргі таңда шаруашылыққа қарасты техникаларды жаңарту жұмыстары 100 пайыз аяқталды. Бұған басымдық беруіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі маңызды рөл атқарады. Ал ол үшін бірінші кезекте саладағы техникалар еңбеккерлерге қолайлы болуы керек. Біз бұл бағытта ауқымды іс тындырдық. Нәтижесін көріп отырсыздар, бүгінде атыз басындағы егін жинау жұмыстарының 90 пайызы тәмам. Бұрын күрішті егіс басынан тікелей облыс орталығына жүк көліктері арқылы жөнелтетін едік. Енді оны нарыққа шығармас бұрын сапасына мән берудеміз, – дейді төраға С.Мыханов.


Былтыр қамбасы алтын дәнге толған шаруашылық биыл 1500 гектарға жуық егіс алқабына Сырдың басты дақылын сепкен болатын. Күріштің тек “Лидер” сұрыпын еккен “Байтабындықтардың” биылғы орташа өнімі гектарынан 65-70 центнерден шықты. 130-ға жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған шаруашылық күріштен бөлек 600 гектар жоңышқа егіп, оның 3 орымын жинап алған.
Төраға тек саладағы жеке табысымен шектелмей ауылдың абаттануына да айқын басымдық беріп отыр. Қазір ауыл халқының әлеуметтік жағдайы жақсара бастаса, онда бұл жергілікті шаруашылықтың өзіндік қолтаңбасы бар. Себебі мұнда жұмыс жасайтын ауыл еңбеккерлері жоғары жалақыдан бөлек жыл қорытындысымен қосымша сыйақыға ие болады. Жұмысшылардың сөзінше бұл жыл сайын жалғасын тауып жатқан дәстүрлі шара көрінеді.


Айта кетейік, өткен жылы “Алтын дән – 2019” мерекесі қарсаңында шаруашылық төрағасы еңбеккерлеріне 5 жаңа жеңіл автокөлік үлестірген болатын. Әрине, мұндай сыйақыға тек мол өнім алу жолында табанды жұмыс жасағандар ғана қол жеткізеді. Мұндай шаралар шаруашылық еңбеккерлері жұмысының ширауына шабыт болары сөзсіз. Сондықтан төраға Сапар Мыханов дәстүрлі шара биыл да өз жалғасын табатынын айтып отыр.


– Әріптестерімнің әлеуметтік жағдайын бірінші кезекке қоямын. Себебі әлеуметтік жағдайы төмен адамның жұмысқа да ынтасы болмайтыны анық. Мұндағы жұмысшылардың айлығы да жоғары. Сондай-ақ жыл қорытындысымен берілетін қосымша сыйақының көлемі де қомақты. Былтыр межелі өнімге қол жеткізген 5 жұмысшыға сужаңа автокөлік кілтін табыс еттік. Мұндай шаралар биыл да өз жалғасын табады. Алда қазыналы қарттарымыздың төл мерекесі келе жатыр. Ардагерлер күніне орай шаруашылықта бұрыннан жауапкершілікпен табанды еңбек етіп келе жатқан 2 ардегерге жеңіл автокөлік табыстау жоспарымызда бар. Қазір салада біздің шаруашылық жұмысы бір ізге түсіп, табыс көзі артса, онда сол алдыңғы буынның қолтаңбасы бар. Сондықтан оларды да ескерусіз қалдыруға болмайды, – дейді Сапар Мыханов.
Еңбеккерлерге расында барынша жағдай жасалғанын қырман басындағы ауыл азаматтарының ширақ жұмысынан айқын аңғаруға болады. Төрағаның өзі айтқандай, олардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы жұмысында шаруасының ширауына шабыт болған сыңайлы. Әрқайссы өз ісінің кәнігі мамандары екені жұмысынан көрініп тұр. “Байтабынмен” байыпты бастамаларды қолға алған батыр атындағы ауылдың ісіне береке берсін.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ       
   
29 қыркүйек 2020 ж. 829 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 718

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031