НАШАҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМ ДЕРТІ
Қоғам дамыған сайын адамның өмір сүру дағдысы, әлемдік тепе-теңдік, тіпті адамзаттың өмірлік ұстанымдары да өзгеріске ұшырап жатады. Анығында, заманды өзгертетін де, жаңашылдыққа қадам басып, адами болмысты заманмен байланыстырып, басқа арнаға бұратын да сол адамзаттың өзі. Абай атамыз айтпақшы, «қарыны тоқтық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын» деген. Біздің айтпағымыз да осы бос уақытты пайдасызға жұмсап, не болмаса басқа түскен қандай да бір сынаққа әлсіздік танытып өз-өзін зиянға ұшырататындардың қатарының көбеюі.
Негізі қазіргі заманда біз алаңдайтын мәселелер аз емес. Ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті мәселелердің қатарында батысқа еліктеушілік, ғаламтордың шырмауы, желіге желімдей жабысу, ана тілге деген құрметсіздік, ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетіне жете бермеу секілді көңілдің көлеңкелі тұстары көп-ақ. Дегенмен жасөспірімдерді шырмауына шырмап, ақыл-есін түбегейлі билеп алатын нашақорлық дертінің кесірінен асқан өкініш жоқ шығар. Өйткені нашаға ауызданған адымның өзін-өзі тежеуге шамасы келмей, ес жиғызбас есірткінің басыбайлы құлына айналады. Сондықтан нашақорлықтың алдын алу, жасырын жолмен дамуына жол бермеу, қоғам болып күресу – аса қажетті шаралардың бірі. Жаман әдетке бой алдырған адамды бойындағы өзгерістен, мінез-құлқын күнделікті қадағалау арқылы қоршаған ортаға, айналасындағы адамдарға көзқарасын байқау арқылы білуге болады.
Мамандардың айтуынша нашаға бойұсынған адамның мінезі өзгеріске ұшырап, көңіл-күйі жиі төмендеп, себепсіз ашуға булығып, тұйықталып, жеке кеңістігін тарылтады. Ұйқысы бұзылады, күні бойы маужырайды, ойына келгенін істеп, өз дегенімен ғана жүріп-тұрады, мезгілімен демалудан қалады. Бұл дерттің тағы бір белгісі адам ағзасындағы өзгеріске байланысты бет-аузының көкшіл тартуы, көз астының ісінуі және тамырларындағы иненің іздері. Тамақтану, тамақ ішу уақыты да мүлдем өзгереді. Түптеп келгенде нашақорлықтың соңы адам өміріне балта шабумен аяқталуы ықтимал. Бақытсыздыққа душар ететін, өлімге итермелейтін нағыз қасіретті дерт. Мұндай сұмдықтың алдын алуда ата-аналардың әрекетінің маңызы зор. Яғни кез келген ата-ана балаларының, әсіресе өтпелі кезеңдегі ұл-қызының бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, олармен тығыз әрі ашық байланыс жасауда, сырттай әрқашан бақылауда ұстауға, мектеп қабырғасындағы, арнаулы орта оқу орнындағы араласатын ортасымен, ұстаздарымен байланыста болуда белсенділік танытуы керек.
Бұл ғасыр дертінің кең таралуын, жастардың есірткінің боданына түспеуінің алдын алуда ширақ әрі жүйелі шаралар қабылдануы тиіс. Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күресте болашақта жақсы нәтижеге жету үшін, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығының негізінде, ең алдымен нашақорлыққа қарсы қоғамдық корғаныс қабілетін, әлеуметтік иммунитетті қалыптастырудың маңызы зор. «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген ата-баба сөзінің астарын ұғынып, жас буынның жарқын болашағы үшін, елдің келешегі үшін бүгіннен алаңдасақ, отбасынан бастап жаман әдеттерден аулақ болуға баулысақ, дені сау ұрпақ қалыптасары анық. Ең бастысы перзенттің міндеті ата-ана үмітін ақтау, лайықты білім алып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасу болса, аға буынның мақсаты – қоғамға пайдалы азаматты, жан-жақты, салауатты, сауатты адамды тәрбиелеп шығару. Бұл ретте ең алдымен бала үшін ұстаздар қауымының да қосар үлесі зор. Мектеп қабырғасындағы әрбір жасөспірімнің психологиялық жағдайын танып білу арқылы дер кезінде әрекет ете алу, баланың жақсы қабілеттерін дамытып, кемшін тұстарын жөнге келтіру де мұғалімдерге жүктеледі. Үйдегі ата-ана тәрбиесінің жалғасы ұстаздардың тәрбие тағылымымен ұштасуы қажет. Біз де алдымызға келген әр оқушының келешекте тұлға болып қалыптасуына, үлкен өмірден өз орнын табуына, салауатты өмір салтын ұстанатын азамат болуына күш-жігерімізді жұмсаймыз. Қоғамды алаңдатқан нашақорлыққа қарсы шараларды, түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырамыз. Балалармен де кездесулер, жиындар өзкізіліп тұрады. Осындай шаралардың алдағы уақытта баланың санасында жақсылыққа бастайтын адами қасиеттердің өркен жаюына септігін тигізетінін білеміз.
Алма Шәкірат,
№124 орта мектептің мұғалімі