» » ДЕНІ САУ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

ДЕНІ САУ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

Кез келген елдің болашағы оның халқының денсаулығымен тікелей байланысты. Дені сау ұрпақ қалыптастыру – ғасырлар бойы жалғасатын, ешқашан күн тәртібінен түспейтін басты мәселе. Қашанда ел үшін алаңдайтын, замана көшіне ілесе алатын, білікті де білімді, бәсекеге қабілетті және жаман әдеттерден аулақ ұрпақ болашағынан үміт күттіретін тұлға деуге болады. Дегенмен қоғамда алаңдауға тұрарлықтай мәселелер жоқ емес. Оның ішіндегі ең қиыны «Қара нарықтағы» есірткі айналымының түбегейлі толастамай тұрғаны.

Жасөспірімдер мен жастар арасындағы нашақорлық мәселесі бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазір әлемде есірткіні тұтыну көрсеткіші артуда. Жалпы нашақорлық – бүкіл қоғамға төнген қауіпті індет десе де болады. Негізі нашақорлық – есірткіге, дәрі-дәрмектерге деген ауыр тәуелділік. Барлық дәрі-дәрмектер мүшелер мен тіндердің жүйелеріне әсер ететін у болып табылады. Адамның орталық жүйке жүйесіне, ми, жыныс жүйесі, бауыр және бүйрегіне орасан зиян келтіреді. Нашақорлар стерильді емес шприцтерді қолданатындықтан, олардың арасында қан арқылы берілетін аурулар жиі кездеседі. Оның ішінде СПИД, гепатит және басқа да жұқпалы дерттер. Елдегі жұқпалы аурулардан қайтыс болатындардың дені осы есірткілік заттарды пайдаланатындар. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, бір ине арқылы бірнеше адам екпе қолданып, қауіпсіздік жағына мән бермейді. Салдарынан бір адамның қанындағы жұқпалы індет ине арқылы бірнеше адамның қанына өтіп кетеді.
Нашақорлықтың алдын алу ерте жастан басталуы қажет. Яғни жасөспірім есірткі заттарының барлық түрлеріне түбегейлі қарсы болса, өз ортасындағы қызығушылық секілді әдеттерге ермесе және үлкендер тарапынан әрдайым бақылау қатаң болса, есірткілік заттардың адам өміріне зияны туралы кеңінен ақпарат беріліп отырса, онда жастар арасындағы жағымсыз көріністен алшақ болуға мүмкіндік туады. Кәмелетке толмағандар мен жастардың есірткі және басқа да психобелсенді заттарды пайдалануы түптеп келгенде ұлттың тектік қорына, тұтастай алғанда қоғам мен мемлекеттің дамуына қауіп төндіреді. Есірткімен күресу адамзат ұрпағының бүгінгі таңдағы басты мәселелерінің бірі екені даусыз. Сондықтан онымен күресу, одан сақтану, адамзат бойын есірткіден аулақ ұстау, салауатты өмір салтын ұстану – адамзат ұрпағының келешекке жетелейтін ұстанымы.
Біз ұстаздар қауымы да қашаннан алдымызға білім алуға келген әрбір оқушының келешекте қоғамға пайдалы азамат болуына, білім биігінде еркін самғайтын жан-жақты болуына, сондай-ақ жаман әдеттерден бойын аулақ салып, әрқашан салауатты өмір салтын ұстануына күш саламыз. Бұл ретте жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, басқа да мәдени ұйымдарға тарта отырып, олардың бос уақытын кіммен, қалай өткізетініне ерекше назар аудару қажет деп есептейміз. Бұл жерде ата-аналар қауымы үшін де басты назарда болатын жағдай – жастардың бос уақытының тиімді ұйымдастырылуы және ата-ана тарапынан үзілмейтін байланыс пен қатаң бақылаудың болуы.
Жалпы елімізде есірткіге қарсы заң күшейтіліп, қатаң бақылауға алынған. Дегенмен сіз бен біз болып келешек ұрпақтың саулығы үшін күрессек, бұл індетті еңсеруге үлесімізді қосар едік.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялағаны белгілі. Осы ретте аудан мектептері, жасөспірімдер мен ерікті жастар нашақорлық пен дәрілік заттарға тәуелділігінің алдын алуға бағытталған үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Барлығымыз есірткіден бойымызды аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануға талпынсақ, егемен елдің келешегі кемел, болашағы жарқын болмақ.

Ғайни Төлегенова,
Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің биология пәні мұғалімі


23 қараша 2020 ж. 1 507 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930