» » Елбасы және Сыр елі

Елбасы және Сыр елі



Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басып келеміз. Тарихи тұрғыдан бағамдасақ, бұл көп уақыт емес. Десек те, іргетасын бекітіп, негізін қалаған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен тәуелсіз Қазақстан мемлекеті дүниежүзілік картада өз орнын қалыптастырды.
Тарихты қашан да тұлғалар жасайтыны белгілі. Әлемдегі әр халықтың өз дәуірлеу тарихы болса, сол кезеңде басшылық еткен тұлғаның да істеген ісі мен ізі қалады.
Осы орайда, бүкіл түркі әлеміне ортақ тарихи тұлға, философ, абыз Қорқыт атаның «Ауыр жүктің мехнатын тұғыр емес, тұлпар білер» деген тәмсілі тәуелсіз еліміздің жүріп өткен жолындағы кез­дес­кен қиындықтар мен күр­делі кезеңдер кемеңгер Көш­басшының ерекше қажыр-қайратымен еңсерілгенін ай­қындай түседі.
Тарих болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі. Тұңғыш Президент күні ме­рекесінің бекітілуі де – ха­лықтың Елбасына деген шы­найы құрметі мен ыстық ықы­ласының белгісі.
Тәуелсіздіктің алғашқы қалыптасу жылдары ешкімге де оңай тимегені рас. Әсіресе, Елбасы «Алаштың анасы» деп атаған Сыр елі әлемдік проб­ле­масымен жеке-дара қал­ғандай кезең туған еді.
Кезінде жал-жал толқыны жағаға ұрған Арал теңізі планетамыздағы ең үлкен теңіздердің қатарында болғаны белгілі. Суы тартылып, апатқа ұшырағанға дейін қойнауы бағалы балыққа бай, жағасы қоғалы, қамысты су айдыны еді. 1960 жылдардан бас­тап Арал аймағын игеру қолға алынып, Сыр мен Әму бойындағы мемлекеттердің игерілетін жер көлемі еселеп ұлғайып, халқының саны артты, қажеттілік те көбейді. Екі өзен бойында суды қажет ететін күріш, мақта дақылдарының қарқынды дамуынан Аралға құйылатын су мөлшері азайды. Судың тұздылығы артты. Тыңайтқыштарды, химиялық препараттарды толассыз пай­далану салдарынан Арал өңірі экологиялық апатқа душар болды.
Бұл адамзат баласының қолдан істеген қателігі ретінде әлемге танылды. Мәселелер тек экологиялық күрделі жағ­дайға ғана емес, әлеуметтік-эко­номикалық дамуға да қатысты еді. Жергілікті тұр­ғын­дардың жаппай көшуі бас­талды. Балықшылар Қапшағай, Балқаш, Каспий сияқты өзге аймақтарға кете бастады.
Тәуелсіздік жылдары ішін­де Арал проблемасына және оның адамзатқа тигізген зардабына үлкен мән берілді. Елбасының қолдауымен 1992 жылы 30 маусымда «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң күшіне енді. Осы заң бойынша Қызылорда облысы ғана емес, экологиялық дағдарыс жағдайына жақын­даған аймаққа Ақтөбе облы­сы­ның Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар (бұрынғы Мұғалжар ауданының елдi мекендерi шекарасының шегiнде), Темiр аудандарының, Түркiстан об­лы­сының Арыс (оның iшiнде Арыс қаласы), Отырар, Созақ, Шардара аудан­дарының, Түр­кiстан қаласының және Кентау қаласының Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Ораңғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерінің, сондай-ақ Қара­ғанды облысының Ұлы­тау ауда­нының (бұрынғы Жез­қазған облысының Жездi ауда­нының елдi мекендерi шека­расының шегiнде) аумақ­тары кiрдi. Бүгінде бұл заң Арал маңы халқының әлеуметтік мәселелерін жақсартуға ай­тарлықтай үлес қосып келеді.
Орталық Азия елдерінің басшылары 1993 жылдың 26 наурызында Қызылорда қаласында өткен саммитте бас қосып, Арал теңізі және Арал маңын экологиялық сауықтыру, аймақтың әлеуметтік-эко­но­микалық дамуын қамтамасыз ету мәселелерін шешуде бір­лесе қызмет ету туралы мә­лімдеме қабылдап, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бас­та­масымен Халықаралық Арал­ды құтқару қоры (ХАҚҚ) құрылды.
Ел ертеңіне сенген Елбасы – Аралды сақтап қалу мақсатында ғасыр жобасы атанған – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы жөнінде тарихи шешім қабылдады. Мұны қазір саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да өте көрегендікпен жасалған шешім деп айтуымызға әбден болады.
Осы ретте, Мемлекет бас­шысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қа­сиетті Арал топырағында тұрып «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі Арал халқының жүрегіне берік орнықты.
Бүгінгі күні балық шаруа­шылығы қайтадан облыс эко­номикасының маңызды саласының біріне айналды. Кетіп қалған балықшылар туған жеріне қайта оралып, ата кәсібін жандандырды. Жобаның (САРАТС-1) бірінші кезеңін іске асырудың нәтижесінде Арал теңізіндегі балықтың көп­теген биологиялық түрі қалпына келтірілді. Осы уақыт ішінде өңірде балық аулау көлемі 20 есеге, 400-ден 8 мың тоннаға дейін ұлғайды. Қазір теңізде 24-тей балық түрі бар.
Арал балығы Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде, тіпті Еуроодақ елдерінде де танымал, олардың ішіндегі ең құндысы – мұртты табан, сазан, ақмарқа, табан, жайын, көксерке, қаракөз, шортан, алабұға.
Бүгінде өңірде 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді, олардың  4-інде Еурокод бар. Соңғы 5 жылда балықты қайта өңдеу 14%-ға, ал оның экспорты 2,5 есеге өсті. Балық өнімдері таяу және алыс шетелдің 14 еліне – Ресей, Грузия, Беларусь, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Гер­мания, Польша, Қытай, Чехия, Нидерланды, Аустрия, Данияға экспортталады.
Өңірдің балық саласының әлеуеті жоғары. Арал теңізі, Сырдария өзені, 207 балық шаруашылығы су айдыны – мұның бәрі аквамәдениет өсіруде пайдаланылады.
Биыл Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамы­тудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жасалды. Бұл тауарлық балық көлемін 34 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Өткен жылы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елбасының бастамасы бо­йынша «Сырдария арнасын рет­теу және Арал теңізінің сол­түстік бөлігін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. Осы жобаның және Көкарал бөге­тінің арқасында Кіші Аралдағы су қалпына келді. Мәселелер мұнымен шектелмейді. Көк­арал бөгетінің төменгі жағын Сырдария ағыны бұзып жатыр. Дереу қолға алмасақ, Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін. Осы уақытқа дейін жиналған 27 млрд текше метр су зая кетпеуі керек», деп Үкімет пен әкімдікке тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Осы жылдың мамыр айында Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігі өкілдерімен бірге Арал ау­да­нына барып, Көкарал бөге­тінің жұмысымен танысып, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу мен Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасының ІІ фазасын іске асыру мәселесін, Көкарал бөгетінің жұмысын қалпына келтіруді талқыладық. Бұл бағытта жұмыстар бас­талып кетті.
Осылайша, балық кәсібі жанданған Сыр елі Қазақстанды ғана емес, шет мемлекеттерді де қамтамасыз етуге мүмкіндігі мол өңірге айналды.
Тұңғыш Президентіміздің көрегендігі мен дер кезінде жүзеге асырылған саяси эко­номикалық реформалар ар­қылы Қазақстан эконо­ми­касын түзеп, тығырықтан шықты. Шұғыл бетбұрыс басталды. 2000 жылдың ба­сында Еуропа қауымдастығы, ал 2002 жылы Америка тара­пынан Қазақстан нарықтық экономикасын қа­лыптастырған ел ретінде та­нылды.
АҚШ-тың аты аңызға айналған Президенті Джордж Буш (үлкені): «Сіздің қиын-қыстау кезеңдердегі ұстанған саяси және экономикалық реформаларыңыз – әлемдік саясаттағы үлкен жетістік деп білеміз» – деп үлкен құрметпен жазуы сөзімізді дәлелдей түседі.
Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы эко­но­миканы дамыту мен инвес­тиция тарту мәселесі ел да­мыған сайын маңыздылығын жоймайды, керісінше, әрбір күрделі кезеңде соған қайта оралып, ісімізді пысықтап келеміз.
Осы ретте, биыл сынаққа айналған пандемия кезеңі бізден жұмысымыздың ба­ғы­тын өзгертуді, дұрыс үй­лес­тіруді талап еткені белгілі. Өңірімізде, елімізде ғана емес, әлемде экономика дағдарысқа ұшырады. Осы кезеңде жұ­мысты дұрыс үйлестіре біл­месек, одан шыққан уақытта тіпті дағдарып қалуымыз әбден мүмкін.
Сол себепті, агломера­ция­лық тәсіл негізінде қызмет түрлері бойынша саралау ар­қылы облыстың 2023 жыл­ға дейінгі экономикалық кар­тасын әзірлеп, оның шең­берінде бизнеске 4600-ден астам тұрақты жұмыс орын­дарын құруға мүмкіндік бере­тін жалпы сомасы 270 млрд теңгеден асатын 265 жобаны іске асыруды жоспарладық.
Қазіргі таңда аймақ өңірлік экономиканы әртарап­тан­ды­руды жалғастыруда. Ин­дус­трияландыру бағдар­ла­ма­сының үшінші бесжылдығы аясында облыста 554 млрд теңге қаражатқа 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын 26 жоба іске асуда. Олардың ішінде шыны, кальцийленген сода, пластик шыны және сорғы-компрессорлық құ­быр­лар шығару, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру, ет комбинаты, құс фабрикасы бойынша өндірістер құруға бағытталған экспортқа бағдарланған индустриялық жобалар бар. «Арал тұз» АҚ-да ас тұзын өндіру бойынша 3 испан цехын құру, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында кен байыту комбинатын салу, кварц құмдарын байыту бойынша жобалар іске асырылуда. Тек осы жобалар аясында өңір экономикасына 25 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарланып отыр.
Елбасы айтқан жалпыға бірдей еңбек қоғамының идея­сы – әрбір адам еңбек етіп, отбасының нәпақасын табуы қажет.
Осы орайда, бизнеске көп­балалы аналар да тартылуда. «Еңбек» бағдарламасы бо­йынша бизнес-идеяларды іске асыруға 602 көпбалалы ана грант алды.
Карантиндік ­шектеулер кезінде шамамен 54 мың кәсіпкер салық жеңілдік алды, 5 мыңнан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру, 9 мың сауда алаңы 700 млн теңгеге жуық сомаға жалдау төлемін төлеуден босатылды, жыл соңына дейін мемлекеттік меншікті жалға алатын 194 шағын және орта бизнес субъектісі де босатылмақ.
Мемлекеттік бағдар­ла­ма­ларды іске асыру нәти­же­сінде жыл басынан бері 19 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, оның 14 мыңы – тұрақты жұмыс орны. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 277 инфра­құ­рылымдық жобаны іске асыру арқылы 9,5 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталуда.
«Еңбек ер атандырады» демей ме халқымыз. Сындарлы сәттерде де сағы сынбаған еңбекқор Сыр халқының үлгісіндей Абзал ­Ералиев пен Юрий Пя Тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ерлері екенін осы жерде мақтанышпен атап өтсем деймін.
Қызылорда облысы күріш өндіруші аймақ ретінде белгілі. Биыл күріштің әр гектарынан 61,8 центнерден өнім алынып, қамбаға 550 мың тоннадан астам өнім жиналды, жоғары көрсеткішке жеттік. Күріш да­қылдарын тұрақтандыру және суды аз қажет ететін дақыл­дарды кеңейту туралы шешім қабылданды. Қазіргі заманғы суару жүйелеріне: аквагельдерге, жаңбырлату, тамшылау жүйелеріне назар аударылады. Жаңақорған ауда­нында алғаш рет аквагельдерді пайдалана отырып, күздік бидай 80 гектарға егілді, гектарына орта есеппен 18 центнерден өнім алынды.
Сыр елінен алғаш рет Германияға 420 тонна қамыс, Ресейге қызанақ пен мұз­датылған көкөніс жөнел­тілді. Әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды.
Қазіргі таңда көгілдір отын­сыз жайлы тұрмысты көз­ге елестетудің өзі қиын. Тіпті мемлекеттің болашағы да көп жағдайда осы саланың дамуымен байланысты десек болады.
Осы ретте, Елбасы тапсыр­масымен 2014 жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магис­тра­льдық газ құбырын салу жобасы іске асты, оның 846 шақырымы Қызылорда облысы арқылы өтеді. Бұл ауқымды жобаны осы жылдар ішінде іске асыру Қызылорда, Байқоңыр қалаларын және облыстың 7 аудан орталығының 4-ін газдандыруға мүмкіндік берді.
«Қараөзек» қуатты газ компрессорлық стансасы са­лынды, ол Нұр-Сұлтан қала­сына газ құбырының құры­лысын бастауды қамтамасыз етті.
Елді мекендерді газдандыру – Елбасы көтерген бес бастаманың бірі. Осы орайда, биыл төтенше жағдай режімі мен шектеу шараларына қарамастан, 5 мыңнан астам адам тұратын Арал ауданының Жақсықылыш кентіне газ берілді. Жыл соңына дейін қалған 3 аудан орталығының (Жосалы, Жалағаш, Терең­өзек) тұрғындары мен тұрғын­да­рының жалпы саны 50 мың адам болатын Жаңақазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев, Шиелі ауданындағы Байсын елді мекендеріне газ беру жос­парлануда. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың соңына дейін халықтың 70%-ы табиғи газға қол жеткізе алады.
Қызылорда облысы – Қазақ­станда ғана емес, Орталық Азияда ғарыштық кешен орна­ласқан стратегиялық ма­ңызы бар өңір. Ғарышты игеру бүгінде өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналғаны анық.
Елбасының қолдауымен 1991 жылы 2 қазанда Бай­қо­ңырда алғаш рет қазақ Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанды. Бұл еліміздің ғарыштық әлеуетін дамытуға серпін берді. 1993 жылдың ақпан айында Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен отандық ғарыш саласын дамытатын өкілетті мемлекеттік орган құрылды. 1994 жылы Қазақстан мен Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу мен қалпына келтіру мақсатында мемлекетаралық келісімге қол қойылып, елдегі ғарыштық құрылымдардың инфрақұрылымы жүйеленді. Содан бері Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтер қазақ баласының ғарышқа ұшу ғана емес, ғарышта ғылыми зерттеулер жүргізу арманына жол ашып берді.
Байқоңырдағы қазақс­тан­дық азаматтарға жағдай жа­сауға енді көңіл бөліне бастады. 30 жылда алғаш рет «Нұрлы жер» бағдарламасымен өткен жылы бес 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен бірге 2021 жылы тағы да пәтерлер салынып, су жүйесі жаңғыртылады.
Саяси қайраткерлер өмі­рін зерттеушілер Тұңғыш Пре­зи­дентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың тарихи тұлғасын зер­делеуде оның ең әуелі ішкі тұрақтылықты және халықтың бірлігі мен келісімін қамтамасыз ете алуы мемлекетті жаңаша қалып­тастыру ісінде зор рөл атқар­ғанын алға тартады.
Егемендіктің бастапқы жылдарында мемлекет құрушы қазақ халқының саны 40% ғана болуы тәуелсіздікті қолда нық ұстап қалуға едәуір қауіп туғызғаны ақиқат. Елімізді мекен еткен барша ұлыстарға ортақ болашақты бірлесе қалыптастырмай тағдырласа өмір сүру мүмкін емес екенін, заманауи қуатты мемлекет құру жолында жұмылған жұдырықтай бірге еңбек ету қажеттігін сөз жүзінде айтып қана қоймай, іс жүзінде дәлелдеп берді.
Расында, Елбасы ешбір мемлекетте болмаған бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, этносаралық қатынастарды же­тілдіруде жемісті істерге жол ашты. Осы жылдар ішінде ҚХА өзінің басты міндетін нәтижелі орындады: қоғамдық-саяси тұ­­рақ­­тылықты қамтамасыз етті және мемлекеттік құры­лым­­­дар мен азаматтық инсти­туттардың этносаралық қа­тынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттырды.
Қызылорда облысында 35 этнос өкілі (815 мыңдай адам) тұрады. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанында 11 этномәдени бір­лестіктен басқа бірнеше құрылым бар. Олар коро­навирус инфекциясымен кү­рестің шарықтау шегінде халыққа қайырымдылық ша­ра­ларын толассыз ұйым­дастырып, медицина қызмет­керлеріне материалдық және қаржылай көмек беріп, 460 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Маусымдық жұмыс барысында бұл көрсеткіш 1300-ге жетті. ҚХА мүшелері Арыс қаласындағы апат пен Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де ел бірлігінің үлгісін көрсетті.
Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген сөзі ісімізді қуаттай түседі.
Азаматтық қоғамның ажы­­рамас бөлігі – еріктілер. Қызыл­орда облысы республика бойынша осы жылдың басында алғашқылардың бірі болып 700-ге жуық еріктіні біріктіретін «Сыр еріктілері штабын» құрды. Сыр волонтерлары пандемия кезеңінде 1000-нан аса шара ұйымдастырды, көмекке мұқтаж жандарға 11 баспана салып берді.
Елбасының тапсырмасымен «Birgemiz Qyzylorda» өңірлік қоры арқылы 24 мыңнан астам отбасына 50 мың теңге (1,2 млрд теңге) көлемінде көмек көрсетілді. Ал 12 мыңнан астам отбасына азық-түлік пен тұрмыстық техника алуға 129,8 млн теңге бөлінді.
Көз ілеспес шапшаңдықпен даму үстіндегі жаһандану дәуірінде ұлттық жадымыз бен ел тұтастығын, рухани қазыналарымызды сақтап қалу – аса маңызды. Осы орайда, Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары елі­міздің қоғамдық-саяси өмі­ріндегі маңызы зор оқиға ғана емес, ұлттық мүдденің ұлы мұраттарын айқындайтын жаңа идеологиялық тұжырымдама ретінде танылды.
Сыр елі қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүріміз сақталған мекен екені баршаға мәлім. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, Сырдың қасиетті жері бүкіл қазақ халқының тарихи өлшемі болып табылады. Бұл өңірде данагөй абыз Қорқыт ата дүниеге келді, бұл жер – Шығыс өркениеті орталығының бірі, Түркі мәдениетінің алтын көмбесі. Арал өңірінде мем­лекеттіліктің қалыптасу та­рихы туралы көптеген деректер сақталған. Қызылорда облы­сының аумағында әр дәуірде төрт бас шаһар: Сақ мемлекетінде – Шірік-Рабат, оғыздарда – Жанкент, қыпшақтар, Ақ Орда және Қазақ хандығында – Сығанақ, ал Кеңес тарихында қазақ атауы қайтарылған Қызылорда Қазақ АКСР-ның алғашқы астанасы болып қалды.
Бұл ретте, барша түркі жұртының данасы, ұлы ойшыл, ғұлама Қорқыт атаны әлемге таныту мақсатында Сыр елі халқының ұсынысы Елбасы тарапынан әрдайым қолдау тауып отырғанын айтуымыз керек. Осылайша, 2018 жылы ЮНЕСКО-да «Қор­қыт ата мұрасы» ғаламдық мате­риалдық емес мұралар тізіміне енгізілді, бүкіл әлемге танылды.
Биыл еліміз үшін де, өңіріміз үшін де айшықты оқиғаларға толы жыл екені белгілі. Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің – 1150, Ұлық ұлыстың – 750, хакім Абай Құнанбайұлының – 175, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдық мерейтойлары өңірімізде жоғары деңгейде аталып өтілуде. Жыл басынан бері осы мерейтойлар аясында 2 мыңға жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
Мерейтойлық шаралардың ішінде шоқтығы биік өнер туын­дысы – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы Сыр жерінде алғаш қойылды.
«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында ежелгі Бәбіш-Мола, ортағасырлық Сортөбе, Жанкент, Сығанақ, Қышқала, Асанас қалашықтарында Сақ дәуірінен бастап Қазақ хан­­ды­ғына дейінгі тарихи кезең­­дерді қамтитын тарихи-архео­­логиялық зерттеулер жүр­гізілді.
Бұған қарап, Тұңғыш Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың «Тә­уел­­сіздік жылдарындағы же­тіс­тікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі қасиетті Сырдың заманауи келбетін айқындап тұрғандай көрінеді.
Елбасымыз айтқандай, «Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын бол­сын!».
Тәуелсіздігімізге ешкім сы­на қақпасын, тұғыры мәң­гілік берік болсын!
Елі сүйген, елін сүйген кемеңгер Елбасымыз аман болсын!
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қызылорда облысының әкімі
01 желтоқсан 2020 ж. 13 616 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930