Әсел БЕРІКҚЫЗЫ, кәсіпкер: «Сән әлемінің құпиясы мол»

Міне, ашылғанына бір жарым жыл болса да көпшіліктің ықыласына бөленіп, талғамы мен талабына сай қызмет көрсетіп жүрген «Әсел Берікқызы» сән салоны әйелдер қауымының құрметіне ие болып үлгерді. Сән орталығын ашқан Әсел Берікқызының айтуынша, ол бұған дейін көптеген тәжірибелі мамандардан дәріс алып, алған тәлімін өзі баулыған сәнгерлерге үйретіп келеді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы үстемақысы жеңілдетілген несие алған Әсел кәсіп көзін кеңейтіп, бүгінде 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.
–Менің ойымша кез келген адам өз мақсатына жету үшін қажымай-талмай еңбектену керек. Жыл сайын сән әлемінде таңғажайып жаңалықтар болып жатыр. Соларды ғаламтордан үнемі бақылап отырамын. Сосын біртіндеп тәжірибемізге енгіземіз. Сән әлемінің құпиясы мол. Сол құпияны ашып, нәзікжандылардың бет әлпетін әрілеп, бүкіл сұлулығын ашуға тырысамыз. Санитарлық талаптарға қатты мән беремін. Әр тұтынушымен жұмыс жасағанда оның денсаулығына кінарат келмеуі тиіс. Менің қарамағымдағы қыздар бұл жөнінен бесаспап. Бетті әрілеу, қастың пішімін өзгерту, шаштың түрлі үлгісін жасау, тырнақты сан түрлі нақышпен әдемілеу біздің шебер қыздардың күнделікті кәсібіне айналған. Оларды түрлі курстарға оқуға жіберіп, жаңа қырынан танылуына жағдай жасаймын. Бірінші ашылғанда 4 қызбен бастаған болатынмын. Қатарымызға 3 қыз қосылды. Бұл біздің жұмысымыздың алға басып келе жатқаны деп ойлаймын. Тұтынушылардың талғамы өсіп келеді. Соған лайық мінсіз қызмет жасауға дайынбыз, – дейді салон иесі.
«Әдемілік әлемді құтқарады» деген керемет сөз бар. Табиғаттың шебер туындысы гүлге теңескен әйелдердің ажарына нәр берген сұлулық салонының жұмысы сәтті болсын деп тілейік. Ал ажарына ақылы сай аруларымыздың нұр жүзінен әркез күміс күлкі төгіліп тұрсын.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА