ЕСІРТКІ БОЛАШАҚҚА БАЛТА ШАБАДЫ
Отбасы – шағын мемлекет, тәрбие бастауы. Бала ұяда көргенін ұшқанда ілетінін ескерсек, балаға ата-ананың да, мектептің де берері мен үйретері өте көп. Бес жасқа дейін патшадай сыйлап, он бес жасқа дейін құлша жұмсап, он бес жастан кейін досыңдай сырласуды өсиет еткен бабаларымыз тәрбиеге үлкен көңіл бөлгені баршаға аян.
Нашақорлыққа, есірткіге әуестік көбінесе жастар арасында орын алатыны сондықтан. Оған қарсы іс-шаралар өткізіліп, оның салдары мен зияны туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазғанмен, «атса мылтық өтпей, шапса қылыш кеспей», жегі құрттай дендеп келе жатыр. Нашақорлықтың құрығына әркім әртүрлі себеппен түседі. Біреу өмірде ешқандай қиындық көрмегендіктен, бос уақытында немен айналысатынын білмегендіктен, ата-ананың қадағалауынан тыс қалғандықтан келсе, біреу басына түскен ауыртпалықты, отбасы тауқыметін осы жолмен жеңемін деп ойлайды. Бірақ осы жолға түскен жастардың дені көбіне алаяқтықтың құрбаны болып жатады. Есірткі тасымалымен айналысатындар оң-солын танып білмеген жастарды өз мақсатына пайдаланып, нашақорлыққа итермелейді. Ана сүті аузынан кетпеген уыздай жас өрендер «бір тартқаннан ештеңе бола қоймағанына» көзі жеткен соң басын арашалай алмай қалатынын алғашында сезбейді. Олар есірткінің адам организміне, одан кейін қоғамға тигізер зияны ұшан-теңіз. Ол ең алдымен адамның жүйке жүйесіне әсер ететіндіктен, нәтижесінде психикалық ауруға әкеп соғады. Соның салдарынан түрлі қылмысқа да барады. Қоғамда зорлық-зомбылық, суицид, кісі тонау, өлтіру деректерінің орын алатыны да сондықтан.
Ұстаздарымыз бен ата-аналарымыз біздің жаман әдетке бой алдырмауымыз үшін есірткінің салдары туралы үнемі айтып, оның опа бермесін ұқтырып, нақты мысалдар келтіріп отырады. Бос уақытымызды кіммен, қалай өткізетініміз, немен айналысатынымызды ата-анамызды хабардар етіп отыруға тиіспіз. Өйткені ата-ана мен баланың арасында мықты байланыс болса жастардың теріс жолға түсуінің алдын алуға болады. Біз білім алатын білім ошағында ұстаздар, мейірбике апайдың ұйымдастыруымен үнемі нашақорлыққа қарсы іс-шаралар, акциялар өтіп, сауалнамалар алынып тұрады. Мектеп жастары салауатты өмір салтын ұстанған адамның зиянды әрекетке ешқашан бармайтынын білеміз. Сондықтан мектептегі спорттық шараларға белсенді түрде қатысып, салауатты өмір салтын ұстанып, бойымызды жаман әдеттерден аулақ ұстауға тырысамыз. Біз жастар ата-аналар, ұстаздарымыз тарапынан берілген тәлім мен тәрбиені бойымызға сіңіре білсек, жаман әдеттің шырмауына түсіп қалудан сақ болар едік.
Есірткінің салдарының қандай болатынын, оны қолданған адамның, есірткі бизнесімен айналысқан адамның жолы ұзаққа бармайтынын, естіп-біліп отырғандықтан өзім қатарлас жастарға нашақорлықтың шырмауына түсіп болашаққа балта шаппау үшін, әрдайым ата-ана, ұстаздармен тығыз байланыс орнатуға шақырамын. Бұл жолда бізге ата-аналарымыз, ұстаздарымыз және өзіміз дұрыс таңдай білген достарымыздың әсері болатынын естен шығармайық.
Шакира МУБАРАК,
№124 орта мектептің 9 сынып оқушысы
ОПД ЕҚҚІҚБ
тарапынан жарияланған сайысқа
#УПНДПКЗО