» » КӨРМЕС, ТҮЙЕНІ ДЕ КӨРМЕС

КӨРМЕС, ТҮЙЕНІ ДЕ КӨРМЕС

Малсыз қазақтың күні жоқ. Ата кәсібі де – мал шаруашылығы. Сондықтан мал шаруашылығын дамытамын деген ынталыларды шектемеген жөн. Оларға бүгінде мемлекет те жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Бұрын ауылдағы халық төрт түлікті де қорасында ұстап, түлетті, басын көбейтті. Бірақ ол кезде жұрттың қолға ұстаған малы көше кезіп жүрмейтін. Иелері өріске шығатынын таңертең бадашының алдына салып береді де, кешке күтіп алып, қорасына қамайды. Түйе мен жылқы секілді ірі қаралар екі бастан Қарақұм мен Қызылқұмда болады. Ал сауын қылып отырған сиыр мен қойды ауыл тұрғындары кезекпен бағатын. Әйтеуір бұрын көшеде некен-саяқ қорадан шығып кеткен бірді-екілі ешкілер мен шыбыштардың ғана жүргенін көруші едік. Әлде ол кездің малы "тәртіпті" болған ба? Жоға! Малда ес болушы ма еді?! Ол кезде кент ішінің тазалығы мен көктеп, көркеюіне кент басшысы қатаң талап қоятын және соның нәтижесінде мал иелерінде жауапкершілік оянатын.

Малға иелік қылмасаң, төңірегін бүлдіретінін қазір де бәріміз білеміз ғой. Бірақ көрсек те, көрмеген боламыз. Малды емес, сол малдың иелерін тәріптке шақыруға тиіспіз алдымен. Қазір ауылды былай қойғанда, кент іші төрт түліктің өрісіне айналды. Қай көшеге шықсаң да ешкі мен сиыр талды отап жатыр. Екі-үш жылдан бері оған түйе қосылды. Кент ішінде бір келе түйе бар. Қай кезде көрсең де ұзын мойнын созып, көшедегі талдардың жапырағын жеп тұрады. Әсіресе Дәуімбай елді мекеніндегі жасыл желек қазір қурауға айналған, бұтақтары арса-арса. Түйе тек талдың жапырағын жұлып жейтін ешкі емес, тілін орап алып бір ырғағанда бұтағымен қосып жұлып алады. Қысқасы, ойсылқараның тұқымы бір мәрте ғана жүріп өткен көшедегі ағаштар жұрдай болып жапырағынан айырылса, жердегі шөптер тып-типыл болады. Ал енді осыдан соң жаз бойы азаннан кешке дейін түйелер жайылып жүретін көшелердің жайын көз алдыңызға елестетіп көріңізші!

Бұған кім жауапты? Әрине мал иелері. Бірақ кент тазалығына, көшелердің көркейіп-көгалдануына деген қатаң талап болмаса, құзырлы орындар қадағаламаса, тиісті орындардан ескерту жасалмаса, айыппұл салынбаса, мал иесінде жауапкершілік бола ма?! Дәуімбай елді мекенінің тұрғындары: "Көшелерді көлігінің ішінде отырып араламаса, кент әкімін көрмейміз" дейді. Талдардың көктегеніне де үш ай уақыт болды, жаз ортасына таяды. Содан бері көшелерде түйелер емін-еркін тайраңдап жүр. "Тәйт" дейтін адам жоқ. Мал иелеріне ескерту беріліп, айыппұл салынып келе жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Қайтпек керек? Кент басшысының көшедегі өріп жүрген уақ малды көзі шалмады дейік, мақұл! Бірақ көшені қойып, тұрғындардың ауласындағы жеміс ағаштарына ауыз сала бастаған әңкиген түйлерді көрмеді дегенге кім сенеді? Әлде "көрмес, түйені де көрмес" деген осы ма? Иә, көрмейтін адам түйені де көрмейді. Мүмкін, талапты күшейтіп, мал иелеріне салынатын айыппұл көлемін өсіру керек шығар.

Не десек те, көшені ластап, бүлдіріп, тал-терегін отап біткен иесіз малдарды бір жақты қылатын уақыт жетті. Түйе басқалардай емес, ауыр денелі әрі мінезді жануар. Мына суреттердің бірінде бір келе түйе ауладағы саялы талдың жапырағын жеп тұр. Айналасында балалар ойнап жүр. Қызықтап қасына барған балаларды тістеп не болмаса жаншып тастамасына кім кепіл?

Қуат АХЕТОВ
29 маусым 2021 ж. 765 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930