30 ЖЫЛДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР – НӘТИЖЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ
Осыдан отыз жыл бұрын тәуелсіздігін жариялап, өз алдына егемен ел болған Қазақстанның бүгінге дейінгі жеткен жетістігін тізіп айтар болсақ, бір емес, бірнеше еңбекке жүк болары анық. Бірақ бұған тоқталмас бұрын “Қазақ дәл осы шексіз байлыққа қалай жетті?” деген сауалдың астарына үңілсек, тарихқа бір сәт аялдамау тағы да мүмкін емес. Расында бұл тәуелсіздік бір ғана жылдың жемісі емес, бабалар жүріп өткен бірнеше ғасырдың жемісі екені ақиқат. Дәл осы жолда ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өткізген батырлар ерлігін жас ұрпаққа дәріптеу – сіз бен бізге азаматтық міндет.
1991 жылы егемен ел атанған жас мемлекеттің болашағы үшін қаншама жарқын жоба жүзеге асып, Мәңгілік Ел болу мақсатында ұтымды шешімдер қабылданды. Қазір оның жемісін біртұтас халық көріп отыр. 1993 жылы төл теңгемізді айналымға шығару мақсатында да Елбасының ерлігін айналып өте алмаймыз. Одан бергі Конституциямыздың жариялануы да іргемізді мықтап бекітіп берді.
Тәуелсіздік алған бойда қазақ бодандықтың құрығынан босап, дәл осындай мамыражай күнге жете алған жоқ. Одан бергі тоқырау жылдарын алыңыз, бәрін-бәрін еңсерген егемен ел сол ерлігінің арқасында осындай дәрежеге қол жеткізіп отыр.
“Тәуелсіздік бізге не берді?” деген сауалдың түйінін тарқату үшін қай саланың тарихына үңілсеңіз де қажетті мәліметке көз жеткізесіз. Себебі еліміз осы жылдары әр салада серпін қалыптастыру мақсатындағы бейнетінің зейнетін көрді. Ел тайқазанында өсім қалыптасып, өңірлердің әлеуеті артты. Жергілікті салықтағы түсімде өсім қалыптастыру мақсатында жүзеге асқан жобалар да халықтың кәдесіне жарап тұр.
Әріге бармағанның өзінде өзіміз мекен еткен Жалағаш ауданында да соңғы жылдары түрлі жобалар жүзеге асты. Бүгінде олардың да халық игілігін көріп жатыр. Мәселен, осыған дейін көгілдір отын тұтынсақ деп армандаған жерлестердің жылдар бойғы мұраты биыл орындалды. Ел ағаларының егемен елдің ертеңі үшін қолға алған бұл жемісті еңбегі екенін жақсы білеміз.
Бір кездері қатты отынның тапшылығы туындап, халықтың баяғы нанға кезекке тұрғанындай сап түзегенін де көрдік. Енді мұндай қиыншылықтар артта қалды. Аймақ басшысының өзі келіп іске қосқан көгілдір отын енді бұл мәселенің алдын алары анық.
Жалпы аймақ бойынша 7 аудан да газға қосылды. Тіпті басқа өңірлерде аудан орталығына жақын орналасқан ауылдық елді мекендерді де көгілдір отынға қосу жұмыстары қарқын алды. Бұйыртса, бұл күнге де Жалағаш жұртының жетері анық. Мұның барлығын тәуелсіздіктің жемісі демей не дейсіз?!
Жалпы мемлекетті әлемге паш етер негізгі екі сала болса, оның бірі – мәдениет, ал келесісі – спорт. Қазіргі таңда бұл қос саланы да қолдау қарқын алды. Соның нәтижесінде бұл салаларда да серпін қалыптасты. Мәселен, 1991 жылы егемендігін жариялаған Қазақстан 1996 жылдан бастап 4 жылда бір келетін олимпиада сайысына қатысушы елдердің қатарына қосылды. Сол уақыттан бері отандық спортшылар айтулы додадан қоржынды бос қайтармапты. Тек биылғы Күншығыс елінде өткен сайыстың нәтижесі көңіл көншітпейді. Бірақ бұл демеудің жоқтығынан емес. Бұлай дейтініміз, соңғы 3 жылда олимпиадаға қатысушы спортшыларымыздың дайындығына 100 млрд теңгедей қаржы бөлінген көрінеді.
Кәсіпкерлік саласына келер болсақ, мемлекет экономиканың күретамырына бұл саланың қан жүгіртерін түйсігімен түсінді. Кәсіпке қадам басқан жандарды қолдау мақсатында түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруы да сондықтан. Қазір бұл бағдарламалардың да халық игілігін көріп отыр. Бір ғана Жалағаш ауданының өзінде мемлекеттік бағдарламаның көмегімен өз ісін өрістетіп отырғандар қаншама. Тіпті жұмыссыз азаматтарға да қайтарымсыз қаржы беріп, жобаларын жүзеге асыруы үшін қолайлы орта қалыптастыру осыдан отыз жыл бұрын егемен ел атанған мемлекеттің қолынан келді.
Жалағаштағы жолдардың, ішкі көшелердің бұрынғы жағдайын басылымның өткен санында да айтқан едік. Расында бұл тұста да күрмеулі мәселелерді шешуде ел ағалары сүбелі іс тындырды. Барлығы халықтың көз алдында. Тіпті бұрын арман болған ауылдық елді мекендердегі көшелердің сапасына да көптеп мән берілді. Мұны да тәуелсіздіктің жемісі демей не дейсіз?!
Біз осы жетістіктерді болашақ ұрпаққа аманаттауымыз керек. Оларды еңбекке баулып, білім-ғылымға машықтандыру арқылы егемен елдің ертеңін жарқын етеріміз сөзсіз. Елбасының өзі бағдарламалық мақаласында бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырудың маңызына ерекше тоқталды. Себебі олар осы елдің болашағы екені тағы ақиқат.
Жеткен жетістік көп, алға қойған мақсат та аз емес. Кейбір жобаларымызға мына қазіргі ахуал кедергі болып тұр демесеңіз, бастысы бағыт айқын. Алдағы уақытта да тәуелсіз мемлекет болашағы жолында жүзеге асатын жобалар жемісін береріне сенеміз.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ