Ер еңбегімен еленеді
Көше – өмір ағысы. Ал, ағысты жасайтындар адамдар. Олар бүкіл өмірлерінде қаншама көшелермен жүрсе де сол көшелердің бір-біріне ұқсамайтындығын аңғара бермейді. Бірақ, сол көшелерден тарихты, сан-қилы оқиғаларды, ерлік пен елдікті, салт пен сананы білеміз, өміріміздің жүрек лүпілін тыңдап, өнегесі мен үнін ұғып келе жатқандай боламыз.
Біздер, бір топ ардагерлер Жалағаш кентіндегі Бектасов атты көше бойымен қау-қауласып әңгіме айтып келеміз. Бұл осы жаңа ғана көшеге жаңа атау берген салтанатқа қатысып, содан шығып келе жатқан бетіміз.
Көше аты берілген Бектасов кім? Оны біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін ғой. «Жақсының аты өшпейді», деген халық даналығы осындайда айтылса керек-ті. Көріп, естіп, біліп жүргеніміздей өмірден озған жақсының аты ісімен, өнегесімен, адамгершілігімен, парасат-пайымымен, еліне тигізген пайдасымен өлшенетінін айтсақ та жеткілікті. Бұл халықтық бағалау, әсіресе, «рухани жаңғыру» аясында құлашы кеңге жайылып, бұл халықтық қасиет өмір шындығының асыл көрінісіне айнала түсті. Біздің әңгімеге арқау етіп айтып отырғанымыз оның мыңнан бір мысалы десек те болады.
Енді жаңа көшенің атауы берілген Ақназар Бектасов жайында сыр сандықты ашайық. Сыр сандықты ашу үшін, айтпағымызды бір арнаға түсіру үшін жазбамызды оның өмірбаянынан бастаудың орайы келіп тұрғаны.
Ақназар Бектасов жарық дүниеге 1944 жылы Аққұм ауылында келген. Ол Бектас ағаның тұла бойы тұңғышы еді. Ақназар 13 жасқа толғанда әкесінен айырылады. От басының барлық ауыртпалығы анасына түседі. Оны көрген баланың ерте есейуіне, от басының тіршілігіне жастайынан араласуына, анасына көмектесу үшін буыны қатпай-ақ ауыр еңбекке араласуына тура келеді.
Еңбек ете жүріп 1961 жылы орта мектепті үздік бітіреді. Жастайынан қиындықты көріп өскен ол жоғарғы білім алуды, әсіресе ауылда жоқ дәрігер болуды мақсат тұтады. Арман арқалаған Ақназар орта мектепті бітірген жылы Алматы қаласындағы қазақ мемлекеттік медицина институтына түсіп, оны 1966 жылы емдеу факультеті бойынша бітіріп шығады.
Осы тұста еске алмасқа болмайтын тағы бір жәйт. Ол – аудан тарихында 1966-1976 жылдар медицина саласының қоғам талабына сай өсіп өркендеуіне, маман дәрігер кадрлармен нығаюына тұспа-тұс келуі еді. Сол жылдары бұл саланың халық талабынан шығып, жоғары дәрежеге көтерілуіне өзіндік үлес қосқан ауданның бас дәрігері қызметін абыроймен атқарған С.Қалыбаев, әр саланың дәрігерлері: Б.Мақтабаев, Ш.Дүйсекбаев, С.Ерғалиев, Е.Құрманбаев, М.Жаппасбаев, С.Сейтенов, С.Ертуғанов, Ш.Әлібаев, М.Жұмаділдаев, Б.Іздібаев, Ж.Ыдырысов, О.Аханаев, Қ.Камалов, Т.Жүсіпов, Х.Каметов және басқалардың есімдерін айрықша атауға болады. Олардың жүріс-тұрысы мен түр-тұлғалары, жылы шырайлы қабағы мен жаныңызға жақын мейірімді қарым-қатынасы, сенімді іс-қимылдары мен жанға сая сөздері дертке дауа болып көрінетін. Халықтың құрметіне бөленіп, сеніміне ие болған ақ халатты адам жанының арашасын талай ақындар жырға қосқан-ды. Солардың ішінде Фариза ақын:
«Ақ халаттан көремін пәктігіңді,
Қорғайсың сен сақшыдай шат күнімді.
Тіршіліктің сағатын тоқтатпайтын,
Құдыретті жан өзіңсің тап бүгінгі», -
деп жырлаған еді.
Осындай ақхалатты үлкен армияның бел ортасында жүріп еңбек еткен ол алғашқыда аудандық орталық ауруханада балалар дәрігері болып жұмыс жасайды. Тәжірибелі дәрігерлерден үйренумен болса, замандастарынан қалмай уақыт талабына сай медицинаның озық тәжірибелерін үйренуден жалықпады. Осы мақсатта Москва, Ленинград, Пенза, Киев, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы білімін жетілдіру институттарына барып, қысқа курстардан өтіп, адам емдеудегі медицинаның озық тәсілдерімен танысады. Тынымсыз еңбек, үзіліссіз іздену мен үйрену арқасында 1970-1980 жылдар аралығында ол хирург-дәрігер дәрежесіне көтерілді. Адам ағзасының ішкі құрылысына операция жасау аса біліктілікті қажет ететіндігін егжей-тегжей айтпаса да түсінікті. Осы орайда Ақназарды алғаш рет наркозбен ота жасауды ауданда сәтті іске асырған хирург деумізге болады. Бұл жұмысты игеру барысында ауыр науқастарға қан жетіспейтін сәттердің жиі кездесетіндігі байқалды. Бұдан айналып өтуге болмайтындығына әбден көзі жетті. Дайын қанды облыс орталығынан таситын-ды. Осыны ескерген ол аудан орталығынан қан дайындайтын арнайы бөлім ашуды қолға алды. Мұның алғашқы мүшелері болып Валентина Чернова және Сахан Берліжанова сынды ауданның тұрғындары тіркелді. Бұлардың қатарына дәрігер Ақназар Бектасовтың өзі де қосылды. Хирургтік міндетін атқара жүріп, ауыр науқастар кездескен кездерде донор болып қан беруді әдетке айналдырды. Осы салада еңбек еткен жылдар ішінде өз ағзасынан қан беру арқылы 75 науқастың өмірін сақтап қалады. Сол еңбегі үшін 1989 жылы «ҚСРО-ның Құрметті доноры» атағын иеленеді. Кеңес дәуірі кезінде мұндай атақ алу оңайлықпен келмейтіндігі айтпаса да түсінікті. Өмірге келу бар, кету бар. Бұл адамның еркінен тыс құдыреттің күші. Ал Жаратушы болса әр пенденің өмір жолын әрқилы етіп жаратқан. Осылайша ойды өрбітсек Ақназардың өмір жолы замандастарына үлгі, жастарға өнеге боларлықтай еді.
Мәселен, жаңалыққа жаны құмар Ақназар аса ауыр науқастарды облыс орталығындағы ауруханаларға жіберуден бұрын аудан орталығында емдеуді қолға алды. Кезінде қалаға жетпей науқастардың жолда жан тапсырған кездерінің кездесуі оны көп ойландырған еді. Мұндай қолайсыз жағдайларды болдырмаудың алдын алу үшін аудандық аурухана жанынан 1980 жылы жан сақтау бөлімін ашудың бастаушысы да, қолдаушысы да өзі болды. Бұл бөлімге зейнеткерлікке шыққанша өзі жетекшілік жасады. Сол өзі басқарған жылдар ішінде бұл бөлімнен жылына 300-400-ге жуық науқастар алғашқы жедел жәрдем алып, соның арқасында аяғына мініп, сауығып кетулеріне қол жеткізгендігін қалың көпшілік әлі күнге дейін жыр етіп айтып жүр.
1997 жылы зейнеткерлікке шықса да, ол кезде білікті маманның жеткіліксіздігінен, аурухана басшылары оның мол тәжірибесін әлі де пайдаланғысы келетіндіктерін білдіреді. Көпшіліктен көмегін аямайтын, денсаулық саласы десе ішкен асын жерге қоятын абзал жан бұл ұсынысты қабыл алып, бұдан соң үзбестен 16 жыл бойы орталық ауруханада реаниматолог-анестезиолог дәрігері болып абыройлы қызмет жасады.
Барлық саналы өмірін денсаулық саласына жұмсаған Ақназар бір коллективте, бір ауруханада үзіліссіз жарты ғасырға жуық еңбек етіп, «КСРО-ның үздік дәрігері» атағына ие болады.
Бір салада осынша уақыт ұзақ жыл абыройлы еңбек етудің өзі екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік пен пара-пар өнегелі істің көрінісі десек артық айтқандық бола қоймас. Мұны ақылдылығы мен адалдығы, тазалығы мен тұрақтылығы, сергектігі мен сақтығы, біліктілігі мен еңбексүйгіштігі бойынан табылатын асыл адамдарға тән ерекшелік деуге болар. Ендеше осы айтқандарымыз Ақназардың бойынан табылатын табиғаттың берген сыйы еді.
Оның жарты ғасырға жуық халыққа көрсеткен қалтқысыз қызметі, уақытпен санаспай арпалыспен өткен күндері мен түндерінің, адам жанын сақтап қалудағы нәтижелі жемісі, оның абыройын асқақтатып алақаны аялы, саусақтары шипалы, шуағы мол, ауырған адамның нағыз жанашыр қамқоршысы деген дәрежеге жеткізді. Еңбегі бағаланып, 1989 жылы «ССР-дің Денсаулық сақтау саласының үздігі» атағын алды.
Арқалы ақын Мұқағали Мақатаев мына бір өлеңін Ақназар сияқты ақ халатты адам жанының арашасына арнап жазған сияқты:
Қорықпаймын пышақтан да,
Қорықпаймын инеден,
Ине түгіл бұл жүректі найзадағы түйреген.
Құпиямды білесің ғой, мен сондықтан именем
Кешір мені,
Кешір мені,
Кетем ертең үйге мен.
Бұдан біздер, ақынның өлеңінде дәрігерлердің де ерекше көрініс байқататынын аңғарамыз.
Ақназар мамандығы дәрігер болса да ақынжанды, өнер десе ішкен асын қоя тұратын өнерпаздың нағыз өзі еді. Аудандағы көркем өнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болды. Кезінде аты облысқа әйгілі болған «Алтын Арай» ән-би халықтық ансамблінің басты әншісі болуы соның дәлелі. Аудан өнерінің тарихында оның өнерінің өшпестей болып жазылып қалғандығын білетіндер бүгінде некен-саяқ. Енді білетін болады.
Ақ халатты абзал жанның бос уақыты болмайтын. Содан келе қоғамдық жұмыстан өзін тыс ұстамайтын. Оған да уақыт табатын. 1994 жылы Жалағаш ауданының бірінші шақырылған мәслихатына депутат болып сайлануының өзі соның дәлелі еді. Депутат болып жүріп денсаулық саласының өзекті мәселелерін шешуге өзіндік зор үлесін қосқан еді. Азаматтың еңбегі мемлекет тарапынан өз бағасын алды да. Мысалы, Ақназар Бектасов 2012 жылы «Шапағат» медалімен наградталды.
Денсаулық саласы Ақназарға көп нәрсе берді. Халықтың алғысын ала жүріп, өзі сүйген саладан Қанымкүл атты адал жарын жолықтырды. 1970 жылы Қанымкүл Шаханова есімді медбике болып қызмет жасайтын қызбен шаңырақ көтерді. Ол да кезінде «Денсаулық саласына үлес қосқаны үшін» медалімен марапатталды. Екеуі 5 баланы дүниеге әкеліп, тағылымды тәрбие берді. Бүгінде олардың барлығы да егеменді еліміздің сан-салалы шаруашылықтарында абыройлы еңбек етіп жүр. Ұрпақ жалғастығы деп осыны айтады.
Өз басым ауданның денсаулық саласына еңбек сіңіріп, табан ет маңдай терін төккен, өмірдің ащысы мен тұшысын басынан өткізген аға буын өкілдерінің жүріп өткен жолдарындағы өнегелі істерін өз көзіммен көргендіктен сол көргендерімді қаз-қалпында қағаз бетіне түсіре отырып, бүгінгі жастарымыз мұны білсін, хабардар болсын деген мақсатпен осы жазбаны өмірге келтіріп отырмын.
Ол жәйлі әлі талай айтылар да, жазылар. Ол өз алдына мәселе. Ал, менің жазғаным кейінгілердің жазуына қозғаушы бола алса жазбамнан еңбегімнің қайтқаны.
Көшелер... Одан адамдардың ағынын көреміз. Одан еліміздің өсуімен даму қарқынын, өміріміздің тынысы мен тіршілігін, дәстүрі мен даңқын, салты мен санасын, өнері мен өнегесін, бүгіні мен ертеңін аңғарамыз.
Бұдан, халқымыздың сан ғасырлық тарих беттерін парақтап келе жатқандай боламыз. Содан келе үнемі солай бола беретінін есте сақтай бермейміз.
Жалпы аты бар көшелерді бұл да бір өмірдің бүгіні мен ертеңін жалғастырар ашулы кітабы десек те болады. Ал біздер болсақ барлық өмірін денсаулық саласының ыстық-суығына арнаған азаматтың атындағы көшемен жүріп келеміз.
Шыңғыс Айбосынов,
Қазақстан Журналистер Одағы мен Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, Жалағаш ауданының құрметті азаматы
Қазақстан Журналистер Одағы мен Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, Жалағаш ауданының құрметті азаматы