» » УАҚЫТША ШЕКТЕУДІҢ ДЕ ТИІМДІ ТҰСЫ КӨП

УАҚЫТША ШЕКТЕУДІҢ ДЕ ТИІМДІ ТҰСЫ КӨП

Қарап отырсақ, Қызылорда облысының “Қызыл аймақтар” сапына қосылғанына да біршама уақыт болыпты. Ахуалдың уақыт өткен сайын күрделеніп бара жатқанын көзіміз көріп отыр. Бірақ той-томалақ, құдайы ас деген сияқты дәстүрлі шаралардан әлі де арыла алмай жатқандаймыз ба, қалай?!

Байдың асын байғұс қызғанадының керімен түсінбеңіздер бұл сөзімізді. Елдің қуанышына ортақтасқанды біз де әбес көрмейміз. Десе де дәл қазіргідей дерт дендеген уақытта, мұндай жиын-тойларға мемлекет шектеу қойғанда ортақ тәртіпке бағыну қажеттігін қаперден шығармасақ деген ой біздікі.

Жасыратыны жоқ, қазір Жалағаш ауданында да ахуал жақсы емес. Тіпті дәл осы індеттің салдарынан бақилық болғандардың саны да уақыт өткен сайын өсім алып отыр. Ал біз “Сақтансаң, сақтайды” дегенді сөз жүзінде айтып қоя саламыз. Әлі де қаншама адам шақырып әлгіндей шараларды ұйымдастыру толастамай отыр. Қазекеңе қамсыздықтың соңы үлкен қайғыға алып баратынын түсінетін уақыт әлдеқашан жетті емес пе?

Кейде мені “Осы бізде мобилдік топтар жұмыс жасай ма?” деген сауал мазалайды. Бұл сұрағым орынсыз дейін десем, аудан орталығындағы тойханалар мен кафелер бұрынғы уақытымен жұмыс жасап тұр. Осыдан біршама уақыт бұрын ауылдағы екі құрдасым шырт ұйқыда жатқанымда хабарласып, кенттегі кафелердің бірінде отыр­ғанын айтты. Сағат түңгі бір жарым-екінің кезі, “Мұндай уақытта кафелер жұмыс істемейді ғой” деген сөзіме “Сен де сұрақты орынсыз қояды екенсің, жұмыс жасамаса, біз мұнда отырамыз ба?” деп ренішпен жауап қайырды әлгі кластасымның бірі. Не керек, тартып отырып сол жерге бардым. Нысанның би залындағы адамның көптігінен көз сүрінеді. Ал екі сыныптасым соларды тамашалап жоғары қабатта отыр екен. Жалағашқа такси болып келген құрдастарымның әлгі алып келген адамы да көрші тойханалардың бірінде болып жатқан тойға қонақ болып келіпті. Мен де келдім, кластасымның телефонынан қайтайық деген хабар келді.

Осы тұста бір емес, бірнеше сұрақ туады, әдепкі жылдары Қызылорда “Қызыл аймақ” түгілі “Сары аймақтың” сапына қосылмай тұрғанда қарқынды жұмыс жасаған мобилдік топтар қайда? Неге әлгіндей нысандар ахуал күрделенген тұста белгіленген уақытпен жұмыс жасамайды? Дертті дендетпеудің тиімді тетігі болып табылатын вакцинаға қатысты алып-қашпа һәм бейресми ақпаратқа құлақ асатын қалың жұрттың көз алдында қанша адам бақилық болып жатса да қамсыздыққа бой алдыратыны қалай? Ұзынсонар жауабы жоқ мұндай сауалдарды тізе берсең, жетіп артылады.

Жақында аудан орталығында тұратын тағы бір таныс інілеріміз үйленетін болып, тойын орталықтағы тойханалардың бірінде өткізетінін айтты. Қазір ахуал жақсы емес, оның үстіне мемлекет тарапынан бекітілген бірқатар уақытша шектеулерге оның бұл ісі қайшы болатынын айттым. Сондай-ақ қыруар қаржы көлеміндегі айыппұл да арқалайтынын тағы ескерттім. Ол тіпті тойхана иесімен сөйлесіп те қойыпты (тойын өткізуіне кепіл болғанына қарағанда тойхана иесі кіммен сөйлесіп қойды екен деген тағы бір сауал туындайды ғой іште). Ол той тіпті өтті де.

Індет тараған әдемкі жылдары халық арасында “Пәленше кеше ұлының тойын дүркіретіп қаншама адамға жасады, ешқандай да мәселе жоқ. Құзырлы органдар келіп айыппұлын салып кетеді, болды. Әрі қарай әдеттегідей тойыңды жалғастыра бересің” дегендей пікір айтылып жүрді. “Осындай акция қазір де бар ма екен?” деп қалам кейде әлгіндей нысандардағы жиылған жұрттың көптігіне қарап.

Қарап отырсақ, мемлекет тарапынан бекітілген мұндай шектеулердің де жақсы жағын алуға болады. Дәл осындай ортақ тәртіпке бағыну арқылы неге ел болып астамшылықтан арылуға қам қылмаймыз осы? “Той деп шашылды, ас деп шашылды, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?” деген Ахмет Байтұрсыновты мазалаған сауалдың әлі де өз мәнін жоғалтпауы біздің осы бір жағымсыз әдеттен қазірдің өзінде арыла алмай жүргеніміздің дәлелі емес пе? Шектеулерге қарамай тағы да қарызданып, қауғаланып той жасаймыз. Кейін оның өтеуін төлеу үшін соңында бірнеше жыл тағы тер төгеміз. Бір күндік тойдың бірнеше жыл бүтін бір отбасына салмақ болуы кімге тиімді, той иесіне ме, қонақтарға ма, жоқ әлде енді ғана шаңырақ көтерген екі жасқа ма?

Жақында мені аудан іргесінде орналасқан Ақсу ауылындағы бір танысымның сөзі қызықтырды. Ол өзі жуырда шаңырақ көтерген болатын. Тойдың алдында екі жас ата-аналарына көп адам шақырып той жасап, бір жағынан үлкен шығынға батудың керегі жоқ. Ертең оның несиесін пәлен жыл төлеп қайтеміз? Одан кішігірім атап өтейік дегендей кеңес қылыпты. Не керек, қыз жақ келісімін береді. Қазіргідей жағдайда онысы да орынды, әрине. Алайда жігіт анасын көндіре алмайды ғой. “Енді қазір 148 мың теңге айына несие төлеп отырмын” дейді жымиған қалпымен әлгі танысым. Бұл жастардың да астамшылыққа қарсы көзқарасының қалыптасқанын аңғартады.

Қуанышты кім қаламасын, біз де жаңа жоғарыда елдің шаршаса, тек шаттықтан шаршағанын қалайтынымызды айтып кеттік. Дәл қазіргідей жағдайда көп адам жиып той жасау дерттің салдарынан қайғыдан қан жұтып отырған кейбір отбасына күле қарағандай көрінеді маған. Ауылда бір адам дәм тұзы таусылып бақилық болса, бүтін бір елді мекен халқы алдағы той-жиындарын кейінге шегергенін көріп өстік. Қанша адам індеттің құрбанына айналған тұста қамсыздыққа бой алдырмай, “Сақтансақ, сақтайтынын” әрдайым жадымыздан шығармасақ деген ой ғой тағы да біздікі.

К.Балғабай



24 тамыз 2021 ж. 286 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930