ЕРКЕ ЕСІЛГЕ СЫРДАН СӘЛЕМ
Қызылордалықтардың күзгі науқанды бастап кеткеніне де біршама уақыт болды. Бұған дейін ауыл шаруашылығы саласында аты озған аймақтың берекелі өнімі өткен аптаның соңында елордаға жеткізілді. Нұр-Сұлтан төрінде өткен жәрмеңкеде ерке Есілге Сырдың сыйы барып, елордалықтар ыстық ықыласпен қабылдады.
Биыл Сыр халқы үшін күзгі науқан табысты басталды. Аймақта бүгінге дейін 4 716 гектар күрішке орақ түсіп, оның 2 495 гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа 42,3 центнерден өнім алынуда.
Елордадағы «Хан Шатыр» жанындағы жәрмеңке алаңына жиналған халыққа облыстан жеткен өнімдер нарықтық бағадан 10-15 пайыз төмен бағамен ұсынылды. Жәрмеңкеге 450 тоннадан астам 29 түрлі өнім келген.
– Біздің облыс күрішпен танымал ғой. Жәрмеңкеге 150 тоннадан астам күріш әкелдік. «Лидер» сортынан. Халық жақсы алып жатыр. Одан бөлек, 14 тоннадан астам балық, 150 тоннадан аса бау-бақша өнімі бар. Тауарларымыздың жалпы құны 100 млн теңгеден асады, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Жәрмеңкеде елордалықтарға таңсық біршама өнім түрлері ұсынылды. Олардың қатарында жантақ балы мен қауынқақ та бар.
– Өзім Қызылорданың тумасымын, 2002 жылдан бері елордада тұрамын. Сырдың жәрмеңкесі болатынын естіп, арнайы келдік. Келе сала қауын сатып алдым. Мынадай әміре, қара қауын, күләбі дегенді мұнда кездестірмейсің. Бағасы да жап-жақсы екен, – дейді қала тұрғыны Айдарбек Есов.
Нұр-Сұлтан қаласын өзіндік думанға бөлеген ауқымды шараға жаңбырлы ауа-райына қарамастан тұрғындар көп жиналды. Жәрмеңкені аралай жүріп, Аралдың балығы мен Қазалының конфеті, Қармақшы мен Жаңақорғанның қауын-қарбызына, Жалағаштың күрішіне сұраныс жоғары екенін анық байқауға болады.
– Қызылорда облысы ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізеді деген хабарды әлеуметтік желіден көргеннен бастап бұл күнді асыға күттік. Сырдың дәмін алыста жүріп аңсайтынымыз рас. Сондықтан ерте келіп, күріш пен қауын-қарбыздан, ет пен құрт-ірімшікті барынша көп етіп алдық. Күн суық болғанмен, жәрмеңкедегі көңіліміз көтеріңкі, – дейді астаналық Нұрхан Тасболат.
Айта кетейік, игі шараға облыстан 140 тонна күріш, 20 тонна балық, 150 тонна бақша өнімдері, 40 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 5 тонна сүт және кондитер өнімдерін әкелген. Жәрмеңкеге облыстың 7 ауданы мен Қызылорда қаласы және «Байқоңыр» ӘКК» АҚ қатысты.
Екі күнге жалғасқан жәрмеңкеде карантин талаптары сақталып, тауар ұсынушылар дезинфекциялық құралдармен толық қамтылды. Жалпы Қызылорда өңірінде ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру және агроөнеркәсіптік кешен қызметін тиімді жүргізу мәселелері жолға қойылған. Соңғы 10 жылда облыстың жалпы өңірлік өнім құрылымдағы ауыл шаруашылығының үлесі 4,3 пайыздан 5,9 пайызға дейін ұлғайған.
Мал шаруашылығын дамыту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде ірі қара мал басы 1,5 есе, жылқы 2,3 есе, түйе 2 есе өскен. Биыл да облыстың жалпы егін көлемі 3,9 мың гектарға ұлғайып, барлығы 188,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде дәндi дақылдар 96,6 мың гектар, майлы дақылдар 6,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 66,4 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 18,3 мың гектарды құрады. Негізгі дақыл күрiштің көлемі – 83,6 мың гектар.
Е.СОЗАҚБАЕВ