» » Саяси құжат бағыт-бағдарымызды айқындап берді

Саяси құжат бағыт-бағдарымызды айқындап берді

Мемлекет басшысының халыққа жыл сайынғы Жолдауы тәуелсіз елдің бағыт-бағдарын айқындап, өткенге баға берер маңызды құжатқа айналғаны рас. Бұған Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының ай басында жариялаған саяси құжатына қарап, тағы бір мәрте көз жеткіздік. Отыз жылдық белесті артта қалдырған тәуелсіз Қазақстанның болашаққа дәл осындай нық қадам жасауы үшін де алдымен жүйелі жоспар қажеттігі анық. Міне, осы тұста Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы үлкен маңызға ие десем, артық айтқандық болмас. “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” деген тақырыптың өзі дамыған елдердің сапынан табылу үшін бізге қандай бағыт керектігін аңғартып тұр.

Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси құжаттың алғы сөзін тәуелсіздіктен бастауының өзінде үлкен мән бар. Расында тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Егемендік жолында қаншама бабамыз қиын күндерді басынан өткерді, ұланбайтақ жерді бізге аманаттады. Ал енді соның қадірін біліп, осы шексіз байлықты аялау – барша отандасқа азаматтық парыз. Кешегі Жолдауда мемлекеттің бірінші байлығы адам делінсе, әрбір қазақстандық тәуелсіздіктің тұғырлы болуы менің қолымда деп, ел болашағына байыппен қарауы керек. Міне, сонда ғана біз бейбіт қоғамда, ашық аспан астында мамыражай күн кешіп, алдағы мақсат-міндеттерді орындауда оң нәтижелерге қол жеткізе аламыз.

Егемен елдің ертеңі үшін еңбек еткен Елбасының да мемлекет басқару жолындағы сүбелі ісі саяси құжаттан шет қалған жоқ. Олай болуы да заңдылық, неге десеңіз, рас, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін бодандықтың қамытынан босай алмай, өз билігі өз қолына тиген жоқ. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін де нағыз тоқырауды бастан өткергенімізді біз және бізден кейінгі буын жақсы біледі. Міне, ішкі, сыртқы саясатты реттеп, елдің әлеуметтік жағдайын, тұрмысын түзеуде Елбасының қажырлы еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан тәуелсіз елдің ертеңі үшін еңбек еткендер керісінше кеңінен насихатталып, өмір жолы кейінгі буынға үлгі болуы қажет.

Қазір шүкір, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Осыны біз түсінуіміз керек. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Бірақ тәуелсіз елдеміз деп ойына келгенді жасау да кейде орынсыз екенін біз түсінуіміз керек. Әсіресе кейінгі буын сабақтастықты жалғап, бойына сіңірген тәлімді, ілімді ел дамуына жұмсаса, елдің де келешегі кемел болары анық. Себебі Елбасы да, Мемлекет басшысы да егемен елдің болашағын осы буынмен байланыстыратынын жақсы білеміз.

Қазіргі таңда Қазақстан Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалады. Сондықтан біз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Осы ретте тынымсыз ізденіс, ұдайы алға ұмтылу сияқты ізгі қасиеттер әрбір отандасымыздың бойынан табылуы керек. Ол үшін алдымен Абайша айтсақ, білім қуу бәрінен маңызды. Мемлекеттің аталған салаға қолдау көрсетуді күн тәртібінен түсірмеуі де тегін емес. Демек, бәсекеге қабілетті, озық ойлы жастарды қалыптастыру үшін бәрібір бірінші кезекте білімнің орны жоғары.

Ұмытпасам, осы беріге дейін ұстаздар қауымы қолдаудан шет қалып, аз-маз жалақымен жұмыс жасады. Бірақ салада серпін қалыптастыру мақ­сатындағы олардың жұмысынан кемшілік байқалмады десем, тағы да артық айтқандық болмас. Мұны түсінген Мемлекет басшысы соңғы жылдары ағарту саласына айтарлықтай қолдау көрсетуге мүмкіндік жасап, тіпті мұғалім мәртебесі туралы арнайы заң да қабылданды. Міне, мұның өзі ұлағатты ұстаздардың қоғамдағы орнын айқындауға үлкен сеп болғаны анық. Ал олардың жалақысының жыл сайын көтерілуі әріден келе жатқан үлкен мәселенің шешімі болды. Биыл қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы тағы да 25 пайызға көбейді. Ал алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсалатынын кешегі Жолдаудан естіп, өркениетке бет бұрған елдің ағарту саласына айтарлықтай алаңдайтынына тағы бір мәрте көзіміз жетіп отыр.

Қазіргідей заманда әлем көшінен шет қалмау үшін салаға осынша қолдау көрсетудің де өзіндік себебі бар. Бір жағынан мұғалім мәртебесін көтеріп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Саяси құжатта мұны Президент те жоққа шығарған жоқ. Демек, білім саласында серпін қалыптастыру мақсатында құйылған қаржы далаға кеткен жоқ. Тіпті соңғы жылдары және биылғы білім қорытындысында педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өскен.

Мемлекет тарапынан ұстаздарды қолдау саясаты жалғаса береді. Өзім мұғалім болмасам да келешек ұрпақтың болашағы үшін алаңдайтын жанның бірімін. Сондықтан спорт, медицина, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, мәдениет секілді салалар мұндай маңызды құжаттан шет қалмаса екен деп отырамын. “Мемлекет тарапынан ұстаздарды қолдау саясаты жалғаса береді” деген Ел Президентінің бір ауыз сөзі ұстаздар қауымына үлкен шабыт берері анық.

Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы “Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті” деген болатын. Расында мұның соңы негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылар санының артуына әкеп соқты. Қашықтан оқуға һәм оқытуға біздің әлі де дайын емес екенімізді соңғы жылдары қалыптасқан ахуал дәлелдеп берді. Бірақ мұндай қиыншылықтарға қарамастан оң нәтижеге қол жеткізу мақсатындағы ұстаздар қауымының жұмысы өз жемісін берді. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпазы атанып, жүлделі орындардан бой көрсетіпті. Оларға әлі де ізденісін арттыруға қолдау керек. Осы ретте жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс оқушыларға гранттар берілетіні де Жолдаудағы жағымды жаңалықтардың бірі болды. Тіпті Қасым-Жомарт Кемелұлы бір реттік ақшалай сыйақы да қарастырылатынын жоққа шығармады. Мұндай дарынды балалардың ұстаздары да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыруға әбден лайық. Мұны Мемлекет басшысы да жоққа шығарған жоқ. Демек, бұл салаға бұған дейін жасалған қолдаулар әлі бастамасы іспетті.

Айта берсек, Жолдауда қамтылмаған сала жоқ. Бастысы соның барлығы тәуелсіз елдің болашағына бағытталып отыр. Соның ішінде Мемлекет басшысы соңғы жылдары әлемде қалыптасқан ахуалға кеңінен тоқталды. Расында Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан да қазір пандемияның зардабын көріп отыр.

Бұрын індет елге келген тұстары біздің дайындығымыз қандай еді, тіпті дәріханалардың өзінде дәрі-дәрмек тапшылығы байқалды. Ал қазір ше, қазір бұл жағынан мәселе жоқ десе де болады. Тек тұрғындар індетті ауыздықтаудың тиімді тұсы екпе салдыру екенін түсінуі керек. Әр жерде айтылып жатқан вакцинаға қатысты бейресми ақпараттарға сеніп қалудың уақыты әлдеқашан кеткен. Мәселен, өркениетті елдерді алып қараңыз. Осы екпе салдыруда халқының белсенділігінің арқасында бірқатар елдер бетпердеден арылды. Біздің де соңғы жылдары қалыптасқан ахуалды жою өзімізге байланысты. Сондықтан мейлінше тек медицина мамандарының кеңесіне құлақ асқан абзал.

Бастысы саяси құжатта айтылған міндеттер өз деңгейінде жүзеге асуы керек. Сонда ғана егемен елдің ертеңі жарық болары анық. Ол үшін табандылық, жауапкершілік, ізденімпаздық, патриоттық секілді әрбір асыл қасиеттер баршамыздың бойымыздан табылуы керек. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін қолға алған жарқын жобалардың жемісін көреміз десек, ізденіске басымдық берген абзал. Себебі қоғам соны бізден талап етеді.

Ауыл шаруашылығы ауданымыз үшін маңызды сала болғандықтан бұл салада нендей жаңалықтар болып жатыр деп ақпарат көздеріне қарап отыратынымыз тағы бар. Кешегі Жолдаудан бұл сала да шет қалмапты. Соңғы жылдары қалыптасқан су тапшылығын ескерген Мемлекет басшысы елімізде үлкен су қоймаларын салу қажеттігін басты назарға салды. Соның бірі аймақта салынатыны еңсемізді бір көтеріп тастады.

Соңғы жылдары жергілікті шаруашылықтардың егінді әртараптандыруға басымдық беріп жатқаны қуантады. Себебі су тапшылығының алдын алуда бұл да маңызды рөл атқаратынын сіз бен біз жақсы білеміз. Қазір жергілікті шаруашылықтар күзгі науқан жұмыстарын бастап кетті. Ала жаздай баптаған егінді жинап алатын да уақыт келді. Экономиканы ілгерілетуде ауыл шаруашылығын дамыту да маңызды. Мемлекет басшысының да жыл сайынғы Жолдаудан бұл саланы шет қалдырмауы сондықтан. Бастысы қолдау бар, енді артылған міндеттерді жүзеге асыру – баршамызға міндет.

Кенжеғара СҮЛЕЙМЕНОВ,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы


14 қыркүйек 2021 ж. 168 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930