Озат оқушы
Бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары анық. Себебі қай заманды алып қарасақ та қоғамның қозғаушы күші – жастар. Мемлекет жастарға барлық мәселеде қолдау білдіріп, мүмкіндік жасауда. Білім жүйесінде де гранттардың саны артып, олардың шетелде білім алуына мол мүмкіндік бар. Көптеген жастар ұйымдары мен құрылымдары қызмет жасайды. Заманауи білім беру жүйесі қалыптасып, зияткерлік мектептер, Елордада халықаралық университет ашылды. Жыл сайын мыңдаған студент әлемнің үздік университеттеріне оқуға кетіп жатыр. Осының барлығы жастардың жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады.
Әсіресе біз білім саласына келгенде жалағаштық жастардың жетістігін ауыз толтырып айта аламыз. Себебі аталған саланың жемісті жұмысы да, білім бәйгесінен жүлде алып, аудан мерейін асырып жүрген өрендер де жетерлік. Бастысы саладағы жаңашылдыққа деген ұмтылыс пен жастардың білім алуға деген ыждағаттылығы қуантады.
Еңбектегі білім ошағының 10 сынып оқушысы, талай сайыстан орын алып, үздік екенін дәлелдеген Нұрайна Әбдіғаппарова да мектеп мақтанышы. 9 сыныпты жақсы аяқтағаны үшін «Үздік аттестат» иегері, республикалық «IQANAT» олимпиадасының аудандық, облыстық, республикалық кезеңінің жеңімпазы, «IQANAT» олимпиадасының республикалық слетына Алматы қаласына жолдама алып, 700 оқушы ішінен іріктеліп, «IQ-IP”, «Еdukon» платформаларын жеңіп алған.
Кейіпкеріміз «Шамшырақ» ғылым мен білімді қорғау орталығының ұйымдастыруымен өткен «Біздің болашақ» атты республикалық байқауында ІІ орынды, республикалық Ұлттық олимпиадасында орыс тілі пәнінен І орынды, биология пәнінен ІІ орынды, «Экспо – 2017 – Болашақ энергиясы» тақырыбындағы эссе байқауында І орынды, облыстық «Елбасы және тарих» ғылыми жоба конкурсынан ІІІ орынды иеленген. Сондай-ақ «Жамбыл Жабаев – Ұлы даланың алып жыршысы» тақырыбындағы ғылыми жобаның аудандық кезеңінде І орын, аудандық ғылыми жобаның «Қоршаған ортаны қорғау секциясы» бойынша ІІІ орын, биология пәнінен юниорлық олимпиададан ІІ орын алып, үздік ғылыми жоба атты халықаралық дәрежеде ұйымдастырылған республикалық шығармашылық конкурстарға қатысып, жүлделі орын иегері атанғаны үшін марапатталған.
Мектеп мақтанышының білім бәйгесіндегі жетістіктері бұл ғана емес, кешегі төтенше жағдай кезеңінде де қашықтан ұйымдастырылған сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Мәселен, «Қазақстан ұстаздары» қоғамымен ұйымдастырылған «Қазақ тілі» пәні бойынша республикалық олимпиадаға қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталып, республикалық «Ұлан» басылымының ұйымдастыруымен өткен жалпы республикалық байқаудың жеңімпазы атанған. Бұдан бөлек те талай байқауларда топ жарып, өзінің қарым-қабілетін көрсете білген.
Бүгінгі таңда Нұрайна өзі таңдаған мамандығы бойынша ұлттық сынамаға дайындалып, білім алуды жалғастыруда. «Мақсатым – білім алу, сол алған білімімді елдің дамуына жұмсау және қоғамға пайдалы білікті маман атану» деген дарынды жастың талабы таудай екені көрініп-ақ тұр.