» » НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

Жыл басынан бері ауданда әлеуметтік маңызы бар 14 азық-түлік тауарының бағасы қымбаттаған. Ал 13 қыркүйек пен 13 қазан аралығында дәл осындай 7 өнімнің бағасында өсім байқалып отыр. Бұл туралы “Nur Otan” партиясының аудандық филиалында өткен қоғамдық кеңесте айтылды. Облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаевтың модераторлығымен өткен басқосуда мұнан бөлек аграрлық секторды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер, аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының барысы және Жалағаш-Жосалы бағытындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолының 27 шақырымына жүргізілетін орташа жөндеу жұмыстары айтылды.

Қоғамдық кеңесте алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмыстарына кезек берілді. Аудандық ауыл ша­руа­шылық бөлімі басшысының орынбасары Ә.Бақты­баевтың сөзінше, мұндай өнімдер бағасының ретсіз өсуін болдырмау үшін бақылау жұмыстары жүргізілетін көрінеді. Алайда соның өзінде жыл басынан бері 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің 14-іне қатысты бағаның тұрақсыздығы байқалып отыр. Олардың қатарында халық күнделікті тұтынатын ұн, нан, күнбағыс майы, қант, ет, сәбіз секілді бірқатар өнім түрлері бар.

Баяндамашының сөзінше, бағасы ар­зан­­даған өнім түрлері де бар екен. Мәсе­лен, жыл басынан бері жұмыртқа, сүзбе, сарымай мен тұз арзандаған көрінеді.

Азық-түлік бағасының өсуіне қашан тос­қауыл қойылары белгісіз. Қыркүйек-қазан айларының өзінде ауданда 7 әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік өнімінің бағасында өсім қалыптасқаны белгілі болып отыр. Мұны баяндамашы да жоққа шығарған жоқ. Мәселен, 13 қыркүйек пен 13 қазан аралығында І сортты ұн 22, қарақұмық жармасы 20, нан 10, қырыққабат 10, картоп 10 теңгеге қымбаттаған. Керісінше пияз бағасы 15 теңгеге арзандапты. Бұған да қуануға әлі ерте, себебі егін жинау науқаны аяқталысымен өнімнің бұл түрінің бағасында да өсім боларына жыл сайын нарықта көз жеткізіп келеміз.

Ә.Бақтыбаев жоғарыда айтылған өнім бағасында өсімнің қалыптасуын мұндай өнім­­дердің негізгі бөлігі бізге оңтүстік және солтүстік облыстардан жеткізілуімен бай­ланыстырды. Ондағы кәсіпкерлердің өн­дір­ген өнім бағасын көтеруі және тасымал жұмыстары аудандағы нарықтық бағаға тікелей әсер ететін көрінеді. Сондай-ақ ол аудандағы сауда орындарында бүгінгі таңда күріш 220, І сортты ұнның келісі 185, қарақұмық жармасы 520, нан 150, тауық еті 1050, жұмыртқа 37, картоп 190, сәбіз 220, сиыр еті 1800-1900, күнбағыс майы 930 теңгеден сатылып жатқанын жеткізді. Ал қоғамдық кеңеске қатысушылардың бірі дәл осы күні жұмыртқаның бір данасын 40 теңгеден астам қаржыға сатып алғанын айтып отыр.

Бағаны тұрақтандыру үшін жүргізіліп жатқан мониторинг жұмыстары жеткіліксіз боларына көзіміз жетіп отыр. Сондықтан тығырықтан шығар жол қайсы? Әрине, бұл сауал бағаның бетімен кетуіне жол бермейтін жауапты азаматтарды да тол­ғандырады. Сондықтан олар алдағы уа­қытта әлеуметтік дүкен ашу ісін жүзеге асыру қажет деп тапқан болатын. Ол үшін тіпті арнайы берілетін жер телімі де белгіленіп қойыпты. Алайда бұл жоба қай уақытта жүзеге асады, қарапайым халықтың қалтасына салмақ салмау үшін жуық арада қолға алына ма, жоқ әлде базар бағасы әбден шарықтау шегіне жеткенде ме, бұл жағы да әзірге белгісіз. Алайда дәл осы жоба жүзеге асқан жағдайда жергілікті тұрғындарға азық-түлік бағасы базар бағамынан 10-15 пайызға арзан сатылады екен.

Халық қалаулысы Имамзада Шағыр­таев кәсіпкерлерге де ретсіз бағаны түсіру қиынға соғарын жеткізіп, ол үшін өнімнің жеткізілуіне және оны күтіп-баптауға қажетті заттардың да бағасында тұрақтылық қа­лыптастыру қажеттігін назарға салды. Об­лыстық мәслихат депутатының бұл пікірін де жоққа шығара алмайсыз. Себебі қазір өнімді өсіруге қажетті барлық заттың ба­ға­сында өсім қалыптасқанын көзіміз кө­ріп отыр. Ал тасымалдау ісіне қажетті жа­нармай бағасының шарықтауы һәм тап­шылығы бүгінде күн тәртібінен түспей тұр.

Жалағаш-Жосалы бағытындағы об­лыс­­тық маңызы бар автомобиль жолы­ның 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы құны 731,2 млн теңгені құрайтын бұл жобаға қатысты мердігер мекеме “KAISON Construction” ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Осыдан 3 жыл бұрын ел тайқазанынан бөлінген 100 млн теңгеге 4 шақырым жол жөнделіп қойыпты. Ал 2019 жылы республикалық бюджеттен тағы да 186,5 млн теңге қаралған. Мұнан бөлек дәл осы жылы облыс қазынасынан 119,8 млн теңге қаржы бөлінді. Тиісті қаражатқа 11 шақырым жол жөндеуден өткен. Ал былтыр ел тайқазанынан 82,1 млн теңге, облыстық бюджеттен 81 млн теңге қаралған болатын. Бұл қаражатқа 5 шақырым жол жөндеуден өткен.

Енді екі аттасақ, бұл жылды да қо­ры­тындылаймыз. Алайда небәрі 27 шақы­рымды құрайтын жолдың құрылысы әлі аяқталған жоқ. Биыл да бұл жобаға 167 млн теңге бөлінген. Мамыр айында мердігер мекемемен келісім-шарт жаса­лып, шартқа сәйкес тиісті қаражаттың 30 пайызы, яғни 50,1 млн теңге алдын ала төленген. Десе де бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жолдың биылғы құрылыс жұмыстары жүргізілмепті. Мердігер меке­меге бір емес, бірнеше рет ескертпе хат жолданғанмен құрылыс жұ­мыстары әзір басталар түрі жоқ. Бұл туралы қоғамдық кеңесте аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкері Әлихан Момынтаев мәлімдеді.

Баяндамашы заңға сәйкес мердігер ме­кеме өз міндеттемелерін орындамаса немесе өз дәрежесінде жүзеге асырмаса, тапсырыс беруші тарапынан сотқа жүгі­не­тінін айтып отыр. Мұның нәтижесімен келісім-шарт біржақты бұзылатын көрінеді. Жолдың биылғы құрылыс жұмыстарының әлі күнге дейін жүргізілмеуінің салдарынан 117,5 млн теңге облыстық бюджетке қай­тарылған. Бүгінде дәл осы жобаға қатысты облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тара­пынан келісім-шарт талаптарын мер­дігер мекеменің орындамағаны үшін Қызылыорда облысының маман­дан­ды­­рылған ауданаралық экономикалық со­тына жосықсыз деп тану және тұрақ­сыздық айыппұлын өндіру бойынша талап-арыз әзірлеу үстінде екен.

Әлихан Момынтаев мұнан бөлек ау­дан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізілген жөндеу жұмыстарына да тоқталды. Оның сөзінше, кентте 27 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 19-ы күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғаны белгілі болатын. 2014 жылдан бері бюд­жет­тен бөлінген қайтарымды қаржы есе­бінен 5 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұнан бөлек демеушілердің көмегімен кент орта­лығындағы 6 көпқабатты тұрғын үйдің сырты боялған. Ал былтыр 5 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Бұл жоба биыл республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған болатын. Алайда жоба әлі күнге дейін қолдау таппай отыр. Баяндамашы 2022 жылы бұл жобаны қаржыландыру үшін облыстық басқармаларға бюджеттік өтінім қайта тапсырылатынын мәлімдеді.

Басқосуда жол жөндеу жұмыстары ке­зінде көшенің ортасын сәл биік етіп, ертеңгі күні жаңбыр жауғанда су жиекке ағып кететіндей болса деген ұсыныс айтылды. Себебі тасжолға жиналған су үйіндісі кейін жол сапасына тікелей әсер ететін көрінеді. Мұнан бөлек жуырда пай­далануға берілген ауданға кіреберіс жолдағы көпірдің құрылысын да халық қалаулысы Имамзада Шағыртаев баян­дамашының назарына салды.

Расында көпірдің үстіне көлікпен өт­кен­­нен кейін тура бір тік жар секілді тіз­гін­деген көлігің селк ете қалатыны қазір жала­ғаштықтардың аузында жүр. Мұндай кемшілік үлкен жолдың үстімен өтіп, Мәде­ниет ауылына алып баратын жолдың бойын­да орналасқан көпір құрылысында да байқалады. Сондықтан халық қалау­лы­сының бұл ұсынысы орынды. Қазір бі­лінбейтін шығар, алдағы қыста бұл жағ­дайдың жол апатына соқтыруы да ғажап емес.

Биылғы жаз айларында су тапшылығы жергілікті шаруашылықтарға оңайға соқ­­па­ғанын жақсы білеміз. Кез келген шаруа­шылыққа барсаң, барлығында қуат­тылығы жоғары сусорғыз насостары бар. Қоғамдық кеңесте алдағы жылдың науқан жұмыстарына қажетті су мәселесі де айтылды. Бұл туралы баяндаған «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінің қызметкері аграрлық секторды дамыту бағытында мәжіліске ұсынылатын мәлі­метін ортаға салды.

Бұған дейін «Жалағашсушар» өнді­рістік учаскесіне ауыл шаруашылық тауар өндірушілерден су алуға 171 өтініш түскен. Егілген егіс көлемі – 33 338 гектар, оның ішінде күріш 19 800 гектарды құрайды. Ауданға 2021 жылы су алу науқанына барлық бөлінген су көлемі 1046,190 млн текше метр болса, оның ішінде 843,190 млн м3 тұрақты суаруға, экологиялық ахуалды жақсартуға 203 млн м3 болып бекітіліпті.
Баяндамашы елімізде су тапшылығы жылдан-жылға қайталанып келе жатқанын жасырмады.

– Бұл жағдай тек Жалағаш ауданында ғана орын алып отырған мәселе емес. 2021 жылы вегатация кезеңіне дейін ақпан айының 10-ы мен 12-сі ара­лы­ғында «Жалағашсушар» өндірістік учас­кесі және Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесіп, егін шаруашылығымен айналысатын ауылдық округтерде бол­жамды су тапшылығы жайында және көршілес Қырғызстан, Өзбек­стан, Тәжікстан республикасындағы су қоймаларында қанша су жиналғаны айтылды. Жыл­дағыдан су көлемінің аз жиналуына байланысты ауыл шаруа­шылық құрылым­дарына биік жерге, мойны қашық жерге егінді орналастырмау керек екенін және насос қондырғыларын әзірлеу керектігі ескертілді. Су алу маусымында су тапшылығын болдырмау және егістікті сумен қам­тамасыз ету үшін канал тазарту, орақ отын алу, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары қар­қынды жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, ішкі шаруашылық каналдардан 167 мың текше метр топырақ шығарылып, 123 дана су құрылыстарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округтердегі ауыл шаруашылық құрылымдарына ке­зек­тесіп суару кестесі арқылы су беру жұмысы атқарылды. Аудан бойынша Ирри­гациялық дренажды жүйелерді же­тілдіру жобасына Таң, Аққұм, Мәдениет, Бұқарбай батыр ауыл­дық округтерінде 15 123 гектар аумақ қаралған. Бүгінгі таңда жоба аясында төрт ауылдағы ауыспалы егіс жүйесінің канал, қашыртқылары та­зар­тылып, жаңадан су құрылыстары ауыс­­тырылып, су жолдары реттелуде, – деді «Жалағашсушар» өн­дірістік учаскесі басшысының орынба­сары Мақсұт Қорған­бекұлы.

Ол келешекте Сырдария өзенінің төменгі ағысында су аз болады деп болжанғанын ай­тады. Сондай-ақ егіс орналастыру кезінде ауданда ро­та­ция­ның сақталмауы да болып тұра­тынын жасырмай отыр. Мұның өзі су тапшылығына тікелей әсер ететін көрі­неді. Сондықтан ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді мақсатты пайда­лануда барлығы талапқа сай болуы қа­жеттігін айтып отыр.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
18 қазан 2021 ж. 261 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930