Мәселелер оң шешімін табуы тиіс
Аптаның сейсенбісінде аудан әкімдігінде аппарат мәжілісі өтті. Аудан әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен өткен жиында екі мәселе көтеріліп, тиісті сала басшыларының баяндамалары тыңдалды. Жиында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Эльмира Құттымбетова «Мүгедектерге кедергісіз орта» қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Э.Мергенбайқызының хабарламасында халықтың қимылы шектеулі топтары үшін «кедергісіз орта» 5 тармақ бойынша қамтылатыны айтылды.
– Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру маңызды. Әсіресе олардың қоғаммен араласуында еш кедергі болмауы тиіс. Осы топтағы адамдарға кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың алғашқысы барлық объектінің кіреберісіндегі пандус пен кіретін есік, табалдырыққа байланысты талаптардың сақталуы. Тарқатып айтсақ, пандустың беті тайғаққа қарсы жабындымен жабдықталып, екі жағында 2 қатар тұтқа жүргізілуі тиіс. Оның биіктігі 90 см, астындағы тұтқаның биіктігі 70 см болуы шарт, пандустың жоғарғы және төменгі деңгейлерінде тактильдік ескерту жолақтары орнатылуы керек. Пандустың тұтқалары дөңгелек, диаметрі 3,5-4,5 см аралығында дөңгелек қимадай жасалуы қажет. Сонымен бірге баспалдақтың алдында ені 30 см-дан бастап 50 см-ға дейін тактильдік ескерту жолақтарын қарастыру керек. Пандустың биіктігіне сәйкес ұзындығы 1/12 қатынаста болуы ұсынылады. Мысалы, пандус биіктігі 80 см болса, ұзындығы 6 м 67 см болуы керек. Ал объектінің кіреберісіндегі есік табалдырығы деңгейінің биіктігі 1,4 см-дан аспауы тиіс.
Жалпы аудан бойынша 935 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 105-і 1 топ, 253-і 2 топ, 372-сі 3 топ мүгедектері және 205-і 16 жасқа дейінгі ерекше күтімдегі балалар. Мұның ішінде зейнеткерлік жастағы мүгедектер 279 адам, еңбекке қабілетті жастағы мүгедектер саны – 451. Олар ерекшелік топтарына қарай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп тұрады, – деген бөлім басшысы қоғамдық маңызы бар мекемелердегі пандустардың әлі де аталған талаптарға сай еместігін, яғни кемшіліктер анықталғанын да айта кетті.
Осы жылы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті қызметкерлері аудандағы 32 нысанға мониторинг жұмыстарын жүргізіп, бірқатар кемшіліктерге куә болыпты. Атап айтсақ, аудан әкімі аппараты мен Мақпалкөл ауылдық округі әкімі аппаратынан басқа, кент және ауылдық округтерде мекеменің атаулары брайль қарпінде жазылмаған. Ал бес мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арнаулы орын белгіленбесе, мұнан бөлек стандартқа сай келмейтін пандустар орнатылған мекемелер де анықталған. Мониторинг жұмыстарының нәтижесінде кей объект аумағында осы топтағы жандардың автокөлігіне арналған автотұрақ орны да белгіленбепті. Мұндай кемшіліктер тек мекемелерде ғана емес, ауыл әкімшіліктерінде де кездеседі. Мәселен, Аламесек ауылдық округінде автотұрақ жоқ болса, Бұқарбай батыр, М.Шәменов, Жаңадария, Еңбек, Таң ауылдық округтерінде мүгедектерге арнаулы орын белгіленбеген, автотұрақ жоқ, қызметкерлерді шақыруға арналған қоңырау белгісі, мүгедектерге жолды бағдарлауына арналған тактильді тақтайшалар, плиткалар, тіпті ленталар қойылмаған. Осындай олқылықтар бөлімдерде, білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық маңызы бар мекемелерде де кездеседі.
Аудан әкімі Асылбек Өмірбекұлы аталған кемшілік кездескен мекеме, бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне жағдайды реттеу жөнінде ескерту жасады. Онсызда тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың өмірін қиындатпауды қатаң тапсырған өңір басшысы осы ескертуді жыл аяғына дейін орындау қажеттігін қаперге салды.
Ал күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Шарабан Қалыбаевтың хабарламасы тыңдалды. Бөлім басшысы 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өтетін шаралар легінен хабардар етті.
Шарабан Мақсұтұлының айтуынша, қыстың бірінші күні, яғни Тұңғыш Президент күніне орай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен сурет, кітап көрмелері және тақырыптық кеш өткізілетін болады. Ұлт көшбасшысының қызметін ұлықтау мақсатындағы шара Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде «Ұлт көшбасшысы» атты салтанатты жиынмен қорытындыланбақ.
Ал ата-баба аңсап өткен азаттық таңы атқан күн – 16 желтоқсан – тәуелсіздік күнінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік таңы мәңгілік» тақырыбында дөңгелек үстел, «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты тақырыптық кеш, «Желбіресін тәуелсіздік байрағы» тақырыбында сурет байқауы, сондай-ақ «Бостандықтың бойтұмары – Желтоқсан» тақырыбында кітап көрмелері ұйымдастырылмақ. Мерекеге орай, аудандық жастар ресурстық орталығы, кент және ауылдық округ әкімдері әлеуметтік желілерде #Тәуелсіз елге мың алғыс, #Тәуелсіздікке 30 жыл, #Тәуелсіз елдің жастары хэштегтері арқылы білім, мәдениет, спорт және басқа да салаларда жетістікке жеткен жастардың пікірлерін, видеоқұттықтауларын және лебіздерін жарияламақ. Бұдан бөлек «Тәуелсіздік – ұлы дала аманаты» атты салтанатты мерекелік шара, театрландырылған қойылым ұсыну да жоспарланған.
Ал мерекеге тарту ретінде аудан орталығынан жаңадан салынған Рәміздер аллеясы және 10 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Аудан халқының мерекелік көңіл-күйі мұнымен толастамайды. Желтоқсан айында дарынды жастарды ынталандыру және қолдау мақсатында аудан әкімінің «Жалын» жастар сыйлығы да табысталмақ.
Аппарат жиынында көтерілген мәселелерге байланысты сын-ескертпелер де айтылды. Әсіресе аудан әкімінің назарына іліккен мәселеге қатысты тапсырманы ауыл әкімдеріне енді жыл аяғына дейін орындау қатаң ескертілді. Шешілмейтін түйін жоқ екенін айтқан өңір басшысы сынықтан сылтау іздегенше, мәселенің мәнісіне үңіліп, нәтижеге жетуді тілге тиек етті. Ал жауапкершілік бар жерде жүйелі жұмыс та, оң нәтиже де болатыны бесенеден белгілі.
Нұр НАУАН