Қыз тәрбиесіне қырағы болайық
Қазір қыз тәрбиесі қоғамда көп талқылануда. Ең қиыны, кәмелетке толмаған мектеп жасындағы балауса қыздарымыз жүкті болып қалып, ата-анасын да, білім мекемесін де жерге қаратып отырғаны ащы шындық. Қоғамдағы осы бір түйткілді мәселені бәріміз өзімізге сөз келмесін деп жабуға, жасыруға тырысамыз. Алайда біз бұл әрекетімізбен ата-бабамыз көзінің қарашығындай ардақтаған қаракөздеріміздің намысын қорғап, тағдырын сауықтыра алмаймыз. Сондықтан қыз баласын қырық үйден тыйған атам қазақтың дәстүріне де ден қойып, ақылшы аналарымыздың үгіт-насихатын шынында мектеп қабырғасынан үйретуіміз керек.
Жуырда ғана Таразда өткен «Анаға тағзым» республикалық аналар форумына қатысқан қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы елімізде жас аналарға үлгі болатын көпбалалы, батыр аналарды телеарналар арқылы насихаттауды, сондай-ақ жасөспірім қыздарға болашақта үлгілі келін болуды үйрететін сабақ өткізуді ұсынған болатын.
«Біз қыздарымызға білімді болуды, мансап қууды үйреттік. Ананың бірінші білетіні – рухани дүние болуы керек. Рух деген ол – тіл, ол –тек. Қыздарымызға жоғары сыныпта бесік жырын айтудан, күйеуін күтуден, ата-енесін күтуден сабақ өткізу керек. Қазір бәрі білімге көшіп кеткен, білім емес бізге - руханият қажет» деді ол.
Айта кетейік, ер мен қыз баланың рухты болып жетіліп, елшіл, ұлтын сүю қасиеттерді бойына сіңіруде ата-атаның еңбегі өлшеусіз. Бір қыздың намысын бір рулы ел қорғаған. Өткен тарихымызға үңілгенде сақ, ғұн, түркі дүниесінен бастап қыз баланы құрметтеу дәстүрі жоғары болғандығын көреміз. Әйелдер ерлерімен бірдей ел қорғау ісіне, мемлекеттік қызметке де араласқан.
Қазақ ұлты қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Араб тілінен ана тілімізге енген «қыз» сөзінің мағынасы «жібек» деген мәнге ие екендігі белгілі. Демек, әйел затының жібектей жұмсақ мінезді, биязы болуы шарт.
«Қыз баланы 13-15 жасқа толғанша өмірге дайындап, анасы білгенін үйреткен. Қыз баланы тұрмысқа ерте беріп, ер баланы ерте үйлендіру салты өмір даналығынан туындаған. Отбасылық өмірге ерте бейімделу, әрі ұрпағын қайраты тасыған жас уақытында өмірге икемдеу мақсатын көздейді» дейді тарихшы Құралай Сәрсембина.
Иә, шынында бірінші білімнен бұрын тәрбие өзекті. Тәлім-тәрбиесі мектептен қаланған қыз бала отбасы, ата-анасына ұят келтірмей, ар-намысын қамшылап, барынша иманды, әдепті болады. Сондықтан мектеп жасындағы тәрбиеге барынша мән беріп, кәмелетке аяқ басқан бойжеткендерге ұлағатты аналар тарапынан аналық болмысқа бағдар көрсететін сабақтар өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұл мәселе ұлт үшін де, ұрпақ үшін де маңызды. Себебі қыз – болашақ ана. Ал ана – ұлт пен ұрпақтың тәрбиесі үшін жауапты тұлға.
Г.АСҚАРҚЫЗЫ