» » МАҚСАТЫ АЙҚЫН, ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ

МАҚСАТЫ АЙҚЫН, ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ

Осыдан отыз жыл бұрын тура осы күні күллі қазақ даласын жақсы жаңалықтың жаршысы аралап кетті. Бұлттан соң шұғыласын шашып, жарқ еткен күн нұрындай бұл хабар әр жүрекке ерекше жылу сыйлады. Бұл күн – тарихтың күңіренген естеліктеріндегі азаттықты аңсап өткен ата-бабамыздың, кешегі 86-ның қанды қырғынында мұз жастанған намысты жастардың, тіпті қаны қазақ әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі асыл арманы еді. Бүтін бір ұлт дербестігін жариялап, көк аспанда еркін самғаған қыран құстай бостандыққа қол жеткізген сол жылдың тартуы елдің есінде мәңгіге жаңғырып тұр. Ал қазақ айтатындай, «ақ түйенің қарны жарылған» күні, дәлірек айтсақ, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманды әкелген 1991 жылы дүние есігін ашқан жандарды нақ тәуелсіздік ұрпақтары деуге болады. Шыр етіп жарық дүниеге келе сала қысылтаяң, қыспақты күндерді көрмей, алаңсыз, рухани еркіндікке құшақ жайған бақытты сәттердің куәгерлері олар.

Тәуелсіздікке қол жеткізу – Қазақстанды дүние жүзіне таны­та­тын үлкен тарихи оқиғалардың бастамашысы. Отыз жыл бұрын өзге елдің құрсауында болып, ғасырлар бойы азаттық үшін күрескен қазақ халқы өзінің тәуелсіздігін жариялап, егемен елге айналды. Халқымыздың сан мың ұрпағы армандап, дамылсыз күресіп келген азаттықтың ақ таңы атты. Қысқа мерзімде Қазақстан халқы қуатты мемлекетке, әлем таныған алпауыт елдермен иық тіресе алатындай жағдайға жетті. Жемісті жылдарда елдің тұрақтылығын, қоғамның қа­уіп­сіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың тыныштығына кепіл болатын Қазақстан полициясы құрылды. Қазақстан поли­циясы – халқымыздың берік қорғаны, тәуелсіздігіміз бен тұ­рақ­тылығымыздың сенімді тірегі. Әр аймақтағы полиция бөлім­дері жергілікті жердегі құқық бұзушылықтың алдын алуда, қоғамдағы қылмыстардың азайып, ел дамуына кедергі келтіретін олқылықтарды болдырмауда табандылық танытып, нәтижеге жұмыс жасауға күш салып келеді. Әсіресе, осы салада жүрген, ауданның тыныштығын, қоғамның тұрақтылығын күзеткен тәртіп сақшыларының еңбегі елеусіз қалмайды. Олар осы уақытқа дейін аудандық полиция бөлімінде де ахуалдың тұрақты болуы үшін жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Атқарған жұмыстары нәти­жесін беріп, көптеген қылмыстардың алдын алса, ашылған қылмыстар да жоқ емес.

Қылмыспен күресуде және оның алдын алуда табанды еңбек етіп, жастарға үлгі болып жүрген Мақсат Сейсенбаев қоғам тыныштығын сақтауда мемлекет артқан сенімді ақтауды азаматтық міндет деп біледі. Ішкі істер саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар тәртіп сақшысы – егемендікті паш еткен жылы дүниеге келген тәуелсіздік құрдасы. Мақсат Сейлханұлының тәртіп сақшысы болу бала күнгі арманы екен. Жастайынан үлкен жауапкершілікке өз-өзін баулыған ішкі істер саласының қырағысы бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігін өзінің ізденімпаздығымен байланыстырады. Қазіргі таңда Есет батыр ауылында учаскелік полиция инспекторы болып қызмет ететін ол бүтін бір елді мекеннің тыныштығын күзетіп, тәулік бойы халыққа қызмет етуде. Бұл бағыттағы жұмысы нәтижесін беріп те жатыр. Бұлай деуімізге себеп – Мақсаттың бірнеше рет еңбегі еленіп, лайықты құрмет төрінен табылуы. Кеше ғана мереке қарсаңында өткен шарада жұмысының жемісін көріп, марапатталған ол бұған дейін де аудан әкімі, бөлім бастығы тарапынан алғысқа бөленді.

– Біздің міндет – елдің амандығын, қоғамның тыныштығын күзету. Жауапкершілік жүгінің ауыр екенін білеміз. Осы қызметке келгендіктен, абыроймен атқаруға, халыққа пайдалы іс жасауға, тәртіптің орнауына, құқық бұзушылықтардың алдын алуға күш саламыз. Ең бастысы – халықтың сенімінен шығу, елдің қорғаны болу, тәртіп сақшысына тән барлық қасиеттерге лайық болу – біздің міндет. Аудандағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға және қылмыспен күресу ісіне, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ат салысуға тиіспіз.
Бізге уақытпен санасуға болмайды. Себебі қылмыстың қай уақытта және қай жерде орын алатыны белгісіз. Сондықтан біз өзімізге белгілеп берілген аумақтың тыныштығын күзетіп, қылмысты болдырмау үшін тәулік бойы жұмыста боламыз. Себебі өзімізге тыныштықты сақтауда, қылмыспен күресуде міндеттеп қойған елді мекен тұрғындарының малы жоғалса да, пәтерінен қажетті заты қолды болса да бірінші кезекте жауапкершілік бізден сұралады. Тәуелсіз елімізге қызмет ету біз үшін зор мақтаныш қой. Азамат болған соң, бейбіт күннің ұзағынан болуын күзету де біздің міндет деп білемін, – деген сала қызметкерінің сөзінен-ақ өз жұмысының нағыз шебері екенін айқын аңғаруға болады.
«Елмен бірге егемендігімізге қуанған біздің шаңырағымызда да сол жылы үлкен қуаныш болды. Ел тәуелсіздік алғанда өмірге келген Мақсат баламның алдағы өмірі де жарқын боларына сендім. Қай ата-ана бауыр еті балаларына жақсы, бейбіт өмірді тілемейді?! Шүкір, балам бүгінде елдің қорғаны, ішкі істер сала­сының қызметкері. Өз жұмысын жауапкершілікпен алып жүруге әркез тырысады. Қай кезде де, кез келген уақытта жұмысын бі­рінші орынға қояды. Қоғамның тыныштығы, тұрақтылығы біздің жауапкершілікті қаншалықты түсінетінімізге тікелей байланысты дейді. Жұмысы ширақ, жүйелі болса, елдің алғысында болады ғой қашанда. «Мақсаттың осындай тәжірибелі маман болуына еңбек сіңірдіңіз» деп аудандық полиция бөлімі алғыс білдіріп жатыр. Мерекелік шараға қатысып, құрмет төрінен көріндік. Ата-ана үшін баласымен мақ­танғанға не жетсін?!» дейді тәуелсіздік құрдасының анасы Жадыра Байжанова.

Өзі кент орталығының тұрғыны болса да Есет батырлықтар Мақсаттың жұмысына мығым екенін әу бастан-ақ байқапты. Мақсат жауапты елді мекенде анау айтарлықтай қылмыстар орын ала қоймайтын көрінеді. Әрине, бұл жерде де қылмыстың алдын алуда қырағылық танытатын полиция инспекторының кәсібилігін айтпай кету мүмкін емес.

– 2017 жылдың аяғынан бері осы ауылға учаскелік полиция инспекторы болып бекітілдім. Атқарған жұмысымның нәтижесі болар, сол уақыттан бері осы өңірде қылмыстың алдын алу бағытында қолға алған шараларым жемісін беріп жатыр. Халық та дән риза. Мен де қолымнан келгенше жауапкершілікті бірінші кезекке қойып, артылған сенімді ақтауға жұмыс жасай беремін. Аламесек ауылының халқы бірлікті ту еткен, қашанда жұмыла көтерген жүктің жеңіл боларын түйсігімен түсінген жұрт екенін анық байқайсыз. Біреуді сырттан келді деп жатырқау олардың бойында жоқ қасиет. Соның дәлелі болар, қазір өзім де осы өңірдің бір баласына айналдым, – дейді Мақсат Сейлханұлы.

1991 жылы қыркүйек айында дүниеге келген тәуелсіздік құрдасы осы салада мол тәжірибе жинақтап үлгерді. Ақтөбе Заң институтында мамандығы бойынша білім алған ол 2014 жылы аудандық полиция бөліміне жұмысқа қабылданды. Алған білімін қызметте жүріп шыңдады, өзі де шыңдалды. “Ел қорғаны” деген атты арқалап жүрген азамат отбасында да шаңырақтың тірегі. «Отан отбасынан басталатынын» білетін ол тәрбие тетігін қара шаңырағынан бастап қалыптастырыпты.

Кешегі батыр бабалардың, жаужүрек батырлардың жалғасы бүгінгі тәртіп сақшылары. Осындай атадан жеткен аманатты мой­нымен көтеріп жүруді азаматтық парыз санаған сала қыз­меткерлерінің Отанға деген сүйіспеншілігінің жоғары екені дау­сыз. Ата Заң алдында ант беріп, қызметін адал атқаратын жігерлі жігіттерден құралған аудандық полиция бөлімінің беде­лі артпаса, кемімесін дейміз. Елінің намысын көтере алған, қоғам­ның тыныштығын қырағылықпен күзеткен, халқына қорған бола білген ішкі істер саласы қызметкерлерінің қай кезде де еңбектері елеусіз қалмақ емес. «Елге қызмет етемін» деген Мақсат біра­уыз сөзімен-ақ погон таққан қырағылардың негізгі мақсатын ай­қындап бере алды.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

16 желтоқсан 2021 ж. 266 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930