» » ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ

Қашаннан кең даланы қоныс етіп, жұмыр жердің төсінде еркін өмір сүріп келген халық кешегі кеңестік кезеңде біраз тоқырап қалды. Тоқырап қалды дегенде тұрмыстық тоқырау емес, ұлттық салт-дәстүр, құндылық дегендерден қол үзіп қалды деуге болады. Біразы ұмытыла бастады, кейбірі қолданыстан түбегейлі шықты. Бұл тұста жалғыз қазақ елі ғана емес, өзге де ұлттар осы секілді кезеңді бастан өткерді. Дегенмен ол қиындықтардың бәрі артта қалды. Тұғырлы тәуелсіздігіміздің отыз жылдық кезеңінде жас мемлекетіміз талай асудан асып, биік белестерді бағындырды.

Тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстанды дү­ние ­жүзіне танытатын үлкен тарихи оқиғалардың бастамашысы бола білді. Қанатын кеңге жайған жас мемлекет дәуірлік өзгерістерден тайсалған жоқ. Замана ағысымен бірге жасасып, бойдағы тектілік қасиетін жоғалтпай, сан ғасырғы нәубетінің жемісін көрді. Ел тәуелсіздікке қол жеткізіп, ата-баба арманы орындалды.

Отыз жыл бұрын өзге елдің құрсауында болып, ғасырлар бойы ұлт-азаттық үшін күрескен қазақ халқы өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, егемен елге айналды. Кезіндегі білектің күшімен, найзаның ұшымен елін, жерін қорғаған батыр бабаларымыздың асқақ арманы азаттық жолында талай жанды алға жетеледі. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекеттің бірден аяққа тұрып кетуі оңай болмады. Дегенмен қысқа мерзімде Қазақстан халқы қуатты мемлекетке, әлем таныған алпауыт елдермен иық тіресе алатындай жағдайға жетті. Әртүрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астына ұйысты. Кезіндегі замана көшімен үдере көшкен өзге ұлт өкілдеріне де кең құшағын жайып, қанатының астына алған егемен еліміздің болашаққа жасалған қадамдары айқын, мақсаттары биік. Осы аз ғана уақыттың ішінде қанша жетістікке жетсек те, алдағы уақытта алатын асуымыз бен атқаратын шаруа көп. Тәуелсіздікке жету жолында табанды еңбек еткен, еліміздің ал­ғашқы тегеурінді тірліктерінің бастамашысы бола білген, Қазақстанның ше­ка­расын бекітіп, азат­тығының мәңгілік бо­луы­на тілекші болған кемеңгер тұлға, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін атап өтпеу мүм­кін емес. Ол кісінің тарих толқынындағы саяси ерлік істері, бірегей тұлға, көшбасшы ретіндегі бастамалары ел жадында, тарихтың алтын бет­терінде сайрап тұр. Жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында кемеңгерліктің үлгісін көрсете отырып, халыққа пайдалы, қоғам үшін тиімді істерге жол аша білді. Сонау тәуелсіздік алған жылдардан бері Елбасы қазақстандықтар үшін, жас ұрпақтың болашағы үшін талай сыннан өтіп, көреген саясатының арқасында егемендіктің негізін берік қалады. Жыл сайын дәстүрлі түрде Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздің ертеңі үшін өзекті, ойлы шешімдер қабылдап, халықты қуатты сөзімен қанаттандырып отырды.

Бүгінде еліміз көркейді, әлемдік деңгейде өз биігін бағындыра алатын дербес мемлекет екенін дәлелдеді. Ұлт санасының қайта жаңғырып, ескі қағидалардан арылу жолында Елбасы жа­рия­­лаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында да ауқымды істер атқарылды. Халықтың үні саналатын тіл мен әдеби қордың тазарып, артық таңба мен дыбыстардан арылу үшін кириллицадан латын әліпбиіне көшу, жаңа әліпби арқылы әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін бойлау, ғылыми техниканың тілін еш қиындықсыз меңгеру мақсатында осындай саяси шешім қабылданды. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір Қазақстан азаматы ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.

Тұңғыш Президенттің бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері біздің ауданда да жүйелі жұ­мыстар атқарылуда. Жаңғырудың алғашқы бас­палдағы саналатын латын әліпбиіне көшу бас­тамасы да аудан халқын бей-жай қалдырған емес. Сонымен бірге салт-дәстүрлерді халық жадында қайта жаңғыртып, бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында да айтулы шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, бірнеше жыл бұрын «Туған жерге тағзым» жалпы республикалық акциясы, «Жастар – туған жерге» атты аудандық жастар форумы секілді тарихи оқиғалар көптеп орын алды. Соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы қарқынды дамуда. Салаға серпін беріп отырған «Нұрлы жер» сынды бағдарламалар аясында да қаншама қазақстандық баспаналы болды. Бұдан бөлек өздеріңізге белгілі жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды. Қаншама қазақстандық жайлы қоныс, жаңа баспанаға ие болды. Міне, бұл да мемлекеттің халық үшін жасаған тиімді қамқорлығы. Жалпы мұның барлығын халықтың әлеуметтік деңгейін көтеретін бірден-бір бастама деуге болады.

Мемлекет басшысы көрсеткен сара жол, саяси құжаттарында айтылған нақты әрі сенімді шешімдер – егемен еліміздің жарқын болашағына бастайтын алтын көпір. Отыздыққа ену мемлекетіміздің мәң­гілік мұраты болғандықтан, біз қашан да заман сынына төтеп беруге дайын боламыз және бұл ел ынтымағының арқасында жүзеге асатынын ұмытпаған жөн. Сонда ғана тәуелсіз мемлекетіміздің озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуына мол мүмкіндік туады.

Жалпы біз жас мемлекет болғанымызбен, та­ри­хымыз тереңде. Том-том тарих беттерін ақтарсаңыз, қазақ деген халықтың сондай қайсар, өжет екенін түсінесіз. Өйткені біздің ата-бабаларымыз талай зұлмат заманды, сұрапыл соғысты, қанды шайқасты да көрді, еңсерді. Енді бүгінгі біздің міндетіміз осы бейбіт заманның қалай орнағанын, қандай қиындықпен келгенін және ұлттық құндылықтардың сарқылмас қазына екенін ұрпақ жадына сіңіру, насихаттап, үлгі ретінде қалдыру болмақ.

Нұр НАУАН

07 шілде 2021 ж. 434 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930