МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ
Үлкен жолдың бойында орналасқан Аққұм елді мекенінде ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған. Иә, қазір бұл ауылда Сыр салысының өзі өндіріліп барып, экспортқа шығарылады. Себебі мұнда тәулігіне 12-13 тонна күріш ақтайтын алып цех іске қосылған. Осыдан 4-5 жыл бұрын барғанымызда “Бақдәулет – 57” шаруа қожалығының мал шаруашылығы бағытында бірқатар жобаны қолға алғанына қаныққанбыз. Кейін мал басын асылдандыруға ден қойған бұл шаруашылықтың да бүгінде шаруасы ширапты.
Осыдан он жыл бұрын жұмысын бастаған шаруашылық бүгінде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұрынғы төраға Серік Шуақбаев мемлекеттік бағдарламаның көмегімен Ақтөбе облысынан 62 бас асыл тұқымды ақбас бұқа сатып әкелгенін айтқан еді. Әрі қарай ірі қара малын асылдандыру бағытында жұмыс жасап, ет бағытында өндірілген өнім көлемінен толайым табысқа кенелген. Сондай-ақ осыдан бірнеше жыл бұрын «Алтын асық» бағдарламасымен Батыс Қазақстан облысынан асыл тұқымды 300 бас ірі құйрықты қой мен 15 бас қошқар алып, қой шаруашылығын дамытуды да қолға алған еді. Қорадағы уақ малдың тұқымы бөлек екені көрініп-ақ тұр және олардың санында да бүгінде айтарлықтай өсім қалыптасқан.
Мұнда төрт түліктің барлық түрі бар. Кез келген кәсіпкер мал шаруашылығы бағытында жұмыс жасамас бұрын алдымен оның жем-шөбін қамдайды. Төрт түлікті түлеткен аққұмдықтар мал азығынан таршылық көрмеудің де қамын қарастырыпты. Мәселен, фермерлік кәсіпорын жұмысымен «Бақдәулет» шаруа қожалығы қатар құрылған еді. 2012 жылы «Аққұм ЛТД» серіктестігінің ізімен жұмысын бастаған шаруашылық бастапқыда 695 гектар алқапқа егін егіп, Жер анадан ырзық-несібесін жинады. Бүгінде шаруашылықтың жер көлемі де ұлғайып, жиын-терім кезінде қамбасы қазынаға кенелуде. Егін саласында сапалы әрі мол өнімге қол жеткізу үшін алдымен техника сапасының жақсы болуы қажеттігі айтпаса да белгілі. Ал мұнда базадағы техникаларды жаңарту жұмыстары 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Асыл тұқымды мал санын арттыруға ден қойған бұл ұжымның ауласында жылқы мен түйе, сиыр мен уақ малдың да қарасы қалың. Ферма бригадирі қазірдің өзінде мұнда 1150 қой барын айтады.
– 150 бас ақбас сиыр өсірудеміз. Оның 100-ге жуығы – аналық, қалғаны – баспақ, бұзау, тайынша. Сондай-ақ 54 түйе бар. Оның он шақтысын сауып, шұбатын қалаға жібереміз. Жылқы да ұстаймыз. Қамбар атаның тұқымынан 300 бас бар, олар көбіне қолда емес, жайылымда, – дейді бригадир Әділқадыр Тұрмағанбетов.
“Бақдәулет – 57” ШҚ-да бордақылау алаңы, қасапхана жұмысы жолға қойылған. Мұнда күз-қыс айларында 30-40 бас ірі қара сойып сатылады. Ал уақ малды керек еткен тұрғындар тікелей ақшасына алса, жұмысшылар жағы жалақысынан жаздырып алатын көрінеді. Қорада бордақыланған төрт түліктің барлық түрі қоңды, саны да айтарлықтай артқан. “Мал баққанға бітеді” деген осы шығар, сірә.
– Ферманың өзінде, күріш шаруашылығын қоспағанда 25 адам жұмыс істейді. Бордақысы бар, сауыны бар, бәріне де жұмысшы керек қой. Арық-тұрағын бағуға да көп күш керек. Ветеринар дәрігер ұдайы қадағалап, тиісті екпе жұмыстарын уақытылы жүргізіп отырады. Негізінен жылқыдан басқасының бәрі қыста қораға айналады. 60-70 мың дана жоңышқа жиналып, қосымша табиғи шөп пен жем де шаруашылықтың өзінен дайындалады, – дейді ферма бригадирі.
Ветеринар Сейдулла Өрікбаев кейде уақ малда өкпе аурулары болатынын айтады. Жылқыда сақау, сиырда қарасан дейтін ауру ара-тұра кездесіп қалады екен. Кейде жылқылар өзара тебісіп те жараланып жатады. Кесте бойынша екпе салып, төтеннен келер кейбір дерттің алдын алып жүрген шаруашылықта мал шығыны көп болмайтын көрінеді.
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген халқымыздың даналық сөзі бар. Инвестор «Бақдәулет-57» фермерлік шаруа қожалығының демеушілігімен Аққұм ауылдық округі абаттанып, игілікті істер атқарылып келеді. Бастысы, береке мен бірлік ұялаған ауылдың тірлігі де тындырымды. Бүгінде шаруашылықтың қаржылай қолдауымен ауылда 40 орындық монша, үлкен сауда орталығы мен спорт кешені бой көтерген. Жаңа нысандар ауыл ажарына әр берумен қатар өңірдің келбетін айшықтауда.
Алып кәсіпорындар шоғырланған өңірдің өркендеуі қазір-ақ. Бұл сөзімізге жыл сайын түрлі жобалар жұмысын бастап жатқан Аққұм ауылы дәлел болары анық. Егін және мал шаруашылығын дамытуға ден қойған екі кәсіпорынның өзі қаншама ауыл халқын жұмыспен қамтып отыр. Міне, мемлекеттің аталған саланы қолдауға басымдық беріп отырғаны да сондықтан және оның жемісін аққұмдықтар көріп отыр деп толық айта аламыз.
Айтпақшы шаруашылық ұжымы тек ет бағытында үлкен табысқа кенеліп отыр. Бұйыртса, ірі қараның басқа тұқымын әкеліп, мұнда сүт бағытында да өз жобаларын жүзеге асыруды көздеп отыр. Кәсіпорын көкжиегі кеңейсе, кіріс көзінде де өсім қалыптасары сөзсіз.
Жандос ЖАЗКЕН