Мал шаруашылығы: табысты еселеудің тиімді жолы
Қазір мемлекет елде ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отыр. мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында да осы ауыл шаруашылығының ішінде мал шаруашылығын ілгерілетудің тиімді тетіктері қарастырылған. Мұнда қазақстан президенті мал басын асылдандыруға басымдық берілу қажеттігін айтып, тіпті ет өнімдерін әзірлеуде кенжелеп қалған тұсымыз көп екенін назарға салды. Рас, бүгінде шаруашылықтар да, жекелеген азаматтар да қорадағы малын сойып не тікелей саудаға шығарады. Ал елде ет өнімдерін әзірлейтін зауыттар жоқтың қасы. Болған күннің өзінде ондағы өнімдер сыртқа экспорттала ма, бұл сауалға да бір жақты үн қату қиын.
Бұрын шаруалар тек мал басының артуын өзінің саладағы жетістігі санаса, қазір асылдандыруға күш салуда. Мұның бәрі мемлекеттік бағдарламалардың тікелей жемісі екеніне ешкімнің таласы жоқ. Жалағаш ауданының өзінде іскер азаматтар мал басын арттырумен қатар асылдандыруға басымдық беруде. Нәтижесінде төрт түлікте өсім айқын байқалып отыр. Былтырғымен салыстырсақ, МІҚ 2, жылқы 7,8, түйе 1,1, уақ мал 96,8 пайызға артқан. Мұндай тұрақты өсімі бар көрсеткіш мал шаруашылығы өнімін өндіруге де тікелей әсер етіп отыр. Жыл басынан бері он айда ет өндіру 102,3 пайызға, сүт өндіру 101 пайызға орындалған.
Аудан бойынша 88 шаруашылық тікелей мал шаруашылығымен айналысады. Оның 84-і «Сыбаға», «Құлан» бағдарламаларына және 4-еуі «Алтын асық» бағдарламасына қатысып, «Сыбаға» бағдарламасымен 4 шаруашылық 290 млн теңге, ал «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 3 шаруашылық 31,8 млн теңге несиеге қол жеткізді. Жыл басынан бері мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар 83,2 млн теңге көлемінде субсидия алды.
Осыдан 6-7 жыл бұрын бірлі-жарым шаруашылық асыл тұқымды мал басын алып келіп, жерсіндіруге жұмыс жасаған еді. Сол кезде мұның бәрі біз үшін жаңалық болып көрінген. Кейін олардың қатары көбейгенде барлық шаруашылық осыған жұмыс жасады. Нәтиже қалай, қазіргі таңда Жалағашта тек асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіріп отырған 3 шаруашылық бар. Аққұм ауылдық округінде орналасқан «Бақдаулет-57» ШҚ ет бағытындағы «Қазақтың ақбас тұқымды» асыл тұқымды шаруашылық статусын алып жұмыс жасауда. Сонымен қатар аталған шаруашылық МІҚ малынан бөлек асыл тұқымды қазақтың ірі қылшық жүнді құйрықты қойын өсіруде. Шаруашылық жыл сайын асыл тұқымды бұқашықтар мен қошқарларын аудан, облыс көлемінде «Сыбаға» бағдарламасымен айналысып жүрген шаруашылықтарға сатуда. Биыл 128 бас тоқтыны Иран республикасына экспорттады.
Жаңадария ауылдық округінде «Адал» ЖК асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсіріп отыр. Ақсу ауылдық округінде «Киясов Еркебұлан» ЖК биыл Ресейден 100 бас асыл тұқымды қалмақ сиырын әкеліп жұмыс жасауда.
Алдағы уақытта «Сыбаға» бағдарламасымен «Қайыпназарова» ШҚ Ресейден 144 бас қалмақ тұқымды МІҚ Ресейден әкелуді жоспарлаған. «Агролидер Таң» ЖШС да 110 бас Венгриядан «Симментал» тұқымды МІҚ жыл аяғына дейін әкелуді межелеп отыр.
Қазіргі таңда шаруашылықтар асыл тұқымды мал басын көбейте алатынын дәлелдеді. Енді ет өнімдерін өндіретін цех ашуды да назарға алады деген ойдамыз. Қазірдің өзінде Таң ауылдық округінде «Агролидер Таң» ЖШС ет өнімдерін қайта өңдеу цехы ашылды. Цех тәулігіне 800 келі, жылына 120 мың тонна ет өнімдерін (консерві) өңдейді. Аталған кәсіпорын келер жылдан бастап жұмысын бастаса, 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ет өнімдерінен бөлек «Айбике-2018» АӨК-ның басшысы да сүт өнімдерін өңдеу цехын ашып, жұмыс істеуде. Цех жылына 15 тонна сүт өнімдерін өңдейді. Қазіргі таңда тәулігіне 100 литр сүт өнімдерін нарыққа шығаруда.
Шикізат болған жерде кәсіпорынның қжаеттілігі туындайды. Сондықтан мұндай цехтардың саны артса, өңір үшін де, кәсіпкер үшін де тиімді. Қазірдің өзінде ет өніміне ауданда сұраныс жоғары. Ал аталған цехтар жаңа жылдан кейін жұмысын бастаса, сұраныс мұнан да жоғары болары сөзсіз.
Ерлан Созақбаев