ШАРУАШЫЛЫҚТАР ІРІЛЕНСЕ, ШАРУА ДА ШИРАЙДЫ
Шаруашылықтар жұмысының алға басуы тек іскер азамат үшін ғана емес, жалпы ауданға тиімді болып отыр. Себебі, біздің экономикамыздың негізгі құраушы күші де осы сала. Сондықтан аграрлық аймақтың халқы ауыл шаруашылығын әлі де жетілдіру, техника базасын нығайту, шикізатқа қарағанда сыртқа өңделген өнім экспорттауға басымдық береді. Мұның бәрі түптеп келгенде тұтынатын өнімнің сапасына байланысты. Ауыл шаруашылығында қанша саланы цифрландыр, қаншама заманауи техникамен қанаттандыр, мұның бәрі сен өндіретін өнім сапасына айтарлықтай әсер етпейді. Бұлар істің алға басып, уақыт ұтуда ғана таптырмас мүмкіндіктер. Ал, өнім сапасына келсек, алдымен жердің құнары маңызды рөл атқарады. Ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді де пайдаланудың өзіндік тәртібі бар. Бірақ, соңғы жылдары осы тәртіптің қатаң сақталуы шаруашылықтар тарапынан өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ. Аудан әкімдігіндегі суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға қатысты кезекті аппарат мәжілісінде осы мәселе тақырыпқа тұздық болды.
Алдымен аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев суармалы жерлердің көлемін ұлғайту мемлекет үшін тиімді болатынын жеткізіп, ауданда соңғы жылдары бұл салада тыңғылықты жұмыстар қолға алынып жатқанын атап өтті. Мұнан кейін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Қалниязов облыс әкімінің суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға қатысты тапсырмасының Жалағашта орындалу қарқынын кеңінен тарқатты. Оның айтуынша, суармалы жерлердің құрамына аудан бойынша жаңадан 14 мың гектардан астам жер енгізілген. Қайратбек Сәрсенбаев тиісті жер көлемі аз емес екенін жеткізіп, енді тек күріш дақылын өсірумен айналыспай басқа да дақылдарға басымдық берудің тиімді екенін жеткізді. Сондай-ақ, әлі де игерілетін жерлерге қатысты жергілікті шаруашылық басшылары өз ойларымен бөлісті. Облыстан келген арнайы мамандар да бұл жұмыстардың өңір халқы үшін тиімді екенін жасырмады.
Екі кезең бойынша өткен аппарат мәжілісінде жердің тиімді пайдаланылуы да назардан тыс қалған жоқ. Өңір басшысы бұл тек әкімдіктің ғана емес, жалпы құқық қорғау органдардың да бақылауында екенін жеткізді.
Аудан әкімінің айтуынша, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді тиімді пайдалануда белгіленген тәртіп сақтала бермейді. Әсіресе, мұндай олқылыққа ұсақ шаруашылықтар жол беріп жатқан көрінеді. Осындай мәселелердің алдағы уақытта орын алмауы үшін облыстан арнайы басқарма және бөлім басшылары да келіп, өз ойларын ортаға салды. Ал Қайратбек Сәрсенбаев мұны бақылау қазіргі таңда аудан әкімдігінің құзырына берілгенін жеткізіп, ай сайын бақылау жұмысына талдау жасалатынын атап өтті.
Осыған дейін ауылдық елді мекендердегі келелі басқосуларда ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлердің расында тиімді игерілмей жатқанын тұрғындар да айтқан еді. Мұны тиісті бөлім басшылары да жоққа шығара алмады. Яғни, ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді пайдалануда көбіне ратация сақталмаған. Осы ретте аудан әкімі бірқатар шаруашылықтардың анықталғанын жеткізіп, тиісті жұмыстар жүріп жатқанын тілге тиек етті.
Жерді тиімді пайдаланбаған шаруашылық басшысына мемлекет тарапынан белгілі бір уақыт мөлшерінде шектеу бар. Мұны облыстан келген арнайы басқарма басшылары да жоққа шығармады. Бұл дұрыс шешім. Себебі, мұндай олқылықтарды заңмен тежемесе, кейбір жергілікті шаруашылықтардың өзі нан тауып отырған аумағына жанашырлық танытуға жеңіл қарауда. Бұл өз кезегінде өнім сапасына да әсер етеді.
Мұнан кейін мәжілісте шаруашылықтарды ірілендіру қажеттігі заман талабы екені айтылып, тиісті жұмыстар қолға алынатыны тақырыпқа арқау болды. Бұл жемісі мол бастама тәжірибеде бар тәсіл. Мәселен, көрші аудандағы Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан и К» серіктестігі бүтін бір ауылды көркейтіп, көгалдандырып отыр. Бұл бастама өзіміздің аудандағы Таң, Еңбек ауылдарында да қарқын алуда. Сондықтан шаруашылықтарды ірілендіру кез келген өңірдің әлеуетіне де оң әсерін тигізетінін бізге түсінетін уақыт жеткен сыңайлы. Осы ретте Қайратбек Сәрсенбаев бұл бастаманы біз қаласақ та, қаламасақ та заманның талап ететінін жеткізіп, тиісті жұмыстарды жүзеге асыру алдағы күндердің еншісінде екенін тілге тиек етті.
Е.СОЗАҚБАЕВ.