Қайраткер ауылының қарышты қадамы
Жүйткіген «Нива» автокөлігімен аудан орталығынан шығып, алақандай ауылды бетке алып зырлап келеміз. Лезде діттеген жерімізге келіп жеттік. Ауылдың ауасы қандай керемет. Елді мекенге алып барар төте жолға түскеніміз сол еді, алдымыздан өрістен қайтып келе жатқан ауылдың бір отар уақ малы көрінді. Шұбатылып жол берер емес. Бұл өте керемет көрініс болды. Көліктен дереу түсе қалып, шеру құрып бара жатқан төлдерге қарай фотоаппаратты туралап шырт еткіздік. Фотографтардың кадрына елдің құт-берекесі саналатын уақ малдың әдемі сәті ілігіпті. Біз осынау көріністі жақсылыққа жорыдық. Ә, дегеннен санада «ауылда мал шаруашылығы өркен жайған-ау» деген жақсы ой жылт етті. Қазекем ежелден айтпайтын ба еді, «Малдының беті жарық...» деп. Сол секілді біз табан тіреген ауыл берекесі тасыған, қорасы малға, ауылы жанға, даласы күрішке толы мекен екеніне шүбә келтірмедік.
Енді ауылдың қақпасына енерде көзімізге оттай басылғаны «Темірбек Жүргенов ауылы» деген көрнекі жазу. Иә, жүректе сәл толқу бар. Себебі біз еліміздің мемлекет және қоғам қайраткері болған тұғыры биік тұлғалы жанның есімін еншілеген ауылға қадам басып тұрмыз.
Сол себепті «Темірбек Жүргенов кім болған?» деген сауал алдымызда көлденең тұратыны белгілі. Олай болса, ол кісіні аттап өтіп, ауыл тынысын саралау әлі ерте. Шынында ел құлақ түретін атпал азамат жайлы дерек берейік.
Темірбек Жүргенов кім?
Анасы «Темірші» деп еркелеткен қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов 1898 жылы қараша айында қазіргі Қызылорда облысы Жалағаш ауданы бұрынғы Жаңаталап ауылындағы «Жүргеннің қыстауы» деген жерде дүниеге келген. Өз әкесі Қара, атасы Қуан мыңдаған жылқы айдаған дәулетті әулет болған. Жасынан әдебиетке жаны құмар жігіт өз сауатын Сырдың әйгілі шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ғибратты дәрістерімен ашып, «Шахнаманы» жаттап өсіп, парсы мәдениетін бойына ерте сіңірген. Оның өмірді көріп, шарболаттай ширыққан, жасындай жарқылдаған кезеңі Ташкенде оқып жүрген кезеңдерге сәйкес келеді. Сол жылдары 3-4 жыл қатарынан Қазақ АССР-ның Түркістан республикасындағы өкілетті өкілі, соңғы курста Қазақ педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарады. Ол оқу бітірген соң 1929 жылы Тәжік АССР-ның қаржы халкомы, 1930-1933 жылдары Өзбек АССР ағарту халық комиссары лауазымды қызметтерін абыроймен атқарды.
Темірбек Жүргенов жүздеген мектеп ашып, оқулықтар шығаруға атсалысты. 1933 жылдан Қазақ АССР-ның Ағарту халық комиссары болып тағайындалады. Халық комиссарының ықпалымен 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Қарағандыда, Ақтөбеде, Оралда, Алматыда, Қызылордада, Петропавлда, Шымкентте, Семейде екіжылдық мұғалімдік институттары ашылды. Архив, музейлер жұмысы жанданды. Күллі түркі мәдениетінің рухани ошағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі мемлекет меншігіне өтті.
Қайраткер тұлғаның барлық жетістіктерінің шарықтау шегі 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің бірінші онкүндігі болды. Жұлдызды өнер керуенінің көшін Темірбек Жүргеновтің өзі бастап барды. Осы сапардағы еңбегі ерекше бағаланып, 38 жасында өңіріне «Еңбек Қызыл Ту» орденін тақты. Ел ардақтаған азаматтың есімі мәңгілік жаңғыруы үшін Қызылорда облысы әкімінің 2016 жылғы 26 қазандағы №524 қаулысы, облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 26 қазандағы №67 шешімімен өзі туып өскен Жалағаш ауданының Мақпалкөл ауылының атауы «Темірбек Жүргенов» болып өзгертілді.
Міне, осындай мемлекет, қоғам қайраткері, күллі түркі әлеміне еңбек сіңірген алты Алаштың ардақтысы Темірбек Жүргенов ауылының қазіргі тыныс-тіршілігі туралы ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаевпен жолығып, тілдескенді құп көрдік. Сөзден іске бекем әкім көп мақтанға салынбай, атқарылған жұмысты шашау шығармай, саралап берді.
Ауыл әкімінің айтуынша, бүгінде Мақпалкөл ауылдық округінде 315 отбасы түтін түтетіп отыр. Жалпы халық саны 1855 адамды құрайды. Еңбекке белсенділер саны – 817, зейнеткерлер – 174, мүмкіндігі шектеулі жандар – 82, балалар мен жасөспірімдер – 571. Жалпы жұмыссыздық деңгейі – 2,4 пайыз. Жастар тәжірибесіне 6 жас маман жіберілсе, 27 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған.
Ауыл шаруашылығы саласында да серпіліс бар. 2021 жылы ауылдық округте 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10 шаруа қожалық 3 545 гектар жерге егін ексе, оның 1 883 гектарына күріш, 797 гектарына ескі жоңышқа, 432 гектарына жаңа жоңышқа, 117 гектарына жаздық бидай, 90 гектарына күздік бидай және 219 гектарына мақсары егіліп, мезгілінде жинап алынып, ауыл халқының ризық-несібесін молайтып, ел экономикасының өрге басуына ықпал етті.
Әрине, ауылды төрт түліксіз көзге елестету мүмкін емес. Берекесі тасыған ауыл атану үшін қораңда уақ малың мен ірі қараң, өріске жайылған үйір-үйір жылқың мен түйең болмаса, елдімекеннің сәні кіре ме? Бұл жағынан алғанда, ауылды дәулеті тасыған деп ауыз толтырып айта аламыз.
Бүгінде шаруа қожалықтар бойынша мүйізді ірі қара 537, жылқы 186, түйе 4 басқа жетіп отыр. Сонымен қатар ауылдық округтің жеке отбасыларында мүйізді ірі қара – 2 374, жылқы 347 бас, қой-ешкі – 3 968 бас және түйе 41 басты құрайды.
«Сарқасқа» фермер қожалығының төрағасы Ербол Нұрманбетов 20 бас жылқы, 163 бас мүйізді ірі қара, «Нұрбек» шаруа қожалығының төрағасы Ұлықбек Нұрылдаев 150 бас мүйізді ірі қара, 46 жылқы, «Күнтуаров» шаруа қожалығының төрағасы Ердәулет Кунтуаров 150 бас мүйізді ірі қара, 32 жылқы өсіріп, мал басын көбейту мақсатында жұмыс жасап келеді.
Қазіргі мемлекеттің алға қойған мақсаты ауылдық жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті жолға қою екенін күнделікті ақпарат көздерінен қадағалап отырмыз. Ауыл әкімінің сөзінше, осы бағыттағы жұмыстар да жандана бастаған. Бүгінде ауылдық округ бойынша 62 шағын кәсіпкерлік субъектісі аудандық кірістер басқармасына тіркелген. Оның нақты жұмыс істеп тұрғаны – 59. Оның қатарында 17 шаруа қожалық, 29 мал шаруашылығы, 7 сауда қызметі, жолаушы тасымалы, шаштараз, күріш ақтау диірмені, компьютерлік қызмет, тігіншілік, желімдеу қызметі мен монша бар.
– Кәсіпкерлік саласының даму қарқыны жақсы. Биылдың өзінде Бақыт Есқазиева мүйізді ірі қара өсіруге 3 млн теңге, Назым Исаева жүк көлігін алуға 2 млн 700 мың теңге, Гүлмира Алмағанбетова мүйізді ірі қара өсіруге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 3 млн 600 мың теңге несие алса, Жасұлан Нұрылдаев жылқы көбейтуге «Ауыл несие серіктестігі» арқылы 6 млн 300 мың теңге несие алды. Әзілхан Бермағанбет жылқы көбейтуге 3 млн 200 мың теңге, Ғабит Мінайдаров жылқы көбейтуге 2 млн 500 мың теңге, Ерсін Әбуов жылқы көбейтуге 3 млн теңге алуға МФО «Атамекен Қызылордаға» құжаттарын өткізіп қойған. Мемлекеттік грант алуға 5 адам қатысып, 583 400 теңгеден грант ұтып алып, мал өсіру және өзге де мақсаттарға қызмет жасамақ. Міне, ауылда кәсіпкерлік саласында осындай қарқынды жұмыс екпін алуда. Бұл болашақта ауылдың әлеуетін арттыруға жол ашады, – дейді ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаев.
Білім болашаққа салынған инвестиция екені мәлім. Тарихы терең білім ошағы саналатын Әбдікәрім Оңалбаев атындағы №117 орта мектеп – ауыл балаларына заман талабына сай оқу процесін жүргізіп, шәкірттерін білімнің қайнар бұлағымен сусындатып отырған қара шаңырақтың бірі. Мұнда білікті де білімді ұстаздар қауымы талай жарыстан жүлделі орындармен оралып, ел мақтанышы болған шәкірттер тәрбиелеп отыр. Бүгінде мектептің келбеті алыстан көз тартып, менмұндалап тұр. Себебі былтыр мектеп ғимаратына жалпы құны 219,1 млн теңгеге, келісім-шарт бойынша 173 млн 273,5 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Оны бас мердігер “RealStroiInvest” ЖШС толық аяқтап, балалардың сапалы да сәнді, жарық та зәулім ғимаратта заманауи технологиямен білім алуына жағдай жасалды.
Су – тіршілік нәрі. Ауыз су сапалы болса, ауыл халқы дән риза. Т.Жүргенов ауылының халқына былтыр жобалық құны 488,769 млн теңге тұратын, ұзындығы 21 991 метрді құрайтын су тарту жүйесі орнатылып, жергілікті тұрғындар сапалы суға қол жеткізіп отыр.
Бұдан бұрын да біз бұл ауылға бірнеше рет ат шалдырып, туған жерін түлетіп жүрген Әліби Бекжановтың шырайлы жұмысы жайлы кеңінен тарқатқан болатынбыз. Сөз арасында тағы да осындай алтын жүректі ұлдың туған жеріне жасаған тағылымды тірлігі туралы ауыз толтыра айта кеткенді жөн көрдік. Себебі бұл – кейінгі ұрпақ өнеге алатын, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге жол көрсетіп, ұйытқы болатын ғажап тірлік.
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын...» деген сөз бар. «Ауылын көріп, азаматын таны» деген тағы да керемет тәмсіл бар. Әлібидің ауылдың қақ ортасынан салған ересектер мен балаларға арналған жаттығу мен ойын алаңы ауылдастарын шаттыққа бөледі. 450 шаршы метр аумаққа орналасқан алаңда балалармен бірге ересектерге де бір сәт бойларын сергітіп, жаттығу жасау қарастырылған.
Алаңда жүгіріп, асыр салып ойнап жүрген бүлдіршіндер мен балаларды көріп риза болдық. Біздің бала күнімізде мұндай кереметтің бірі де болмады. Мұнда балалар сырғанақ, әткеншек, таразы, айналмақ секілді шағын аттракциондарға кезекпен мініп, алаңсыз ойнап жатыр. Ал ересектер болса, өздеріне арналған спорт алаңында дене жаттығуларын жасап, таза ауада ойын, бойын сергітуде.
Бұл балалар кешені мен тренажерді салуға белгілі кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Әліби Бекжанов өз иелігіндегі «Ер-Әлі» шаруашылығының есебінен 13 миллион теңге қаржы жұмсапты. Өзінің айтуынша, кәсіпкердің туған ауылына жасап жатқан қамқорлығы бұнымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта өз қаржысына ауылдың орталық көшесін жарықтандырып және сол көшенің екі жағына латок қойып, толық аяқсу жеткізіп, тал егіп көркейтіп, абаттандыру жұмысын жүргізбекші екен. Ауылдағы М.Нұрылдаев көшесін жарықтандырыпты. Өзі оқыған білім ұясы №117 орта мектепке де спорт жабдығынан бастап талай көмек берген.
Орайы келгенде айта кетейік, аймағымызға белгілі кәсіпкер, “Құрмет” орденінің иегері, «Ер-Әлі» шаруашылығының төрағасы Әліби Бекжанов жұқпалы індеттің алғашқы толқынында Аққыр, Жаңаталап ауылдарына көмек қолын созып, әрбір отбасына тонналап тегін азық-түлік таратты. Ауыл тұрғындарының ақжүрек азаматқа алғысы шексіз. Сол еңбегі ескеріліп, биыл ол «Халық алғысы» төсбелгісін өңіріне тақты. Ал Әліби болса, қарапайым ғана жымиып, «азамат еліне жасаған жақсылығын пұлдамайды» дейді.
Мұнан бөлек халық қалаулысы осы өңірдегі 10 отбасына жеке қаражаты есебінен баспана салдырып жатыр. Қазір олардың алды өз үйлеріне кіріп, қоныс тойын тойлап үлгерді. Ал біршамасының құрылысы қарқын алған. 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Рақымжан Батеновтің тұрғын үйінің шатырын жаңалап, жалғызбасты ана Ш.Сүлейменованың үйін жөндеуге қаржылай көмек көрсетіпті.
2021 жылы желтоқсан айында «Ер-Әлі» шаруа қожалығының құрылғанына 20 жыл толуына орай Т.Жүргенов ауылының 315 отбасына 25 келіден ақ күріш таратты. Алдағы уақытта балалары жақсы оқыған отбасыға шәкіртақы төлеуді жоспарлап отыр.
Иә, расында елдің жайын ойлап, ауылдағы ағайынның кемшін тұстары жанына аяздай бататын азамат күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан безіп, өз жоспарларын қалайда жүзеге асыру үшін тыным таппай қажырлы еңбек жасауда. Осылайша 2018 жылы алманың жас көшеттерін «Құрманбай ата» бағына отырғызды. Алланың ғажабына қараңыз, «Диқан мәрт болса, жер жомарт» дегендей, Әлібидің көшеттері бірі қалмай бой түзеп, көтеріле бастады.
Бұл бақта ауылдың атпалдай 4 жігіті жұмыс жасайды екен. Бақтың көлемі 6 гектарды алып жатыр. Оған барлығы 12 600 түп алманың 4 сұрпы отырғызылған. Бұл бақтан түскен қаржы туған ауылының игілігіне жарап тұр. Мәселен, Әлібидің бастамасымен жуырда №15 «Балбөбек» бөбекжайында кәріз жүйесі жаңарып, 20 қолжуғыш пен 17 балалар әжетханасы орнатылып берілген.
Бұл қомақты қаражаттың бәрі маңдай тер, көреген ақылдың, жомарт жүректің жемісі екенін аңғарсақ, Әлібидей азаматқа ауылдастарының алғысы шексіз. Ал алғыс алған азаматтың әркез жолы даңғылға бастайды.
Айта кетейік, мұнан бөлек 2020 жылы сәуір айында пандемия уақытында «Ақниет» шаруа қожалығы төрағасы Табынбай Тұңғышбаев 290 отбасыға 1 млн 400 мың теңгенің азық-түлігін, «Мақпалкөл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 100 отбасыға 50 кг күрішті тегін таратып берді.
Иә, аядай ауылдың еңбекқор халқының, ондағы атпал азаматтардың жасап жатқан жұмыстары таңдай қақтырады. «Ерім дейтін ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын?» дегендей, бұл шашауы шықпаған берекелі ауылдың ауызбіршілігінің арқасы. Елден көңіліміз толып, марқайып аттандық. Жолымыз түсіп, өркенді ауылға табан тірегенімізге қуандық. Ауыл қақпасынан шығып бара жатып, әлгі ауылдың кіре берісіндегі жазуға еріксіз тағы да көз тіктік. Шынында қоғам, мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов ауылы атпал азаматтың рухын көтеріп тұр екен. «Болса ауыл осындай-ақ болсын!» дедік іштей. Өсе бер, өркендей бер қайраткер ауылы!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА