ҰЛТТЫҢ ЖАНЫН ҰЛЫҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК
Тіл – ұлттың жаны, жүрек түкпіріндегі ұлы мұраты, руханияттың алтын қазынасы. Ташкенттің бір жоғары оқу орнында студенттермен кездесуінде Бауыржан Момышұлына бір қыз сауал қойыпты «Ата, қазақ тілі өміршең бе?» деп, сонда батыр сәл ойланып барып, «Мына сарттар дарақ деп аталатын ағашты отырғызады. Сол дарақ өскен сайын бұтай береді, керегін алып, қалғанын сатады, ол дарақты мына сарттар бұтаған сайын ол ерегісе бұтақтанып өсе түседі, бірақ қызым олар қанша бұтаса да оның тамырына жете алмайды. Сол сияқты қазақ тілінің тамыры өте тереңде оны ешкім де, ешқашанда шаба алмайды, сондықтан қызым қазақ тілі өлмейді» деген екен.
Сол айтпақшы небір ғұламалардың өсиетіне арқау болған ғажап, табиғаты әдемі, құнарлы тіліміздің айналасында айтылатын мақтаулар да, даттаулар да бар. Ол даттаулар ана тілін білмейтін, оның терең құпиясына бойламайтын, өз тілінде ойын жеткізе алмайтын дүмше молда секілді өз тілін шала меңгергендерге айтылып жүр. Қазақ тілі қазақтардың тұнық, таза ойының бастауындай мөлдіреп тұрмаса, тілін бұрап акцентпен сөйлесе, бай тіліміздің түрліше құбылып, сөздің жанын кіргізетін әдемі теңеу, мақал-мәтел, өсиет, шырын сөздерін пайдаланбаса, шынында көңілде реніш болатыны рас. Салғырттық сан соқтырады. Мен қазақпын деген адамның ана тілі әр жүрек лүпілімен бірге соғу керек. Тілге немқұрайлы қарағанада мол кеудесінде елжандылық, ұлтқа жанашырлық сезім бүр жармаған, патриоттық толқынысы оянбаған дертті жандай елестейді маған.
Елімізде тіл жанашырлары осы ана тіліміздің келешегі туралы жанұшыра айтып, дүл-дүл жыр арнап, мінбелерде ұлттың қасіретін өз тілін білмеуде екенін ескертіп жатса да оянбайтын жандар мен шынында ашық тіл майданына шыққан дұрыс та болар. Жуырда тіл жанашыры Аман Абасилов өзінің фейсбук парақшасында осы тіл мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оны тіпті бірнеше тармақпен жіктеп жариялады. Онда шынында адамды ойландыратын кеңестер бар. Сол қалпында ұсынғанды жөн көрдім.
1.Елімізде мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі, жалпы алғанда, баршаға аян. Ол Қазақстанда өз мәртебесіне сай қызмет атқарып отырған жоқ. 2.Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қай жерде қанша көлемде және қай салада қандай дәрежеде екенін билік органдары біледі, таныс деп нақты айта алмаймыз. Кейбір басқару органдарына ол белгілі болуы да мүмкін, бірақ оны тілдік жоспарлауда, жергілікті жердегі тіл дамыту жұмыстарында ескере бермейді. Республика бойынша белгіленген шаралар нақты фактілерге негізделмей, мониторнинг жасалмай, жалпылама сөзге құрылады, ал бұл тілдердің жер-жерде тиісті дәрежеде дамуын қамтамасыз етпейді.
3.Не істеу керек? Біздіңше тіл саясатының жергілікті жердегі жүзеге асу жайы зерттелуі шарт, сол бойынша нақты іс-шара белгіленіп, оның өмірге енгізілуі бақылауға алынуы тиіс. 4.Елімізде ғылымға негізделген тіл саясатын жүргізу мәселесі лингвистер ортасында қызығушылық туғызғанымен, мемлекеттік және саяси ортада ол әлі толық қолға алынбаған, оған мән де берілмей келеді. 5.Тіл дамыту жұмысын саналы түрде қолға алу үшін елді әлеуметтік лингвистикалық аймақтарға топтастырып, әр аймақтың өзіндік тілдік ахуалы жеке зерттелуі керек. 6.«Әлеуметтік лингвистикалық аймақ» деген терминді біз тіл дамыту ісін саналы түрде қолға алу және қажетті бақылау тетігін жасау үшін ел аумағындағы түрлі дәрежеде қалыптасып отырған тілдік ахуалды топтастыру мақсатында қолданбақшымыз. Ол республикамызда өзіндік географиялық, экономикалық, геосаяси, әлеуметтік лингвистикалық т.б. ерекшеліктерімен тарихи түзілген, тілдік жағдайлары өзара ұқсас болып келетін және бір-біріне жақын орналасқан, облыстық әкімшіліктерден құралған ірі аумақтық бөлініс дегенді білдіреді.
7.Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілі болса, біздің зерттеуіміз бойынша олар 128 тілде сөйлейді. Ол тілдер атқаратын қызметі жағынан үшке бөлінеді:
1.Қоғамдық қызметі кең тілдер.
2.Қоғамдық қызметі тар тілдер.
3 Қоғамдық қызметі нашар дамыған тілдер.
8.Тілдің қоғамдық қызметін, оны дамыту мен реттеу мәселесін, тіл саясатының бағыт-бағдарын әлеуметтік лингвистика деген ғылым зерттейді.
9.Әлеуметтік лингвистика пән ретінде қазір магистратурада қазақ тілі мен әдебиеті және филология мамандықтарында оқытылады. Ол болашақта басқа да мамандықта білім алушыларға да (әлеуметтанушы, саясаттанушы, заңгер, психолог, педагог т.б) оқытылуы керек.
10.Елімізде бұл ғылыми бағытты оқытатын, зерттейтін социолингвист-кадр даярлауды қолға керек. Олар болашақта еліміздегі тіл дамуын жоспарлап, реттейтін, тіл саясатын ғылыми бағытта дұрыс жүргізетін мамандар болады.
Осылайша, тіл маманы Аман Мәделханұлы тілді ғылыми жүйеде қолға алатын мамандар даярлауды қолға алу керектігін өзінің фейсбук парақшасында жариялап, көпшілікке ой салып отыр. Өте ұғымды, жинақы, ғылыми жоспарға құрылған дүние екені көрініп тұр. Тек оны уақыт өткізбей тиісті сала өкілдері қолға алса, ана тіліміздің болашағы жарқын, қолдану аясы кеңейіп, тілімізге жан бітіп, тілім деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген тіл жанашырларының арқасынан бір жүк түскендей болар еді.
Иә, тіліміздің мәртебесін көтеріп, мерейіміздің өсіп, әлем халқын таңдай қақтыратын дәрежеге қол жеткізген жұлдызды сәт те туар. Ол күн алыс емес деп ойлаймын. Себебі тәуелсіздікпен егіз ұғымға жататын ана тіліміздің тамыры тереңде екенін өз заманында батыр Бауыржан атамыз да көрегендікпен айтып кеткен. Сондықтан тіл мерейі – ұлт мерейі екенін әр қазақ бір сәт те зердеден шығармаса дейміз.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА