«Жалағашымды әрдайым мақтан тұтамын!»
Бүгінгі біздің жыл жабар тұстағы жүрекжарды айдарымыздың қонағы – айтыстың аламанында «Алтын домбыраны» Сыр елінің қоржынына үш мәрте салған дарабоз айтыс ақыны, жалағаштың төл перзенті Мұхтар Ниязов.
– Мұха сырлы сұхбатқа қош келдіңіз! Тәуелсіздіктің туын көкке көтеріп, дүбірлі додаларда Сыр елінің намысын қорғап, айтыстың алдаспаны болып, өзің туып-өскен жалағаштық жерлестеріңді де марқайтып жүргеніңді білеміз. Шынында тәуелсіз елдегі толағай табыстарға жалынды жыр арнап, талай жеңіс дәмін татқаныңнан хабардармыз. Жеңіс сыры неде?
– «Жеңістің әкесі көп, жеңіліс – жетім» дейді. Адамның жеңіліске жете білуі – содан қорытынды шығара білуі. Әрдайым алға озып, тек биікте жүру адамның кейде көңілін өсіріп, көп жағдайда қалыптан шығарып жіберуі мүмкін. Сондықтан адам өмір болғаннан кейін әртүрлі деңгейге дайын болуы керек. Қадыр Мырзалиев айтқандай, жүйрікке қалудан озу оңай. Әу бастағы біздің ат жарыстырған қазақтың салтында тек алға озу біздің қанымызда бар. Бұл біріншіден. Екіншіден, кәсіби биік деңгей әр адамның, әр мамандық иесінің бойында болуы керек. Айтыскер ақын ғана оза беру керек деген сөз емес. Біздің ел болып, буынымызды қатайтып, еңсемізді биіктету үшін әр салада көш бастайтын тұлғалар өте көп болу керек деп есептеймін. Негізінен жеңістің түбірі – еңбек. Еңбексіз жеткен жеңістің дәмі де, мәні де, сәні де болмайды. Кітапханаға түнеп қалатын, ұйықтамайтын, апталап адамдарды аралап кететін, әлеуметтік, мәдени, саяси әлемдегі ахуалдардың барлығына сараптама жасайтын адамдардың соңында жүруіміз, күндеп, түндеп өнерге деген, өнердің биікке шығуы үшін жасалған еңбектің жемісі деп ойлаймын. Адамның талантына жанкешті еңбегін қосқан кезде адам өзінен өзі белгілі бір деңгейге шыға бастайды. Ал еңбексіз жеткен жетістіктің тағы да айтам, ешқандай дәмі болмайды.
– «Алтын домбыраны» жеңіп алғандағы көңіл күйің қандай болды?
– “Алтын домбыраны” жеңіп алғандағы көңіл-күйді адам айтып жеткізе алмайды. Ол – белгілі бір деңгейде берген уәденің үдесі. Өйткені «Алтын домбыраны» он жылдың ішінде біздің 200-ден аса қазақстандық аса талантты, алғы лекте жүрген ақындар сарапқа салды. Жыл сайын осы жылдың үздік қорытындысына баланатын бұл домбыраны еншілеуді қаншама биік, жоғары дәрежелі ақындарымыз арман қылды. Солардың арасынан Алла тағала жәрдемдесіп, «Сырға барсаң, жыршымын деме» дегендей, біздің өңірге бұйырды. Біздің қазақылықтың қайнар бұлағындай киелі Сыр елі бұл құрметке тарихымен де, бүгінімен де, болашағымен де лайық деп есептеймін. Әрине, бұл – көптің қалауымен, халықтың батасымен, елдің тілегімен келетін жүлде. «Жалғыз ағаш орман болмайды, жалғыз кесек қорған болмайды» дейді. Менің қолымда ештеңе де жоқ. Осы елдің тілегімен келген үлкен мұра деп ойлаймын. Ол сезім бір сәттік жалт етіп жанып, жалп етіп сөніп қалатын сезім емес. “Алтын домбыраның” елдің үмітіндей үкіленіп, еліміздің алғашқы астанасы атымен даңқы шыққан Сыр бойына шеру тартуы күллі сырбойылықтардың рухын көтеріп, көкірегін керіп тұратын қуаныш болды деп ойлаймын. Сондықтан Сыр елінің даңқын асырған «Алтын домбыра» қазір Қызылорда қалалық өлкетану мұражайында тұр. Кез келген адам барып көрем десе мүмкіндік бар.
– Бала Мұхтардыңбалалық шағы қалай өтті?
– Бала Мұхтардың балалық шағы сол 90 жылдардағы тоқырау кезеңіне түспа-тұс келді. Сол кездегі біздің замандастарымыз қандай хал-ахуал кешсе, сол Жалағаштың Ақарық, қазіргі Есет батыр ауылында біздің балалық шағымыз өтті. Менің балалық шағымда материалдық жағынан тапшылықтар болғанмен, рухани жағынан өте бай болды деп айта аламын. Өйткені, ағаш қаншама биік өскенмен, оның тамыры сондай тереңде болмаса, оны кез келген жел де, дауыл да құлатып, сұлатып кетуі мүмкін. Сондықтан біздің осыншама қазіргі руханиятта, мәдениетте, әдебиетте, жалпы өмірде жапырағымыз кең жайылып, көлеңкеміз көпке түсіп жатса, біздің тамырымыз сол бай балалық шағымыздың жемісі деу керекпіз. Балалық шақта мен атамның қолында өстім. Үлкен ауылдағы қариялардың ортасында болдым. Солардың батасын алдым. Балалық шақта адамның бүкіл болмысы риясыз ашылады. Сол кезде көптеген қабілеттің негізі қаланады, өз-өзіне деген сенімі бекиді. Осы шақта біз балаларға көп жағдайда мойын бұрмай қаламыз. Әке-шешеміз азаннан кешке дейін жұмыста болады. Солардың орнын ата-әжеміз толықтырды. Солардың қолында мейлінше мейірімге қанып, күн шуағына малынып өскен кәдімгі әдемі гүлдер сияқты ата-әжеміздің барлық деңгейдегі жақсылықтарын бойымызға, ойымызға сіңірдік. Сол себептен болу керек, өмірдің, болашақ алдымыздан шығатын бүкіл кедергілердің, көптеген сұрақтардың жауабы оңай табылды. Ауылда өскен баланың бір бақыты осы деп ойлаймын. Алайда көптеген спорттағы болсын, өнердегі болсын кейбір қабілеттерімнің кештеу ауылда жүргенде кенжелеп қалғанын да жасырмаймын. Бірақ ештеңеге өкінбейміз. Шынайы балалықтың бал дәмін татып өстім. Бұл – өмір, бұл – тағдыр. Сондықтан мен балалық шағым туралы аузымды толтырып, мақтанып айта алатын қазақтың қара домалақ баласымын деп есептеймін.
– Есімің де ұлыларды ұлықтап тұрғандай...
– Мұхтар деген сөздің өзі араб тілінен аударғанда «ең таңдаулы» деген мағынаны береді екен. Кейін зерттеп қарап жатырмыз. Яғни адамның есімінен тағдырының үлесі бар дейді. Қазақта Мұхтар деген атаулар ең таңдаулы қатарда тұратын болса, олар көптің көшін бастап, мыңның басында жүретін болса, сөзі елді ұйытса, осы есімде де құпия сыр бар секілді.
Біздің анамыз әдебиет пәнінің мұғалімі, әкеміз де сол агроном болғанмен, тіл мен әдебиетке, жалпы руханиятқа таласы бар кісі болғандықтан біздің үйдегі үлкен апамыздың аты – Мәрзия, мен – Мұхтар, інім – Мағжан. Байыптап қарасақ, сол әдебиетке қатысы бар аттар қойылған. Әлбетте Мұхтар деген атпен жүріп, елдің соңы, көштің соңы болсаң, сөзге түсінбей, әрбір сөздің астарына мән бермейтін болсаң, атыңнан да ұят. Сондықтан осы ұлыларға бұйырған есімге мейлінше кір келтірмеуге барынша атсалысып келе жатырмын деп ойлаймын.
– Көркем әдебиетті көп оқисың ба?
– Көркем әдебиетті өзімді көп оқитындардың қатарына жатқызбаймын. Бірақ мейлінше шамам келгенше, қолым қалт еткенде қазіргі әдебиет, шетел әдебиеті болсын, орыс поэзиясы болсын, қазақтың қазіргі бұрынғы ақындары шығармаларының барлығын тең қамтып, қарап отыруға барынша тырысамын. Ең болмағанда соны көп оқитын адамдармен сөйлесуге ұмтыламын. Жаңалықтардан құр қалмауға тырысамын. Өйткені әдебиет – қайнап жатқан өмір, соның көркем шындығы. Өмірді әдебиет арқылы танысаң, біріншіден адам эстетикалық бай болады, екіншіден жан дүниеңді бір жантақ жырғандай, кейбір жаралардан аман боласың, үшіншіден адамды байсалдылыққа, сабырлылыққа, бірқалыптылыққа, пенделіктен алыстауға үйретеді, адамның жан дүниесін баулиды. Кеңес үкіметінің ең үлкен байлығы, ең үлкен идеологиясының жақсы жағы халықты көркемдік пен әдебиетке бағыттады. Сол уақытта көркем жазу, көркем оқу деген болды. Көркем әдебиетті барынша насихаттады. Сол себептен қазіргі біздің Президентіміз болсын, Сенат төрағасы болсын көпшілігі зиялы қауым әдебиетшінің, жазушының балалары. Яғни сол заманда ең жоғары құрметке, беделге ие кісілер жазушылар, ақындар болатын. Сондықтан қазір робототехника, өркениетке құлаш ұрған елдердің өзінде де көркем әдебиетке деген сұраныс, оның қажеттілігі әлі де бір сәт төмендеген емес. Өтпелі, тоқырау кезеңдерінде кітапханалар қораларға, немесе дискотека клубтарына айналып, түрлі мақсаттарға кеткенмен, ел есін жинаған кездерде ең бірінші іздегені сол елдің тарихы, мәдениеті, әдебиеті болды. Сондықтан біз әдебиетті әдебиетші немесе соған қатысы бар адамдар ғана оқымай, жаппай халық болып көркем дүниемен сусындап, кемелденбесек, оны дұрыс түсінбесек, ертең көштен қалып қоюымыз мүмкін. Сондықтан көркем әдебиет – адам жанының байлығы. Ал қашанда нан байлығынан жан байлығы жоғары тұру керек деп ойлаймын.
– Қара шаңырақтың киесі қандай?
– Қара шаңырақтың киесі деген – меніңше шартты атау. Тарихымызда кенже бала көп жағдайда қара шаңырақ иесі деп айтылып жатады. Меніңше бұл нәрсені бір нысанға теліп қоюға болмайды. Кей жағдайда қаншама қолынан іс келетін қалаға барса, ұршықтай үйіріп кететін азаматтар «қара шаңырақты қимай отырмын» деп сол ауылда отырып қалатын кездер болады. Меніңше ата-анаң немесе бауырларың сол әулет бас қосып тұра алатын, кең, барлығы именбей кіре алатын, емін-еркін жүре алатын үй ол қай жерде де қара шаңырақтың орнын сақтай береді. Ол қалада, ауылда, ауданда, Астана, Алматыда болсын, оны мен мекенге байланысты қарастырмаймын. Ал әлбетте, бізде үлкендер отыратын, ата-анамыз отыратын шаңырақ қара шаңыраққа жатады. Сол қара шаңырағымыздан құт кетпесін деп тілеймін.
– Жыр сайысында білім өте қажет. Сүбелі сөздің шырынын екшеп, халыққа беру үшін көп ізденетінің көрініп тұрады. Сөздік қорыңда көне сөздер, байырғы тіркестер өте көп. Кітапханаларда көп отырасың ба? Әлде оны ғаламтордан аласың ба?
– Әлбетте, сүбелі сөздерді көптеп қолдану, ескі сөздерді мейлінше көбірек алып келу бұл – ізденістің нәтижесі. Мен оның бәрін көріп-біліп тудым деп айта алмаймын. Өйткені біздің көшпелі өмірдің мәдениеті бізден күн сайын алыстап бара жатыр. Бірақ бір нәрсені түсінуіміз керек, біз оларды тек көркемдік құрал ретінде немесе халықты таңғалдыру, тосын сөз айту мақсатында пайдаланбай, қазақтың бұрынғы айтқан мақалдарында, ескі сөздерінде, танымдарында үлкен бір сол дәуірдің болмысы, біздің генетикалық кодымыз бар екенін ұғуымыз керек. Біздің өмірінде қымыз ішіп көрмеген баланың өзі қымызға тілі тиген кезде шықшытынан сөл бөлініп, жан дүниесі болбырап, Америкада жүрсе де, басқа жақта жүрсе де, қазақтың күйін, домбырасын тыңдап қалған кезде төбе құйқасы шымырлайтын бір өзімізге бейтаныс біздің анау бір ішкі ұлттық кодымызға бекіген тылсымдар бар. Солардың бұл мақал-мәтелдер, көне сөздер, танымдар болсын бір-бір кодтары сияқты. Дала заңдарының бір-бір тармақтары секілді. Сондықтан мұны жоғалту ұлттық мұрамызды бағаламау деген сөз.
– Жалпы терме айту, дәстүрлі ән шырқау секілді өзге де өнерің бар болар?
– Негізгі қырым айтыскерлік болғандықтан басқа терме айту, ән айту деген нәрсе дастархан басында, өзара болмаса кәсіби деңгейде көрермен талабына сай жауап беретіндей деп айта алмаймын. Домбырамды осы айтысқа керек кезінде ұстадым. Бірақ өнерге таласы бар, ән-жырға құмарлығы бар өнерпаздардың елде жоқ ерекше тыңдаушысымын, бірақ орындаушысы емеспін. Сырдың мақамдары жас күнімізден құлағымызға сіңгені рас. Әбден біздің жадымызда сақталған. Бала күнімізден келе жатқан сол Сыр бойындағы, жалпы елдегі, Жетісу, Қаратау, Маңғыстау мектептері болсын, Оралдағы Ғарифоллалардың айтқан әндерін қазірдің өзінде тыңдасақ та қанбайтын бір кәусар бұлақ сияқты. Бұл жырларды біз ол кезде ән, терме ретінде эмоциялық көңіл-күйде тыңдайтын едік, қазір солардың ішіндегі құнды сөздерді, әңгімелерді өмірлік ұстаным ретінде, өмірдің қалтарыс-бұлтарысында шешуші фактор ретінде қолданып келе жатырмыз. Өйткені бұлар – ғасырлардың інжу-маржандары.
– Рухани жаңғыру бағдарламасының қазаққа ұшантеңіз пайдасы бар екенін мойындап отырмыз. Осы тұрғыда өзіңнің көзқарасың қандай?
– Рухани жаңғыру көп жағдайда өзінің негізгі мақсатынан ауып кетіп жатыр. Әу баста Елбасымыз айтқан деңгейде орындалған болса, бұл – шынымен өте пайдалы нәрсе. Бұл – кәдімгідей кен тапқан сияқты, қазаққа бұрғылап мұнай шығарған сияқты біздің тарихымыздағы тамаша жетістіктер. Не нәрсе болса да дами келе негізіне оралады дейді ғой. Сол сияқты біз мәңгүрттіктен, жаһандық түрлі алапат тасқындардан, ақпараттық шабуылдардан рухани кемелдігімізбен, ой-санамызды жаңғыртумен қорғанамыз. Біз қазір сүзбе жеп, ауру меңдеген кезде шұбат, қымыз ішіп, имуннитетімізді көтеріп жатырмыз ғой. Сол сияқты рухани дерттерден тазару үшін тарихымызды, руханиятымызды, тамырымызды тауып, соны жаңғыртып, соларды көтеру арқылы өзіміздің бойымыздағы ұлттық иммунитетімізді көтеріп, түрлі ауруларға, дерттерге қарсы шығамыз. Кейінгі буынға рухани эстафетаны адал жолмен тапсырып кету үшін бұл бағдарламаның орны ерекше. Алдағы уақытта да жан-жағынан жетілдіріп, қағаз жүзінде, іс-шара деңгейінде қалып қоймауы үшін атсалысуымыз керек. Шынында бұл – ұлтқа пайдасы тиетін үлкен бағдарлама. Оны жылдан-жылға дамытып, кем-кетігін толтырып, болашақтың болымды бағдары етуіміз керек деп ойлаймын.
– Әлеуметтік желіде белсендісің. Ол жерде әдептілік қағидаты сақталмай, әркім өз ойын ашық білдіретін бейәдеп орта қалыптасқаны байқалады. Ғаламтор да арнайы заңмен қадағалану керек дегенге келісесің бе?
– Әлеуметтік желіде белсенді болу бұл әлеуметтегі белсенділік сияқты болып қалды ғой қазір. Әлбетте, қазіргі ақпараттық дүниелердің ішінде әлеуметтік желінің белсенділігі күн сайын дәлелденіп тұр. Маған халық келу керек, маған аудитория өзі жиналу керек деп бір бөлмеде тығылып отырған адамның бұл қоғамдағы белсенділігі артпайды. Біз қай жерде халық жиналып отыр, қай жерде аудитория бар, бәрінің есігін ашып, ішіне кіріп, кіріп қана қоймай, сол жерде өз үнімізді білдіруіміз керек. Бұл – қоғамдық аудитория. Сондықтан әлеуметтік желіде отыру ол арнайы уақыт, арнайы контент талап етеді. Ол жерде де бейәдеп сөздер, әрекеттер бар. Енді өмір сондай. Ол өмірден бөліп-жарып алатын нәрсе емес. Әлеуметтік желіні заңмен шектеуді де жан-жақты ойластыру керек. «Шаш ал десе, бас алатын» деңгейге түсірмеу керек. Қайткенде де әлеуметтік желі қазанның қақпағын ашып, буын шығарған сияқты халықтың кейбір наразылығының, түрлі бір дүмпулердің алдын алатын қауқары болу керек деп есептеймін. Бұл жерді бұғаттап, бұғаулай беру дегенге аса келіспеймін. Белгілі бір деңгейде өзінің тәртібіне, қалпына түседі деп ойлаймын. Әуел бастағыдай емес, қазір біршама қалыптасып келе жатыр. Енді бұл жерде де шайпау тіл, артық шатақ мінездерді көзіміз көріп, біліп отырмыз. Түптің түбінде ол бір кез келген нәрсе демократиялық елде, зайырлы, құқықтық қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін белгілі бір заңмен шектеледі. Көп жағдайда заңның үлкені адамдардың өзінің ар-намыс шекарасынан шықпау деп ойлаймын. Жамандықты бір жерден кетіру үшін жақсылықты көбейт дейді. Әлеуметтік желідегі белсенді азаматтар жамандықпен алысып, оның пікірлерін көбейткеннен гөрі жақсы контент қалыптастырса, ол өзінен-өзі көлеңкені жарықтың қуып шыққаны секілді жойылады немесе әлсірейді деп ойлаймын. Күн мен түн, ақ пен қара, жақсы мен жаман арпалысып жатқан өмір болса, әлеуметтік желі соның айнасы дер едім.
– Шығармашылық өміріңдегі болашаққа деген жоспарларыңмен бөліссең...
– Қазір біз шығармашылық жұмысқа кірісіп кеттік. Түрлі шаруалар қатар-қатар атқарылып жатыр. Шығармашылық өз балаң секілді кейде оған уақыт таппай жатасың. Менің қазіргі негізгі жұмысым шығармашылықпен тікелей байланысты. Облыстық шығармашылық продюссорлық орталыққа басшылыққа келіп жатырмын. Енді осы мүмкіндікпен ұштастырып, қолымызды тигізіп, шығармашылыққа бет бұратын уақыт болады деп ойлаймын. Қазіргі сәтте өзімнің айтыс жинағымды, өлеңдер топтамамды, күнделігімді, кейбір философиялық ой орамдарды, өмірден түйген дүниелерді арнайы кітап етіп шығаруды қолға алмақпын. Ойымда жүрген шығармашылыққа қатысты үш-төрт дүние бар. Өзімнің берген сұхбаттарымды, үлкен кісілермен жеке-жеке сұхбат жасап, ол дүниені де көпшілікке ұсынсам деген мақсат бар. Әлі ойымда піспей, қайнауын күтіп жүрген 4-5 кітаптың ізі бар. Бірақ ол қашан жарыққа шығады, оны дөп басып айта алмаймын. Қазір оқу, іздену үстіндемін. Қолым қалт етсе, сол ойдағы шығармашылық дүниелерді әлде де ширатып, жан-жағынан жұмырлап көпке ұсыну. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» дегендей, ертең сол кітап өмірдегі өзінің орнын тауып, көпшіліктің көзайымына айналса деймін. Жақау Дәуренбеков айтқан екен, «Тұсауын кескен кітап көп, шауып кеткені шамалы» деп. Сол секілді сөреде тұрып оқылмайтын, сөренің белін қайыстырып тұрған көп кітаптың бірі болғаннан гөрі әр парағы жалбырап кеткен, әр адамның қойнында, бас жағында жататын дұрыс дүние қалдыру мақсатымыз деп ойлаймын. Сондықтан кітап мәселесіне аса бір талғаммен келу керек.
– Жалағаштың жайсаң халқына деген ақ тілегің...
– Жалағаш – біздің көзімізді ашып көргеніміз, аузымызды ашып сүйгеніміз, туған жеріміз, өсіп-өнген топырағымыз. Сондықтан «төбең көкке тисе де аяғың жерде екенін ұмытпа» дейді. Біз қандай биікке жетсек, қандай да бір жетістіктерге қол жеткізсек туған тұғырымыздың, ұшып өскен жеріміздің Жалағаш екенін ешқашан ұмытпаймыз. Жалағаштың жайсаң жұрты ақ құшағын айқара ашып, қашан барсаң да қарсы алып, баламыз деп төбесіне көтеріп, тілеуін білдіріп жүреді. Ақ маржаны жайқалған сол күріштің, еңбеккерлердің, диқандардың отаны болуымен даңқты. Сондықтан жалағаштың халқына барлық жақсылықтарды, береке-бірлік, ауызбірлік, ынтымақ тілеймін. Болашағы жарқын, келешегі кемел болып, осы еліміздің маңдайалды аудандарының бірі болып, әрбір ауылы қан тамырдай бүлкілдеп, ортақ ауданымызды жүрекке ұқсатып, нәрлендіріп, құнарландыра берсін. Жалағаш жұрты барша құрметке, зор алғысқа лайық деп бағалаймын. Алдағы уақытта Жалағаштан жасампаз, жан-жақты, талантты азаматтар мен азаматшалар шығып, елін танытып, Отанының ортақ перзенттеріне айналуына тілекшімін. Мен Жалағашымды әрдайым мақтан тұтамын!
– Сүбелі сұхбатыңыз үшін рахмет!
Әңгімелескен Гауһар Қожахметова