"АЛМАТЫКІТАП" ҚАЛАЙ АМАН ҚАЛДЫ?
Жалпы адамзат тарихында ізгілікті қоғам қалыптастырған – руханият. Нақтырақ айтсақ, жазу-сызу өнері. Адам баласының ақылы толысып, ойы кеңейіп, танымы тереңдеп, эстетикалық талғамының қалыптасуына, көркемдікке, әсемдікке, әдемілікке құмарлығының, қызығушылығының оянуына тікелей әсер еткен – рухани, мәдени құндылықтар. Нақтырақ айтсақ, қолөнер, бейнелеу өнері және кітап.
Есімі адамзат тарихында қанды әріптермен жазылып қалған қаһарлы әмірші Шыңғысхан Отырар қаласын қоршауға алып, тысқыра бастағанда Қайырхан қаладағы құнды дүниені жау қолына бермеу үшін амалсыздан Отырардағы кітапханада сақталған кітаптарды өртеткен дейді. Сонда шаһар халқы қызыл жалынға шарпылып жатқан асыл қазыналарға қарап егіліп тұрыпты. Араша түсуге болмайды, ханнан бұйрық солай. Бірақ соған қарамастан бес-алты қала тұрғыны уәзірлер мен әскерилердің қоршауын бұзып-жарып кіріп, отқа оранған кітаптарды құшақтарына сиғанша көсіп алып, жанұшыра жан-жаққа қашыпты. Әскерлер қылышын суырғанда Қайырхан қолын сермеп тоқтатып: "Тимеңдер! Бара берсін!" депті. Сол сәтте Қайырханның да жанарын жас шылап тұрған деседі. Өйткені Отырардың даңқын жайған халықтың ілім-білімге, өнерге деген құштарлығы, кітапқа деген шексіз сүйіспеншілігі еді...
Мыңдаған ғалымдар шыққан сол кездегі Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қалалардың бәрінде ізгіліктің шамы жанып тұрыпты. Халқы білім мен өнерді дүниенің бар байлығынан жоғары бағалапты. Сондықтан да олар "Ізгі қаланың бақытты тұрғындары" деп аталыпты.
Кеше елімізде болған "қаңтар қырғынында" бүтін тұрған көп дүние бүлінді. Бүлікшілердің қолымен қаншама әлеуметтік маңызды нысандар мен мемлекеттік мекемелердің ғимараты, көшедегі жеке көліктер, әскери техникалар қирады, отқа оранып, күлі көкке ұшты. Нәтижесінде мемлекетке қыруар қаржылай шығын келді. Әсіресе Алматы қаласындағы аласапыран жан түршіктірді. Бұзақылар қаладағы алтын бұйымдар және азық-түлік, киім-кешек сататын ірі сауда орталықтарының қабырғасын сөгіп, есіктерін сындырып, терезесін шағып кіріп, тонап кетті. Бір қызығы, Алатау етегіндегі өнер мен ғылымның орталығына айналған әсем шаһардағы Абай даңғылының бойында орналасқан "Алматыкітап" дүкені сол қырғыннан аман қалғанын естіп, әрі-сәрі ойға қалдық.
Иә, маңайындағы ғимараттар қирап, тып-типыл болғанда, кітап дүкенінің әйнегі де шытынамаған. Әрине, қала руханиятының бір бөлшегіндей болып тұрған ғимараттың бүлінбей, аман қалғанына шын қуандық. Егер бүлікшілер мен бұзақыларға кітап керек болмаса да, әрқайсы от тұтатуға тамызық үшін үш-төртеуден алып, қалғанының бір шетіне сіріңке тигізіп жіберсе, күлі де қалмай өртеніп кететін сол ғимарат еді. Құдай сақтап қалды. Алайда, халықтың дүкендегі азық-түлік пен киім-кешекті және алтын бұйымдарды ғана алып, кітап дүкеніне тимек түгіл, көзге де ілмегеніне қарап, қазіргі қоғамның шынайы бейнесі келеді көз алдыңа. Расында қазір әлгіндей аласапыранда емес, бейбіт күннің өзінде бір-бірінің үйінен немесе кітапханадан кітап ұрлайтын оқырмандар бар ма өзі? Әлеуметтік желілерде жүрген бейнежазбаларды қарап отырсаңыз, көтеріліс кезінде Алматыдағы дүкендерден халықтың көбі азық-түлік, киім-кешек, алтын әшекейлер, ұялы телефондар және басқа да бағалы заттарды қойын-қонышына дейін толтырып, одан қалды құшағына сиғанша алып бара жатқанын көруге болады. Елімізде орнаған хаос кезіндегі бұл әрекетке қатысты әлеуметтік желі қолданушылары өз пікірлерін білдіріп, дүкен тонаушыларды мародерлар деп атады.
Енді осы картинаны былай елестетіп көріңізші: ереуілшілерге еріп шыққан халық әйгілі "Алматыкітап" дүкеніне бұзып кіріп, көтергенінше кітап арқалап қашып бара жатыр. Бұл жағдайға заңды тұрғыдан ұрлық, бөтеннің жеке мүлкіне заңсыз қол сұғушылық деп баға бергенмен, көз сүйсінтіп, көңіл қуантар көрініс қой. Неге олай деп отырмын? Бала күнімізде біздің санамызға "кітап ұрлау қылмыс емес" деген сөз сіңіп қалды. Жүз пайыз дұрыс болмағанымен, моральға салсаң да, қисынға салсаң да келіңкірейді. Кітап тамақ емес, киім емес, және тұрмысқа тұтынатын басқа да мүлік емес. Яғни материалдық қажетіңді өтейтін дүние емес, кеудеңдегі бос тұрған рухани кеңістікті толықтыратын қымбат қазына. Енді әлгі "Алматыкітаптың" сөрелеріне сықап тұрған "қымбат қазынаны" қалтасына, қабына толтырып қашып бара жатқан халықты мародер деп атауға бола ма?
Не десек те, кешегі дүрбелеңдегі халықтың әлеуметтік дүкендерді үптеп кетіп, ал кітап дүкенінің маңайына да бармағаны еліміздің бүгінгі әлеуметтік ахуалы мен халықтың рухани деңгейін ашып көрсетіп берді...
Орыс жазушысы Андрей Битов: "Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасаң, сықырлаған қару мен сылдыраған тиын ғана қалады" депті. Өткен ғасырда айтылған бұл тәмсілдің мәні осы ғасырда ашылып келе жатқандай...
Қуат АДИС