Есірткі – барлық жамандықтың бастауы
Есірткі ол – тіршілік атауына көлеңке түсіріп, тамырына балта шабатын жеті басты жауыз. Адамды адастырып, өмірін күйретіп, арманын күл-талқан ететін індет. Бұл бүгінде ғасырдың өзекті мәселесіне айналды. Менің түсінігімде есірткі дүниедегі жамандық атаулының бастауы. Мен оқушы болсам да атан-анамның, ұстаздарымның, бейбіт Отанымның алақанында еркелеп жүріп арман-мақсатыма жетуге талаптанамын. Замандастарымның, енді бүр жарып келе жатқан жасөспірімдердің өмір жолынан адасып, есірткіге елітіп, түтінге тұншығып, өмір белесінде сағын сындырып алмаса екен деймін. Сәбилік көңілім еріксіз аяушылық сезімге бойлайды. Егер жас өмірін есірткіге тәуелді еткен жастар болса: «Өміріңді өксітпе! Не ексең, соны орасың! Қайталанбас жастық шағыңды білім алып, ғылымдық жолға арнасаң, бақыт та алтын қақпасын саған айқара ашады», – дегім келеді. Өз-өзіңді тәрбилеп, рухыңды сілкіп, жігеріңді жанып, ата-анаң мен ұстаздарыңның үмітін ақтау әрбір оқушының өз қолында. Гүлдің күтімсіз болуы, солуына, қурауына әкелсе, есірткінің де түбі ажалға әкелері сөзсіз. Қаншама жан тағдыр тәлкегіне түсіп, отбасынан, балаларынан, достарынан ажырап жатыр. Сондықтан бүгін қолыма қалам алып, барша достарыма үндеу жариялағым келеді. Достық кеңесім деп түсінер.Мен есірткіге қарсымын! Өмір сүргім келеді! Мен өмірді таңдаймын! Жас достар сіздердің де осы жолды таңдайтындарыңызға сенімдімін!
Еңбек етсем ертеңгі бақытыма сенемін!
Мақсатыма жеткізер уақытыма сенемін!
Ақыл, сана, білім мен өнеріме сенемін!
Абыройды ақ ниет адамдыққа сенемін!
Есірткісіз өмірдің ғажабына сенемін!
Анар МЫРЗАБЕК,
Ілияс Қабылов атындағы №32
мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы







