» » Шаруалар шығынға батпасын десек...

Шаруалар шығынға батпасын десек...

Көктем жақындады. Түннің ызғары болмаса, күндізгі шуақ жерді жібсітіп жатыр. Биыл қыс қатты болған жоқ. Арқа, Солтүстік өңірлерде болмаса, оңтүстіктің қысы малға да, жанға да жұмсақ болды. Тіпті кеше ғана Қаратаудың күнгей бөктері көктеп жатқанын да көрдік әлеуметтік желіден. Әйтсе де қыстағы қар елге құт қой. Қарсыз қысты жұт деп қорқыпты бұрынғылар. Биыл да қардың мол түспегеніне шаруалар қуанған жоқ. Егістік пен жайылымдық жерлер ылғалдан қағылды. Оның үстіне жылдан-жылға Сырдарияның суы да сарқылып бара жатыр. Бүкіл Сыр жұртшылығының уайымы осы қазір.

Қай күні ауылдарды араладық. Ауыл халқының бас қосқан жерлерде айтып, талқылайтын негізгі әңгімесі де сол – аяқсу. Расымен аймағымыздағы ең өзекті мәселе осы болып тұр дәл қазір. Қызылорда облысының бір миллионға жуық тұрғынының күнкөрісі Сырдария өзенінің суына тәуелді. Бақша егіп, егін салған диқанның да, мал өсірген шаруаның да аяқсу болмаса тіршілігі қараң. Әсіресе көктем жақындаған сайын осы аяқсу мәселесі жиі көтеріліп келе жатыр. Қолына қалам ұстаған аймақтық БАҚ өкілдерінің бәрі дабыл қағып, бұл мәселені көтеріп-ақ келеді. Халық қалаулылары да Үкіметке жеткізіп жатыр. Алайда, нәтиже аз, үміттен күдік көп. Кетпенін қайрап, соқасын сайлап дайын отырған елеңкөңіл елдегі егіншілердің құлағы жоғарыға түрулі.

Қай күні аймағымыздан сайланған ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев әлеуметтік желідегі жеке парақшасына Сырдарияның суын уайым қылған халыққа «Сырдарияның, Аралдың суын неге жаза бересіңдер?» деген сыңайда жазба жариялап, көпшіліктің сынына іліккен еді. Алайда, халық қалаулысы артынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарына депутат­тық сауал жолдап, Сыр еліндегі құрғақшылық мәселесін көтергенін және экология министрімен кездесіп, Сырдарияны толтыру мәселесін талқыла­ғандарын жазып, елдің өзіне деген өкпесін тарқатты.

Ал сенатор Мұрат Мұхамедов осыдан біраз бұ­рын әлеуметтік желідегі парақшасына: – «Үкі­мет су саясатын мықтап қолға алуы керек. Су сая­саты – Қазақстан Республикасы су ресурстары минис­трлігін құрудан басталуы тиіс. Жаңа су ресурс­та­рын пайдалану бағдарламасы қабылданып, транс­шекаралық су мәселелерінде өз мүддемізде өлсек те, тірілсек те позициямызды бермеуге тиіспіз. Егер Ташкент өз дегенінен танбаса, біз де өз тарапымыздан шара қолдануды бастайтын уақыт келді. Ортақ әуе жолдары, ортақ темір жол, ортақ автодәліз – Өзбекстан экономикасының негізгі тағаны. Осыны олардың есіне салған жөн. Ташкенттің қазақ суына қатысты пиғылына сәйкес біз бұл күре жолдардан қысуға толық құқымыз бар. Бұның басқа жолы көрінбейді», – деп жазды.

Расымен, Сыр еліндегі аяқсу мәселесі жыл өткен сайын тым күрделеніп, қиындап бара жатыр. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова да бұл мәселенің шешілу жолдары егжей-тегжейлі қарастырылып, зерттеліп, жұмыс жасалып жатқанын жеткізді. Халық көңіліндегі жұбаныш та сол. Мүмкін, Мұрат Бақтиярұлы айтқандай, екі мемлекет арасын байланыстыратын әуе, көлік, темір жолдары арқылы Сырдария суының мәселесін біржақты шешуге болатын шығар.

Таяуда тәуелсіз журналист Айткүл Шалғынбаева аймағымыздан сайланған сенаторлардың еліміздегі трансшекаралық су мәселесін түбегейлі шешу, соны­мен бірге Қызылорда облысын түгел газдандыру және газ бағасын реттеу, мал шаруашылығын дамыту мақсатында Қарақұм, Қызылқұм алабындағы ар­те­зиан құдықтарын жандандырып, суландыру жө­нінде нақты ұсыныстар айтып, депутаттық сауал жолдағанын сүйіншіледі. Бұл да болса Сыр бойы халқының үмітін үрлей түсті. «Әсіресе, ықылым заманнан малға жайлы Қызылқұм қойнауындағы жайылымдық жерлерді суландырудың аймақ үшін маңызы зор. Енді қызылордалықтар Жаңа үкі­мет аймағымыздың экономикалық, экологиялық мәсе­ле­леріне бағытталған жаңа бағдарламалар мен жоба­лар­ға пәрмен береді деген үміттеміз» деп жазды Айткүл Шалғынбаева.
Кешеден бастап Елордада отырған халық қалау­лылары атқа қонып, ел аралауға шықты. Тіршілік қызатын көктем мезгілі таяу. «Жылдың тоғыз айының тағдыры көктемдегі үш айға байланып тұр». Мәжіліс, сенат депутаттарының «қолы ұзын». Ел ішінде шешілмеген мәселе көп. Алайда, ауыл тұрғындарының айтатын арзу-армандарының көбі осы аяқсу тапшылығы. Күріш алқабын айтпағанда, қазірде халық ауласындағы аядай жерге еккен бақшасының өзін суара алмай отыр. Мәселен, бұрын төрт-бес қарық көкөніс дақылдарын құдық суымен ылғалдап қоятын Аққыр ауылының тұрғындары соңғы жылдары жаз айларының өзінде құдықтардың да құрғап қалып жатқанын айтады. Демек, бұл аймағымызда тек ағын су ғана емес, жер асты табиғи су қорларының да азайып бара жатқанын аңғартады.

Иә, қалай болғанда да Сыр халқы аяқсу тап­шы­­­­лығын тар­­тып отыр. Бірақ тұрғындар Сырдария тартылды екен деп, туған жерін, атамекенін тастап ешқайда көш­­пейді. Сондықтан бұл мәселеге Пре­зиденттің өзі мән бергенін қалар едік. Басшылардың берген құр­ғақ уәдесі мен халық болып жиналып берген «тасаттық» ырымы аспаннан шелектеп жаңбыр төгіп, Сырдарияны арнасынан тасытып жіберуі екіталай. Жоғарыда әріптес апамыз айтқанындай, арнайы мем­лекеттік бағдарламалар мен жобалар әзірлеу керек сияқты. Ендігі ел үміті кешеден бері өңірімізді аралап, халықпен кездесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажына құ­лақ түрген депутаттарда. Елдің мұңын тиісті жерге сол кісілер жеткізеді.

Қуат АДИС




22 ақпан 2022 ж. 625 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930