» » ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

Жақсылығымен жанына сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп жүретін жақсы адамдардың кейде жанымызда жүргенін елеп ескере бермейміз. Сондай адамгершілігімен, адал еңбегімен айналасына сыйлы болған жандардың бірі – Бақытбек Төлеков. Ұзақ жылғы ғұмырын спорт саласына, өңірдің дамуына арнаған ол асқаралы алпысты артқа тастап, биыл ұзақ жылғы еңбектің зейнетін көрер мерейлі жасқа келді.

Ініге ізет-ілтипатымен құрметті, үлкенге кішіпейілділігімен қадірлі болған Бақытбек Төлековтің есімі тұтас аудан жұртына, спорт саласындағы қажырлы еңбегі Сыр еліне белгілі. Сонау сексенінші жылдары ауылдың қарапайым қазақ балаларын спортқа бейімдеп, жастардың республикалық жарыстарға шығуына, үлкен масштабта өнер көрсетуіне зор үлес қосты.

Бәкеңнің азаматтығы мен аудан спортының дамуына қосқан елеулі үлесін айтпас бұрын алдымен өмір жолына қысқаша тоқталып өтсек. Ол 1959 жылы Қармақшы өңіріне қарасты Қызылтам ауылында дүниеге келген. 1966 жылы №26 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп табалдырығын аттап, 1976 жылы №123 орта мектепті бітіріп шықты.

Жастайынан спортқа бейім өскен ол 1976-1980 жыл аралығында Қарағанды қаласындағы Қарағанды Педагогикалық Институтына оқуға түсіп, «Дене тәрбиесі» мамандығы бойынша білім алды. Алғашқы еңбек жолын 1980 жылы Ю.А.Гагарин атындағы №1 мектеп-интернатына дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады. Бұған дейін бұл білім ұясына дене тәрбиесінен дәріс беретін маман болмапты. Кәсіби маманның жоқтығынан оқушылар спорттан алшақтап қалған.

Бәкең №1 мектеп-интернатында келісімен спорттың әр түрінен үйірмелер ашылып, оқушы­лары жарыстарға көптеп шыға бастады. Кейін мектеп түлектері республикалық додаларға жолдама алып, спорттың әр түрінен жүлделі орындарға ие болды. Мұны көрген басшылық Бәкеңнің ізденісі мен табандылығына тәнті болып, облыстық, қалалық комсомол комитеттерінің грамоталарымен марапаттайды. Бірнеше рет пленум, съездерге делегат болып, аймақ жастарын салауатты өмір салтына үндеді.

1982 жылы әскер қатарына алынған ол, екі жыл Череповец қаласында азаматтық борышын өтеп келді. Әскерден келген соң интернаттағы ұстаздық жолын жалғастырды. Қаладағы қажырлы еңбегін көріп, атқарған жұмысына тәнті болған ел ағалары Жалағаш ауданынан қызмет ұсынады. Сенім білдірген басшылардың ұсынысын қуана қабыл алған ол 1985 жылы Жалағаш аудандық спорт комитетінің өкілі болды. Ауданның сай-саласын жақсы білетін Қарақұлов, Көбеевтермен бірге аудан спортын жандандыруды, ауданнан шыққан палуандарды үлкен аренаға шығаруды көздеді. Түрлі спорт секциялары ашылып, жанына білікті бапкерлерді тартты.

Тоқсаныншы жылдары Жалағашқа Польша командасы келіп, аудан спортшыларымен кездесу өткізеді. Шетелдің адамдары ауылға келетіннен бұрын стадионды ретке келтірудің өзі оңайға соқпағаны белгілі. Польша командасының өзі Жалағашқа табан тіреуіне қарап, сол кездегі өңір спортының қарқыны қай деңгейде болғанын шамалай беріңіз. Ол уақытта доп қуған ойыншылар қазіргідей стадионды түсінде де көрмегені анық. Сонда да бапкерлері бабын келтіріп, үлкен дайындықта ұстады.

Ауданға келген шетелдіктерді күтіп алу, жатар орнын дайындау, ойын алаңын жасақтаудың өзі қыруар жұмысты, қомақты қаржыны талап ететін. Осы мәселе бойынша аудандық спорт комитетінің өкілі болған Бәкең аудан жастарының жанашыры, партком хатшысы болған Кенжеғара Сүлейменовке келеді. Кенжекең екі сөзге келместен Польша құрамасын күтіп алуға қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді. Бір жағынан Бәкең мен Кенжекең екеуінің құда-жекжаттығы, ал екіншіден Кенжекеңнің өзі кезінде бокстан спорт шебері болғаны тағы бар, әйтеуір осы жаңалықты естіп, жоғары жақпен келісе отырып, ауданның абыройы үшін барлық мүмкіндікті жасапты. Бәкең мен райком хатшысы Жалғас Құлымбаев екеуі әзірлік жұмыстарына кірісіп, құрылысы әлі толық бітпеген стадионды талапқа сай жабдықтауды ұйымдастырды.

Жарыс жазда өткендіктен шетелдіктер әлсін-әлсін салқын сумен шомыла беретін көрінеді. Аудандық спорт қызметкерлері бұл душтың өзін сол түні әр жерден әкелінген кірпішпен қалап, қолда бар құрылыс заттарымен тұрғызған. Қабырғасы кірпіштен, суағары темір жәшіктен қаланған шомылу орнын көрген европалықтар таңырқап қалған екен. Ыстық күнге әбден шыжыған шетелдіктер ойыннан кейін душқа кіріп, іш киіммен стадионды әрі-бері кезіп жүрсе керек, сол кезде көпшілік «күн мұнан да қатты ыстық болса, мыналар іш киімін де шешіп тастайтын түрі бар», – деп әзілдейтін көрінеді.

Әрине, біз қонақжай халықпыз. Тоқсаныншы жылдардағы тапшылыққа қарамастан алыстан келген польшалықтарды Бәкең бастаған бапкерлер барынша сән-салтанатымен, кең пейілімен қарсы алып, ақ тілеумен, абыроймен шығарып салды. Олар болса, адамдарды тіліне, дініне, ұлтына бөліп-жармай, достық ықылас көрсетіп, ас-дәмін ұсынып, қонақжайлық танытқан жалағаштықтарға риясыз алғысын жаудырған көрінеді.

Осы Ұлттық спартакиададан кейін араға 4 жыл салып, яғни 1995 жылы Бәкең де аудан спортындағы қызметінен кетті. Оны ешкім қудалаған, қуған жоқ. Тек тоқсаныншы жылдардың басында экономикалық жағдайдың нашарлығы спорт саласын да құлдыратып жіберді. Жастарды жарысқа дайындайтын бапкерлер совхоздағы қой санағына, көктемде қой қырқуға жіберілетін болды. Спортшылар дайындықтан кетіп, жарыс, спорттық мансаптың бәрі жайында қалды. Сол кезеңде дүркіреген екі сала болса, соның бірі – «Құмкөл» еді. Ол спорт комитетінен кеткен соң, мұнай кенішінде 17 жыл еңбек етті. Онда қарапайым жұмысшыдан бастап, қойма меңгерушісі лауазымына дейін қызмет атқарды. Ұзақ жыл отбасынан жырақта жүріп, бала-шағаның қамымен ұзақ жыл мұнай кенішінде табанды еңбек еткенімен, газ бен улы ауа денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймады. Денсаулығына байланысты 2012 жылы Кұмкөлдегі жұмысынан шығып, елдің ортасына келеді.

***

2012 жылы елге келген соң бұрын өзі жаттықтырған шәкірттері халықаралық, әлемдік додаларда ел намысын қорғап, көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатып жүргенін естіп, қажырлы еңбек еш кетпегеніне қуанады. Бұл уақытта ауданда спортты дамытуға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылып, заманауи спорт кешендері бой көтерді. Спортшы жастар да ауданнан көптеп шыға бастаған кез еді.

Талай шәкірттерін шың биігіне шығарған Мақсат Қарақұлов ұзақ жыл сыртта еңбек еткен Бәкеңнің ауданға келгенін естіп: «Жаңадан спорт кешені ашылып жатыр. Бұл сенің қолың, сенің орның. Өзің келіп басшылық жаса» деп қолқа салады. Сол жылы «Наркескен» клубы құрылып жатқан еді. Спорт кешенінің атын «Наркескен» деп қойған Мақсат ағамыздың өзі екен. Сөйтіп 2012 жылдың сәуір айында Жалағаш аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Наркескен спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне кірісті.

Ол «Наркескенге» келген кезде әлі штат бірлігі жасақталмаған еді. Қаржы көзі де нақтыланбаған. Мұнда жастарды көптеп тарту үшін алдымен кәсіби мамандарды жасақтап, барлық ауылдарда спорт кешенінің бөлімшесін ашуды көздеді. Бұл саладан мол тәжірибесі, беделі бар Бәкең өзінің шәкірті Данабек Баймахановты қасына ертіп, тіке облыс орталығына тартады. Қалаға келген екеуі облыстық экономика басқармасының басшысы Балжан Шаменоваға кіріп, мән-жайды түсіндіреді. Жалағаштың тумасы Балжан апамыз да айтылған ұсынысты құптап, «қанша штат қажет?» дейді. Бәкең жұмысқа 17 адам қабылдауды жоспарлап отырғанын, барлығының атқаратын өз қызметтерін түсіндіреді. Басқарма басшысы да қолдау білдіріп, алдағы сессия қарауына жіберетінін айтады.

«Наркескен» ашылған жылдары орталық стадионның ішкі жұмысының өзі қаржы мен еңбек күшін талап ететін. Бірақ спорт кешенінің тізгінін ұстаған ағамыз бюджетке салмақ салмай, тыңнан топырақ төктіріп, көгалдандыруды, аяқсу көзін аршуды өзі атқарып шықты.
Бүгінде орталық стадион жасыл желекке көмкеріліп, гүлзарлар жайқалып тұр. Тас аралас саз топырақты құнарландырудың нәтижесінде бой көтерген мұндағы түрлі жеміс ағаштарының өзі еріксіз таңдай қақтырады. Онда анар, малина, алма және тағы сол сияқты бірнеше жеміс ағаштары бар. Мұның бәрі осы клубтың алғашқы темірқазығын қаққан Бәкеңнің еңбегі екенін спорт сүйер қауым сүйсініп айтып жүр. Осылайша бұрын Балжан Шаменованың қамқорлығымен ашылған 17 штат саны қазір 60-қа жетті. Бүгінде аудан көлемінде бұқаралық спортты, ұлттық спорттық ойындарды дамыту бағытында жемісті еңбек етуде.

Дана халқымыз «Тәні саудың – жаны сау», «Бірінші байлық –денсаулық», – деп бекер айтпаған. Себебі салауатты өмір сүрудің алғышарттарының бірі – спорттың адам өмірінде алатын орны, тәрбиелік мәні ерекше. Міне, осындай салауаттылықты басты ұстаным еткен «Наркескен» спорт кешеніндегі толымды тірліктің барлығы Бәкеңнің есімімен байланысады. Әсіресе тек ауданның ғана емес, қазақ елінің көк байрағын көкке көтеріп, намысын қорғап жүрген ағамыздың шәкірттері – тұтас Сыр елінің мақтанышына айналды.

Мәселен, биыл Қостанай қаласында өткен бес асық ойыны республикалық турнирінің қола жүлдесін жалағаштық Сафура Сейтенова иеленсе, Сырдария ауданында өткізілген асық ату, бес асық ашық біріншілігінде аудан құрамасы жүлделі I орынды жеңіп алды. Сонымен бірге облыс бойынша ұйымдастырылған қол добы әйелдер арасындағы жазғы спартакиадасында I орынды Жұмабек Альсина қанжығасына байласа, Қостанай қаласында гір спортынан өткізілген республикалық турнирден Әубәкір Ерасыл күміс жүлдегер атанды.

Ал облыстық «Кока-кола Былғары доп – 2019» іріктеу жарысында 2001-2003 жылғы жасөспірімдерден құралған аудан командасы жүделі I орынды иеленіп, «Нұр-Сұлтан» қаласында өтетін жарысқа жолдама алды. Сондай-ақ волейболдан ерлер командалары арасындағы облыс біріншілігінің екінші айналымының ойын нәтижелері бойынша аудан құрамасы «Үздік үштіктер» қатарынан көрінді. Сонымен бірге мұндағы тәжірибелі жаттықтырушылардан дәріс алған жас спортшылар республикалық жарыстардан жүлделі оралып, халықаралық додаларда талай мәрте топ жарды.

Аудан ардагерлері арасындағы балық аулау жарысы жылда «Иіркөлде» ұйымдастырылады. Бастапқыда ардагерлердің аудандық жарысына үш жыл қатарынан демеушілік жасаған да спорт жанашыры Бақытбек ағамыз екенін айта кеткен жөн. Сонымен бірге жыл сайын соғыс ардагерлері Жалғасбай мен Жолдасбай атындағы мылтық ату турнирін өткізіп, өз қаржысы есебінен демеушілік жасап келеді. Осындай игілікті ісімен елге сыйлы болған Бақытбек Төлеков әр жылдары «Ел ардақтысы», «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін», «Қызылорда қаласына – 200 жыл», «Спорт ардагері» төсбелгісімен және облыс, аудан әкімінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.

***

Бәкең спорт саласының қайнаған тіршілігінде жүрсе де, ата кәсіптен қол үзген емес. Өзінің айтуынша оған бұл кәсіп әкеден балаға дарыған өнер. Бақытбек ағамыздың әкесі Қаппар Төлеков екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, одан кейін бейбіт өмірге араласып, артында өшпестей із қалдырған жан. Майдангер әкеміз 1924 жылы қазіргі Қармақшы ауданыңда дүниеге келген. Әкесі Төлек ақсақал – соғысқа дейінгі ашаршылық кезеңде елдің ырысын еселеуге атсалысып, ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етті. Төлектен үш бала бар. Үлкені Әлипа, екіншісі Жолдасбай, үшіншісі Қаппар. Олардың балалық шағы ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келіп, ес білісімен еңбек майданына жегілді.

Майдангер Жеңіс тойын сол жерде қарсы алды. «Соғыс аяқталды, енді елге қайтам» деп қуанып жүргенде, тағы екі жыл әскерилерді шекарада қалдырып, Қаппар әкеміз 1947 жылдың наурыз айына дейін Отан алдындағы борышын өтейді. Елге келгеннен соң соғыстан кейінгі экономикалық қиындықтарды еңсеруге жұмылды. 1949 жылы совхоз техникумында «ветеринария» мамандығы бойынша оқыды. Кейін мамандығы бойынша совхоздағы малдардың басын көбейтуге атсалысып, совхозда мал дәрігері болды. Мал фермасындағы жұмыс өте ауыр болғаны белгілі. Соған қарамастан ол өгіз бағып, сауынды сиырлардың бабын келістіріп, қажырлы еңбек етті.

Төл алу мен мал басын аман сақтауға атсалысқан майдангер кейін 1984 жылы Қармақшыдан Жалағашқа көшіп келді. Мұнда да төрт түлікті асылдандыру әрі мал ауруының алдын алу бағытында өз тәжірибесімен бөлісті. Әр ауылдан құрылған фермаларға барып, мал дәрігерлік қызмет көрсетті. Оның біліктілігі мен еңбексүйгіштігіне тәнті болған өңір басшылары аудандық Советтің депутаттығына ұсынды. Қырық жыл партия мүшесі болған майдангер кейін облыстық, аудандық Советте 10 жыл депутат болды. Совет отырысында ауыл шаруашылығы саласын оңтайландыру, мал бордақылау мен ірі қараны асылдандыру жұмыстарын жетілдіру жөнінде өз ұсынысын жеткізіп, партиялықтарды совхоз тіршілігін жандандыруға шақырды. Соғыс және еңбек ардагерінің еңбегін елеген елі мерекелік медальдар және сол кезеңдегі Қазақстан Верховный Советтің «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Еңбек және соғыс ардагері 1987 жылы 63 жасында дүниеден өтті. Қаппар ақсақал мен Бейбіқатша анамыз екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, өмірге қанаттандырды. Үлкені – Бақыткүл апамыз ұзақ жыл ағарту саласында еңбек еткен ұстаз. Қазір ол зейнеткерлікке шығып, немере-шөберелерінің ортасында ардақты әже атанып отыр.

Атың барда жер таны желіп жүріп, әкең барда ел таны еріп жүріп дегендей, жастайынан ат үстінде өсіп, әкесінің қасына ерген Бақытбек Төлеков әкеден қалған ата кәсіпті жалғап, сиыр ұстап, жылқы баптап келеді. Адал еңбегімен, қажырлы тірлігімен төрт түлікке толтырған ол асыл тұқымды жылқы-сиырларды шөбі шүйгін, айналасы малға жайлы Иіркөлде ұстайды. Мал баққанға бітеді, төлге төл қосылып, қазір қарауындағы мүйізді ірі қара саны артып келеді. Құдай қосқан жары Жанат апамыз бие байлап, қымыз өндіреді.

«Отан – отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. Кез келген баланың өмірге бейімделіп, азамат болып қалыптасуы ата-анасының тәрбиесіне байланысты. Бәкең балаларын жас кезінен еңбек етуге, оқып білім алуға тәрбиеледі. Сол тәрбие өз жемісін берді. Бүгінде балалары ер жетіп, әр салада жемісті еңбек етіп келеді. Үлкен ұлы Бақытжан – ішкі істер органында тергеу бөлімінің басшысы, ал Бауыржан – аудандық «Қазсушар» өндірістік учаскесінде су реттеуші, Бағжаны – «Інжу» бөбекжайында меңгеруші болса, Батыржан – аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік аға инспектор қызметінде. Ал қара шаңырақтың иесі Қаппар Бауыржан қосымша қожалық жұмысын атқарып келеді.

Бақытбек ағамыз үлкен кісілердің тағылымды әңгімелерін көп тыңдаған. Рухани тұрғыда бай. Сондықтан болар ағамыздың тағылымды әңгімелерін тындауға асығып тұрамыз. Қазақы тәрбиені, ұлттық құндылықты, шежірені айтқанда құлағыңның құрышы қанып, ұйып тыңдайсың. Бірақ ешуақытта өзін-өзі мақтамайды, мақтауға да зәру емес. Десе де еткен еңбектің еленгені кімге де болса қуаныш, көңілге үлкен медет. Сондықтан өңірдің өркендеуіне, спорт саласының дамуына елеулі еңбек сіңірген ағамыздың зейнет демалысқа келген мерейлі шағында қажырлы еңбегінен аз-кем сыр шертуді жөн көрдік...

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ


14 наурыз 2022 ж. 883 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031