ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ
Кеше Жалағаш аудандық Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы алғашқы отырысын өткізді. Кеңес отырысына аудан әкімінің орынбасары Пакуадин Шамұратов және аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Өмірзақ Елеусінов, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Қанат Бөлембаев, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханова және аудандық қаржы бөлімінің басшысы Нұрсұлу Маратқызы қатысты.
Әр саланың мамандарынан құралған кеңесте 2021 жылға арналған аудан бюджетінің атқарылуы туралы есебі және Жалағаш ауданының 2021-2025 жылдарға арналған Даму бағдарламасының 2021 жылы іске асырылуы туралы есебі тыңдалып, талқыланды. Кеңес мүшелері Жұпар Хамитқызы мен Нұрсұлу Маратқызына баяндамаға қатысты сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты.
Атап айтсақ, қайтарымсыз қаржылар арқылы ашылған кәспкерлер жұмысының нәтижесі, жоғары оқу орнында сырттай оқитын жастарды жұмыссыздыққа тіркеудің жолдары, дала өртіне байланысты бөлінген қаржылардың жұмсалу мақсаты, тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін шағын цехтардың құрылысы жөнінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсететін такси қызметін ұлғайту және кент ішінде жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктердің бағыттарын кеңейту сияқты сауалдарға тиісті сала мамандары жауап берді. Сонымен бірге Қожатай Құлмахан ауданымыздың көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қатысты өз ұсыныстарын айтты. Алайда кеңес мүшесінің жер жібитін көктем айларында көшеге көшет отырғызып, оны өз қарауына алып, күтіп-баптап, көктетіп өсірген тұрғындарға ынталандыру мақсатында тұрақты түрде қаржылай сыйақы тағайындау жөніндегі ұсынысына жауап берген Жұпар Баймаханова ондай мақсатқа бюджеттің есебінен қаржы қаралмағанын, оны жеке кәсіпкерлердің тарапынан іске асыруға болатынын жеткізді.
Айта кетейік, 2015 жылы Қоғамдық кеңестер туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, құқықтық мәртебесі бекітіліп, қағидаттары, мақсаты мен міндеттері, өкілеттіліктері айқындалды.
– Қоғамдық кеңес халық мүддесі үшін жұмыла жұмыс жасайды. Мемлекетті халық құрайды десек, кеңес құрамының бірлесіп атқарған жұмысы мемлекеттің дамуына тамшыдай болса да үлес қосары сөзсіз. Таяуда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында жақын арада жүзеге асырылатын саяси реформалар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтты. Әсіресе бұл Жолдауда қоғамдық ұйымдардың рөлін күшейту, олардың құрамын нығайту туралы айтылғаны халық көңілінен орын алды.
Расында мемлекеттің нығаюы үшін қоғамдық институттарды дамытудың маңызы зор. Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін, оларды қалыптастыру тәртібін және халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың шешім қабылдауына коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасының арнайы заңы бар. Сол заң шеңберінде кеңес мүшелері қоғамдық мәселелер бойынша өз пікірін білдіріп, республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірлері арқылы билік пен халық арасын жақындатуға жұмыс істеп келеді. Жолдауда осы қоғамдық кеңестің жұмысын одан әрі жандандырып, маңызын арттыру жайы айтылды. Оны барлығыңыз естідіңіздер. Жалағаш аудандық Қоғамдық кеңесінің құрамында да әр саладан белсенді, халықшыл, мемлекетшіл, елжанды, дербес ойлы, білімді, білікті, байсалды азаматтар бар. Бұл жөнінде Президент өзінің Жолдауында: "Қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді. Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың тағы бір маңызды факторы саналады. Үкіметтік емес ұйымдар маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізіп келеді", – деді.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы жұмысын жалпыхалықтық деңгейде атқаратын және қазіргі қоғамдық кеңестердің барлығын айналасына топтастыратын Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Бұл аталған жаңа құрылымның құрамында қоғамның бар саласының өкілдері болады және олар маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отыратын болды.
Енді осы қоғамдық институттардың рөлі одан әрі күшейеді. Осыған дейін Қоғамдық кеңес ауданымыздағы бірқатар маңызды мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ел мүддесі үшін жұмыс істеді. Енді кеңестің жаңа құрамы да белсенділікпен жұмысқа кіріседі, – деді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Оразбек Ахметов.
Отырыс соңында Жалағаш ауданы Қоғамдық кеңесінің 2022 жылдың І жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Қуат АХЕТОВ