СЕРІКТЕСТІК ЖҰМЫСЫНДА СЕРПІН БАР
Бұл – аудан іргесінде орналасқан Ақсу ауылына қарасты “Сәрке батыр” ЖШС-на тиесілі егіс алқабы. Қазір мұндағы майталман механизаторлар бұрынғы ескі жоңышқаның орынын сүдігерлеп, күрішке дайындап жатыр. Жер жыртуға арналған алып соқаны артына жеккен техникаға бұл алқапты сүдігерлеу салмақ болмайды. Себебі осыған дейін бірнеше жыл жоңышқа жайқалған атыздың құмында құнар бар және жұмсақ. Ал одан әрі бес-алты картаны артқа тастасаңыз, қос ХТЗ тракторы жаңа үлгідегі озық лазермен сүдігерден өткен тоңды езіп, алқапты тегістеп келеді. Қысқасы бос жүрген бір адам жоқ, әрқайсының өзіне артылған жауапкершілік бар, сол сенім үдесінен шығу – басты мақсат.
Айтпақшы биыл аталған шаруашылықтың төрағасы да ауысты. Жас келсе, іске деп, ақсулықтар бірауыздан Ерлан Оңласыновты серіктестікке басшы етіп сайлапты. Сол уақыттан бері шаруашылық жұмысының ширағанын әріптестері де жасырмайды. Ерте көктемде науқан жұмыстарына кірісіп кеткен шаруашылық ұжымы қазірдің өзінде 50 гектар алқапқа бидай және 100 гектар жерге мақсары орналастырып үлгерген. Несібесі ғой, “Сәрке батырлықтар” бидай мен мақсарыны егіп болды, артынан жаңбыр да жауды. Мұны жаңа төраға жақсылыққа балап отыр. Себебі өнімнің қос түрі жауынға дейін себілсе, қамба астыққа толады екен. Ләйім солай болсын.
Серіктестік ұжымы былтыр да осындай көлемде бидай мен мақсары еккен. Одан жиналған өнім де жаман болған жоқ. Биыл да үлкен өнімнен үмітті. 2021 жылы шаруашылық 1 300 гектар алқапқа Сыр салысын орналастырса, одан шыққан орташа өнім гектарынан 55 центнерді құрады. Ал алды 80 центнерге дейін өнім жиды. Мұндайда еткен еңбек лайықты бағаланса, келер жылы диқандарға үлкен шабыт болары анық. Ал мұны “Сәрке батырдың” төрағасы жақсы біледі. Былтыр үш бірдей диқанға темір тұлпар үлестіргені де сондықтан.
Ерлан Қобыланұлы биыл да серіктестік жұмысында серпін болып, оң нәтижеге қол жетсе, дәстүрлі шара сабантойда жалғасын табатынын жасырмайды. Әзірге шаруашылық ұжымының жұмысы ширақ, ал нәтижені алдағы күннің еншісіне қалдырайық.
Биыл “Сәрке батырлықтар” 1200 гектар алқапқа Сыр салысын себуді жоспарлап отыр. Агроном Өркен Мейрамбекұлы күріштің күтіміне қатысты қандай мәлімет қажет, бәрін жіті меңгерген екен. Әр атызды сүдігерлеп жатқан механизаторларды тоқтатып алып, ақылын айтып, кеңес беріп жүргені де сондықтан. Себебі күріштің күтімі әуелі осы жерді дұрыс сүдігерден өткізуден басталатынын жақсы біледі.
Ол биыл күріштің 3 сұрпы себілетінін айтады және әрқайсының пісіп-жетілу уақыты да әртүрлі. Былтыр шаруашылық тек “Янтарь” мен “Лидер” сұрпын ексе, енді олардың қатарына өзіміздің өңірде дайындалған “Сыр сұлуы” қосылып отыр. Жаңа сұрыпты олар тәжірибе үшін тек 20 гектар алқапқа сеппек.
– Каналдарға су келгенше жерді егіске дайындап үлгеруіміз керек. Өздеріңіз байқағандай, мұндағы еңбек адамдарының шаруасы ширақ. Енді бір аттасақ, дән себу рәсіміне де аяқ басамыз. Былтыр себілген Сыр салысына су жеткізу оңай болған жоқ. Себебі, аймақта аяқ су мәселесінің туындағанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Биыл да мамандар аяқ су мәселесі оңай болмайтынын айтады. Ал бұл шаруашылық ұжымына жүктелер жауапкершілікті еселейді. Егіске қажетті тыңайтқыштарымызды да алып қойдық. Басты мақсат – күзгі науқанда сабантойды жоғары нәтижемен қорытындылау. Әзірге еңбек қарқынды, – дейді төраға Ерлан Оңласынов.
Айта кетейік, Ақсудағы аталған шаруашылық түрлі мерекелерде ардагерлерге, спорт сүйер жастарға құрмет көрсетіп, демеушілік жасауды дәстүрге айналдырған. Ауылына қарайласқан шаруашылықтың елді мекенді абаттандыру мақсатында алға қойған мақсаты да жоқ емес. Бастысы Ақсуда өтетін түрлі шараларға демеушілік жасау серіктестік ұжымы үшін қалыпты жағдайға айналған.
Барлық атыздың сүдігерден өтуі қараған көзді қызықтырады. Даланы дүбірге толтырған еңбек адамдарының біркүндік жұмысы осы. Кеше жауын жауғасын ба, әр атызды бетке алып, жыртып жатқан техниканың артында айтарлықтай бұрқыраған шаң да жоқ, оның үстіне күн де тынық. Ал қырман басында қос трактор аудан орталығынан жеткен тыңайтқышты түсіріп жатыр. Одан әрі жүрсеңіз 500 гектар алқапта орналасқан жоңышқаның күтіміне жауапты еңбеккерлерге кезігесіз. Бір сөзбен айтқанда, 150 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік жұмысында серпін бар.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ