СЕРІКТЕСТІК ӨТКІЗГЕН СЕНБІЛІК
Бұл ұжым сенбілік өткізу үшін сенбіні күтпейді. “Өркен-Әлем” тігін цехының он саусағынан өнер тамған ісмерлері аптаның барлық күнін аудан тазалығына арнауға қашанда даяр. Иә, олардың жұмыс уақытының бір бөлігін қоршаған ортаның тазалығына арнағаннан шаруасы шатқаяқтап жатқан жоқ. Оған осыдан бірнеше ай бұрын кәсіпорынға ат басын бұрған күні көзіміз жеткен. Ал бүгін олар бірнеше жыл бұрын әуе апатынан қаза тапқан сарбаздарға арнап қойылған ескерткіш маңында тазалық жұмыстарын жүргізіп, тағы да көпшілікті өнегелі ісімен тәнті етті.
Облыстық мәслихат депутаты, “Өркен-Әлем” ЖШС басшысы Жақсылық Өзденбаев ескерткіш ауласына тазалық жұмыстарын жүргізіп, сарбаздар рухына құран бағыштауды серіктестік ұжымы бірнеше жылдан бері дәстүрге айналдырғанын айтады. Сондай-ақ ол алдағы жылдары да дәстүрлі шараның жалғасын табатынын жасырмайды.
– Біз жыл сайын бір күнімізді осы ескерткіш ауласының тазалығына арнаймыз. Бұл – бір жағынан қызмет барысында бақилық болған сарбаздар рухына құрметіміз. Алдағы уақытта да жылдың бір күнін ескерткіш ауласының тазалағына арнауды серіктестік ұжымы дәстүрге айналдырады. Қоршаған ортаның тазалығы баршамызға абырой. Сондықтан біз мұнан бөлек әр сенбі сайын өзіміздің кәсіпорын ауласына да санитарлық тазалық жұмыстарын жүргіземіз, – дейді серіктестік басшысы, облыстық мәслихат депутаты Жақсылық Өзденбаев.
Айта кетейік, осыдан 3 жыл бұрын 27 наурыз күні аудан территориясында апатқа ұшыраған МИ-8 тікұшағы барша қазақ жұртының қабырғасын қайыстырған болатын. Ақтаудан Шымкентке бет алған тікұшақ бортындағы 13 адамның барлығы қаза тапқан. Марқұм болғандардың 12-сі Ақтаудағы 30153 әскери бөлімінде қызмет еткен. Дәл осы жылы әуе апатынан қаза тапқандарға ескерткіш тақта орнатылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ми-8 тікұшағының апаты кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің қызметтік борышын адал атқарғаны және ерлігі мен жанқиярлығы үшін "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдарымен марапатталған болатын. Сол ескерткіш тақта орнатылған күннен бері ауласының тазалық жұмыстарын “Өркен-Әлем” ЖШС ұжымы өз жауапкершілігіне алған.
– “Тазалық – тал бесіктен” дейді дана қазақ. Өзіміз мекен еткен қоршаған ортаның таза болғаны кімге болса да тиімді. Біз әр сенбі сайын өзіміздің кәсіпорын орналасқан аумаққа санитарлық тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Мұнан бөлек қаза болған сарбаздардың ерлігін паш ететін осы ескерткіш ауласына да жыл сайын санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп келеміз. Басшымыз бастап, ұжым болып қолдап бір жағынан сарбаздар рухына құрмет көрсетсек, келесі кезекте өңірдің тазалығына да мән беріп жатырмыз, – дейді кәсіпорынның цех меңгерушісі Алтынай Әлібаева.
Тазалық жайын сөз еткенде ең алдымен ауданның келбетін арттырып, Жалағаштың жасара түсуі үшін жасалып жүрген көркейту-көгалдандыру жұмыстары ойымызға оралады. Өйткені, осы бағытта жасалған әрбір жұмыс таза еңбектен тұрады.
Түптеп келгенде тазалықтың да, көркейту-көгалдандырудың да мақсаты бір. Өзіміз тұратын өлкенің көп көзіне түрпідей тиетін көріксіз жерлерін күл-қоқыстан тазарту, қоршаған орта мен кент ішінде бірізділікті қалыптастыру және Жалағаштың жайқалып, келбетінің арта түсуіне әр тұрғынның қосар үлесі бар екенін ұғындыру. Ал кешегі сенбілік жұмыстары барысында серіктестік ұжымы ескерткіш ауласын күл-қоқыстан арылтып, айналасындағы арам шөптерді шауып, орындықтарды, ескерткіш маңындағы белгілерді сырлады.
Жандос ЖАЗКЕН