Салада серпін бар
Ел экономикасының тірегі де, халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыратын да – кәсіпкерлік саласы. Аталған салаға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп келеді. Өйткені еліміз – аграрлы мемлекет. Яғни ауыл шаруашылығы саласы бойынша кәсіп дамытуға қолайлы. Сондықтан Үкіметтен бұл салаға жан-жақты қолдау бар. Тек халық сол қолдауды тиімді пайдаланып, кәсіппен айналысса болғаны.
Соңғы жылдары ауданымызда кәсіпкерлікке бет бұрған тұрғындардың саны артты. Мәселен, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бізге берген мәліметі бойынша былтыр ауданда 2 555 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліпті. Оның қазірде 2 353-і жұмыс істеп тұр. Яғни өткен жылмен салыстырғанда заңды тіркелген кәсіпкерлер саны 168-ге көбейген. Биыл қосылған субъектілердің ішінде де 162-сінің жұмысы жүріп жатыр. Ал аудан бойынша тіркелген 2 555 кәсіпкерлік субъектісінде дәл қазіргі уақытта 3 991 адам жұмыс істейді. Яғни төрт жүзге жуық аудан тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мемлекеттің кәсіпкерлік саласындағы ұстанған саясаты да жұмыссыздықты төмендету, тіпті мүлдем жою және бұл – әр өңір үшін күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Біздің ауданда да кәсіпкерліктің қанат жаюымен бірге жұмыссыздық көрсеткіші төмендеп жатыр деп айтуға әбден болады. Бұған тағы бір дәлел: 2021 жылдың басынан мемлекеттік кірістер басқармасына 511 жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркеліп, 572 жаңа жұмыс орны ашылған.
Сонымен бірге өткен жылдың шілде айында облыс бойынша аудандардың ішінде бірінші болып «Бизнеске арналған үкімет» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылып, қазіргі таңда аудан кәсіпкерлеріне «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуде. Аталған орталық кәсіппен айналысуға талап қылған тұрғындар үшін ауадай қажет. Өйткені, кәсіп бастау оңай емес.
Негізінен ауылдық елді мекендердің халқына ауыл шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар мен жеңілдетілген несиеге қол жеткізудің заңдылықтары мен жолдарын түсіндіріп, жан-жақты кеңес және бағыт-бағдар беретін бір орталықтың болғаны жөн. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін ауыл халқы, әсіресе шалғай ауылдардың кейбір тұрғындары асыл тұқымды мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру мақсатында жасалған арнайы мемлекеттік бағдарламалардың бар екенін де білмей келді. Енді жаңадан құрылған орталықтың жұмысы арқылы тұрғындар тарапынан кәсіпкерлікке жаңаша бетбұрыс жасалып, халықтың белсенділігі бұрынғыдан да жоғарылайды деп сенеміз.
Мәселен, «Бизнеске арналған үкімет» мекемесінің аудандық менеджері арқылы былтыр аудан кәсіпкерлеріне 496 көмек көрсетіліп, 309 рет кеңес беріліпті. Сол секілді 2021 жылдың қорытындысы бойынша «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік Палатасының Жалағаш аудандық филиалы арқылы 363 жеке және заңды тұлға кәсібіне қатысты көмек алса, «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған «Атамекен Қызылорда» микроқаржы ұйымы» арқылы жалпы құны 53,3 млн теңгені құрайтын 13 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген.
Жоғарыда айттық, заманға сай кәсіп бастау және онымен тұрақты түрде айналысып, уақыт өте кәсібіңді кеңейтіп, өркендету оңай шаруа емес. Оған біріншіден, құқықтық сауатың болуы шарт. Екіншіден, сол кәсіпті шырқ үйіріп алып кететін бейімділігің тағы болуы керек. Үшіншіден, кәсібіңді жүйелі түрде жолға қою үшін нақты жоспар, өміршең жоба жасалуы тиіс. Міне, осы тұрғыда ауданымызда жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
Атап айтсақ, «Бастау Бизнес» жобасы аясында есепті мерзімде 153 аудан тұрғыны оқу курсын аяқтап, оның ішінде 114 қатысушыға немесе 75 пайызына қаржылай қолдау көрсетілген. Былтыр мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе кәсібін дамыту бағытында 369 жоба 3 млрд 180,4 млн теңгеге қаржыландырылып, 457 адам жұмыспен қамтылыпты. Сала мамандары бұл сандық көрсеткіштерді өзге аудандармен салыстырғанда Жалағаш алда келе жатқанын айтады.
Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары және жеке секторлар арқылы былтыр 8 млрд 701,4 млн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдерін өндірген. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым.
– Облыс көлеміндегі кәсіпкерлік саласының дамуын айқындау мақсатында «Қызылорда облысының 2023 жылға дейін экономикалық даму» жоспары бекітіліп, көрсетілген межелі мерзімге дейін Жалағаш ауданы бойынша жалпы құны 2 млрд 756,4 млн теңгені құрайтын 45 жобаны іске асыру және 137 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Былтыр осы аталған даму жоспары аясында жалпы құны 1 млрд 210,2 млн теңгені құрайтын 27 жоба жүзеге асырылып, 72 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал алдағы уақытта жалпы құны 1 млрд 546,2 млн теңгені құрайтын 17 жоба іске асырылып, 65 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғабит Ерболұлы.
Биыл аудан көлемінде «Ақ-Бостай» ШҚ-ның күріш зауыты (болжамдық құны 200 млн теңгені құрайды), «Бақдәулет-57» ШҚ-ның сүт өңдеу зауыты (құны 50 млн теңгені құрайды), «Изаура» ЖК-ның қоқыс қалдықтарынан құрылыс материалын шығару, яғни «Эковата» өндіру цехы (құны 17 млн теңгені құрайды), «Ақерке» ЖК-ның сауда орталығы (құны 50 млн теңгені құрайды) және Дәуімбай елді мекенінде салынатын «Тоқтамысова» ЖК-ның 90 орындық балабақша құрылысы (құны 97 млн теңгені құрайды) секілді жобаларын іске асырып, 43 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Қуат АХЕТОВ