» » Тағы да тазалық тақырыбы

Тағы да тазалық тақырыбы

Бұл мәселе күн тәртібінен түспейді. Біз де тазалық тақырыбына нүкте қоймаймыз. Қоғам болған жерде тазалық қоса жүреді. Адамзаттың тұрмысы мен өмірі үшін өте маңызды. Шынын айту керек, көктемгі тазалық жұмыстары басталғалы бері кент іші күл-қоқыстан арылды. Қанша дегенмен, барлық мекеме жұмыла кіріскен іс-қимылдың нәтижесі болады ғой. Сенбі сайын көше бойында тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.

Бір өкініштісі, кентті ластайтын да өзіміз, тазалайтын да өзіміз. Бұрын қоршаған ортаны таза ұстап, табиғатты қорғауды мектеп оқушыларына ғана үйретуші еді. Қазір көшеде ересек­тердің өзіне тазалық тақырыбын тар­қатып түсіндіретін бір-бір мұғалім керек. Мәселен, адам көп жиналатын автовокзалдың маңайын бір сәт сырттай бақыласаңыз, осы сөзімізді сіз де қостайсыз. Жолаушылардың көбі қолындағы сусынның босаған қалбыр құтысын, шыны шөлмегін немесе темекінің бос қорабын тұрған, отыр­ған жеріне лақтыра салады. Әкесі мен шешесінің солай істегенін көріп тұрған қасындағы баласы қолындағы балмұздақтың қағазын қоқыс жәшігіне сала ма? Жоқ. Бала үлкендерден көргенін істейді. Ал сонысы үшін балаға қалай ұрысамыз? Балаға қоғамдық тазалықты сақтауды үйрету үшін алды­мен айналасын ластап жүретін ересектерді "жазалап", жөнге салуымыз керек емес пе?!

Сонымен, кент ішіне тазалық жұмыс­тары қарқынды жүріп жатыр. Әр мекеме өзіне тиесілі аймақтарын әр сенбі сайын ұжым болып тазартып, аяқсу жүретін арықтарын аршып, талдарын әктеп жатыр және өте белсенді.

Көктем шыққалы төртінші сенбілік өтті. Сенбілік сайын аудан әкімі Асылбек Шаменов кент ішіндегі көшелерді аралап, көріп, тазалыққа жауапты мекемелерге тиісті тапсырмасын беріп келеді. Аудан басшысы тазалыққа қатаң талап қойып отыр. Алайда шашылып жатқан күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан арылып, тап-тұйнақтай болған кент көшелерін көріп сүйінгеніңмен, артынша ауласындағы немесе үйінен шыққан қоқыс пен кірдің суын көшедегі арыққа қотара салатын кейбір жауапсыз тұрғындарды көріп күйінесің.

Олардың бұндай әрекеті – адамның еңбегін бағаламау ғана емес, өзі өмір сүріп отырған ортаға, қоғамға деген құрмет­сіздік. Тіпті айналасындағы адам­дарға деген қастандық. Өйткені таза­лыққа немқұрайлы қарайтын адам нағыз жұқпалы індеттердің өршитін кезеңінде көшені ластап, сол маңның аурудың ошағына айналуына себепкер болуы мүмкін. Сондықтан жауапкершілікті се­зін­бейтін ондай кісілерге заң жүзінде айыппұл салу керек және бұл мәселеде "көз қысты, бармақ басты, тамыр-таныстық” жүрмеуі тиіс.

Менің жұмыс орным Абай көшесі бойында орналасқан. Абай – кент орталығындағы жасыл желек көмкерген ең ұзын және ең әдемі көшелердің бірі. Сонымен бірге ең таза көше. "Әрине, орталық болған соң тазалайды ғой" деп ойлаған адам қателеседі. Бұл көшенің тұрғындары тазалық сақтауға әбден қалыптасқан. "Абайда" тұратын кішкентай балаларға дейін көшесінде жатқан бірді-екілі бос шыны шөлмекті немесе тұрмыстық заттардың қағаз қораптарын көзі шалса, жинап жүреді. Мүмкін, оларға ата-аналары ұлы ақынның атындағы көше ластанып жатпауы керек екенін ұғындырған шығар. Егер көше атауын иеленген ұлыларымызды ұлықтау ар­қылы тазалық сақтауды үйренер бол­сақ, Дәуімбай елді мекеніндегі Ыбырай Алтынсарин көшесі де бір тазарып қалар еді-ау. Қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы-ұстаздың атындағы көшенің қазір халі өте мүшкіл.

Нақтырақ айтсақ, бірер жыл бұрын ғана асфальтталған осы көшенің орта тұсында бос жатқан жер бар. Білетіндер бұрын көлдің орны болған деседі. Жыңғыл өсіп кеткен үлкен сайдың табанынан қазір де жаз айларында шым-шымдап ыза су көтеріледі. Сондықтан да ол жерді тұрғын үй салу мақсатында ешкімнің пайдалануға зауқы жоқ. Ал иесіз бос жатқан жер күл-қоқыс төгетін орынға айналатыны белгілі. Алтынсарин, Байсопақов көшелерінің тұрғындары қорасынан шыққан қи-көңі мен үйінен шыққан күл-қоқысын сол жерге апарып тастайды. Бұрын сәл де болса ұялып, түн қараңғысында ұрланып келіп төгетін көрші-көлем, қазір күндіз көз алдыңда қоқыс тола арбасын төңкеріп кететін болды. Тиісті орындар тарапынан бақыланып, шара көрілмегесін де солай болады ғой.

Қазірде сол жыңғылды сайға төгілген күл-қоқыс желмен ұшып, көшені, тұрғындардың ауласын ластап жатыр. Ертең күн ыситын жаз мезгілінде малдың қиы мен тұрмыстық қалдықтардың көңсіген күлімсі иісі шығып, сол сайға жақын тұратын үйдің тұрғындарын әбігерге салады. Өткен сенбілікте сол маңайға аудан әкімі Асылбек Шаменов барды. Аудан басшысы мән-жайға қаныққан соң, тазалыққа жауапты мекемелерге ластанған аймақты бақылауға алуды және ластап жатқан тұрғындарға тиісті шара көру жайында тапсырма берді.

Кент те, ауыл да өзіміздікі. Бізге сырттан біреу келіп қисығымызды түзетіп, шашылғанымызды тазалап бермейді. Сырт көз – сыншы. "Ауылын көріп, азаматын таны" дейді қазақ. Кент іші көркейіп, көшелеріміз жарқырап жатса, ауданның абыройы және сол абыройға әрбір тұрғынның үлесі бар. Соны сезінуіміз керек. Кент ішін де, ауылымызды да, ауламызды да таза ұстайық. Бұл – біреуге емес, өзімізге жасаған жақсылығымыз.
Былтыр әлеуметтік желіден кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Әліби Бекжанов ағамыздың кішкентай ұлына көше бойындағы сусыннан босаған қалбырларды жинатып, қоқыс жәшігіне салдырып жатқанын көріп көз қуанып, көңіл сүйсінді. Әлеуметтік желі қолданушылары сол бейнежазбаны бір-біріне және топтарға жарыса бөлісті. Расында, тазалық отбасындағы тәрбиеден басталады ғой. Егер бірер жылдан соң көшеде шашылып жатқан қоқысты теріп алып, арнайы жәшікке салып жүрген азаматты көрсеңіз, Әліби ағамыз секілді өнегелі әкеден тәрбие көрген бала екеніне күмән келтірмесеңіз де болады.

Қуат АДИС


12 сәуір 2022 ж. 549 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 783

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031