» » Сексеннің сеңгіріндегі оқырман

Сексеннің сеңгіріндегі оқырман

Ойда жоқта сапарға шықтық. Бағытымыз – ауданға қарасты Т.Жүргенов ауылы. Мақсатымыз – редакцияға алғысқа толы бейнетүсірілім және дыбыстық хат жолдаған 86 жастағы ауыл ақсақалы, газеттің тұрақты оқырманы Өмірзақ Сәукенов ағамызбен жүздесу. Қаперімізде қарттың көкейінде жүрген көнеден қалған әңгімесін тыңдап, сыр сандығын ақтарып, ескіден қалған есті әңгімені елге сүйіншілеп, қарт абыздың батасын алу болды.

Ауылдың қара жолын қақ жара жүйткіген ақ нивамен лезде діттеген жерімізге жетіп те қалдық. Ауыл шетін­дегі ауласы атшаптырым үй­дің қақпа сыртынан бізді Өмірзақ ағамыздың немересі күтіп алып, үйге қарай бастады. Қора-қопсысы, бау-бақшасы сән берген еңселі үйден ішке кіргенде алдымыздан атжақты, қараторы, омырауы медальға толы қария ақжарқын күлкімен, жылы мейіріммен құшақ жая қарсы алды. Бар жылы сөзін, ақеден көңілін айқара ашып, «Айналайындар, аман-есен кел­діңдер ме? Қалай жеттіңдер? Шар­шаған жоқсыңдар ма?» деп құрақ ұшып жатыр ақсақал. Хал сұрасқаннан кейін «Қызым, мен – сендердің тұрақты оқыр­мандарыңмын. Жалпы газет-жур­нал­дарды жібермей оқимын. Нұртөре Жү­сіптің мақалаларын сүйсіне оқимын. Өте сараптап, талдап жазғаны ұнайды. Қазір Парламентте ғой» деп бір тоқтады қария.

Шынында қоғамның жүрек қағысын қалт жібермей зерделеп отырғаны таң­дай қақтырды. Адамды мезі ететін артық әңгімесі жоқ, нақпа-нақ, дәлелмен сөйлейді. «Қызым, мен – сенің де тұрақты оқырманыңмын. Сол себепті сенімен де кездескім келді. Өзіңе жіберген бей­нетүсірілімнен көрген боларсың, сенің аудандық газетке шыққан «Жалағаш халқы жарап тұр» деген өлеңіңді жаттап алдым. Ауылдың үлкені болған соң бата сұрайды. Батамды беріп, артынан осы өлеңді айтып берем. Бұл өлең менің бойтұмарымдай болып тұр, қалқам» деп маған мейірлене қарады.

Иә, қарияның таным көкжиегінің ке­мелдігіне таңырқадық. Алланың құды­ретінде шек жоқ екен. Ол кісінің көзі 100 пайыз көреді. Газеттерді көзілдіріксіз судыратып оқып отыр. Азанғы салқынмен 2 сағаттай бақшада жұмыс жасап, мал жайлайды. Бос отыруды қаламайды. Қимыл-қозғалысты өмір деп бағалайды ол. Ауыр ойдан арылудың да жолы дене еңбегінде екенін айтады. Сергектік пен тағылымды бойына жиған қария кітаптан оқыған әңгімелерін кейінгі ұрпаққа наси­хаттауды бір сәт естен шығармаған.

Қазына кеуде абыз қария жан-жары Балдарай Тоқбергенқызының 52 жа­сында өмірден өткенін өкінішпен еске алды. Алайда «орнында бар оңалар» дегендей, көзінің нұрындай болған 8 баланы жетімсіретпей жеткізіп, бәрін оқытып, құтты орнына қондырып, мәуелі бәйтеректей жылы ұясына қамқор болып, олардың ұрпағын сүйіп отырған бақытты әке екенін көргенде еріксіз жанарға жас үйірілді. Шынында анасыз бала өсіру өте қиын екенін бәріміз де көріп жүрміз. Осындайда «Бір әкенің берген тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды» деген сөздің байыбына көз жеткізесің.

Үлкен ұлы Мамыр мен жұбайы Анар әкесінің қас-қабағына қарап, қазыналы қартты бағып-қағып отырса, немерелері атасының мейірімімен шыңға біткен шынардай жайқалып өсіп келеді. Аллаға шүкір, ұрпақтары да бір қауым ел болып, өсіп-өніп отыр.
Өзінен өрбіген әулетіне бабалардың өнегелі жолын үнемі айтып отыруды жөн көреді қария. Бүгін бізге де сондай әң­гімені шабыттана айтқанда қарияның жүзі нұрлана түсті.

– Біз Шынжырбай деген атамызбен мақтанамыз. Шынжырбай Келдібайұлы туралы тарихта көп дерек қалмаған. Ол кісі керуенбасы болған. Белгілі эт­но­­­граф, біздің ініміз Т.Дайрабайдың «Той­қожа батыр әулеті» және Тұрақ Адис­ұлының «Ғибратты ғұмыр» кітап­тарында батыр атамыздың ерліктеріне тоқталып өткен. Онда Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың әкесі Еспан қарттың әң­гімесі арқылы батырдың ерлік істеріне тәнті болдық. Онда былай суреттеледі. «Тілеубай атамыздың ұрпақтары көбіне мал жағдайымен Қызылқұмды асып, кей­де жайлап қалады екен. Бір жылдары малы қыстан көтерем шығып, Құлсары ауылы арқаға көше алмай Қызылда қа­лыпты.

Бұхар хандығының бір бөлек әс­кері осындай бөлек-бөлек ауылды шауып, кәсіп еткен. Сол баскесерлер Құлсары ауылының қарсыласқан төрт-бес адамын өлтіріп, қалған мал-жанын айдап кетеді. Құлсары ауыл­да жоқ екен. Бір заманғы тірі кеткен­дерді жау қолынан қайтарып әкелу үшін Шынжырбай деген палуан ата­мыз қасына төрт-бес жігітті ертіп, босқындап кеткен Құлсарының ауылын тауыпты. Тұтқындағы он шақты отбасы Бұхардың бір бегінің құлшылығында жүр екен. Батыр құлшылықтағы бауыр­­ларымен түнделетіп тілдеседі. Сондағы қазақтардың көмегімен Шынжырбай бектің үйіне түнде кіреді. Бек қазақтарды қайтаруға көнбейді. Сол кезде Шын­жырбай бектің жел­кесінен бүре қысады. Иә, менің айтқаныма көнесің, иә болмаса өлесің» дейді бекке. Осылайша бір қауым елді құлдықтан құтқарған текті бабаның ұрпағы болғанымызды мақтан етеміз, – деп әңгімесін сабақтады ақсақал.
Кеудесі алтын сандық қазыналы қа­рия­мен біз де қимай қоштастық. «Үйіңде қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекер айтылмаса ке­рек. Ал ақыл-парасатымен төрге озған Өмірзақ ақсақалды бүкіл ауыл құр­мет­тейді. Шы­нында тағдырдың сан қиындығын той­тарған жан қандай құр­метке де лайық.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
19 сәуір 2022 ж. 651 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 778

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031