» » » Қырық күн бұрын келетін несібе

Қырық күн бұрын келетін несібе

Әлі есімде анам екеуміз нағашы жұртымызға барып бірнеше күн қыдырғанымыз. Нағашыларым кеңпейіл, қонақжай кісілер екен. Бірінен соң бірі үйіне шақырып, қолынан келгенше бізге сый-сыяпатын беріп жатыр. «Жиенге баспақ мінгіземін. Қолға түсе бермейтін сыйлы қонақ міне, осы қызым» деп соңғы барған үйдегі үлкен ақсақал өз ілтипаты мен қонақжайлығын, ақеден көңілін көрсетіп бәйек болып жүр. Қазір ойлап отырсам, қазақтың салт-дәстүрінде қандай жылылық пен ұлылық жатыр. Көпті көрген көреген кісілер екен ғой сол жандар. «Жиеннің назы болады. Сұраған нәрсесін бермесек болмайды» деп қояды қайырымды нағашым ағынан жарылып. Біздің құрметімізге мал сойылып, сыбағалы асымыз алдымызға келді. Ағайындар, көрші-көлем көп жиналыпты. Отырыстың сәні бұрынғы атадан қалған асыл сөз ғой. Төрде отырған қаба сақал жетпісті алқымдап қалған жүзі шырайлы, атжақты кісі әңгімесін бастады. Сол әңгіме маған қатты әсер еткені сондай әлгі кісіге кірпік қақпай қадалып қарап қалыппын.

Бала күнімде зердемде қалған ұлағатты өнегеге толы әңгімені бертін келе өз анамның аузынан жиі еститін едім. Қонаққа төрін ұсынып, жатырқамайтын жылы қабағы, дәмді тамағы бүгінгідей көз алдымда. Анашым әрдайым «жоқ» деген сөзді айтпаңдар. Жоқтың түбі жоқ болады. Бір нәрсе сұраған адамның қажетін барынша өтеуге тырыс. Шынымен болмай тұрса, оны сыпайылап жеткіз. «Жоқ» деген бір ауыз сөз адамға түрпідей тиеді. Кең болсаң, кем болмайсың» деп ескертуші еді. Қазір бәрі бар, не ішем, не кием деп ойламайтын «қой үстіне бозторғай ұялаған» заманда пейілі тар адамды көргенде іштей қынжылып, нағашы жұртыма барғандағы әдемі әңгіме ойыма орала береді. Ол ұлағат – қай заманда да құнын жоғалтпайтын асыл қазына.

Ертеде бір қонақжай кісі болыпты. Оның әйелі болса жолдасының үйіне күнде бір кісіні ертіп келетініне ашуы келеді екен. Бірнеше рет жолдасына «Күніне бір қонақты ертіп келесің, қонақтарың болса, балаларымыздың несібесін жеп кетеді» десе де, ері үйге қонақ шақырудан бас тартпапты.

Бір күні әйелінің шыдамы таусылып, ғұламаға кеңес сұрауға барады.
– Жолдасым қонақ шақырмаған күн жоқ. Ба­ла­ларымыз болса өсіп келеді. Тапқан та­бы­сымыздың бәрі сол қонақты тойдыруға кетіп жатыр, – деп шағымданады.
Ғұлама әйелдің күйеуін де қасына шақырып, неге олай істейтінін сұрап, одан сыр тартады. Ал әлгі әйелдің күйеуі болса қонақ шақырмай тұра алмайтынын, асты қонақпен бөліссе, үйге береке кіретінін айтып дес бермейді.
Ғұлама екі жақты да тыңдап, әйелден «Күніне үш-төрт емес бір ғана қонақ келсе, оған келісесіз бе?» деп сұрайды. Әйел оған да келіспейтін сыңай танытады. «Мен балаларымның несібесін басқаларға жегізе алмаймын» деп тұрып алады.
Күйеуі болса, ең болмаса күнде бір қонақ күтуге келісші деп өтінеді. Ақыры әйелін бұған көндіреді. Алайда ертеңіне жолдасы тағы екі қонақ ертіп келеді. Ал жұбайы болса, ақырын күтейін деген ақылға келіп, ашуын сыртқа көрсетпей, ас үйге кіріп үш кісілік ас дайындайды. Қонақтар риза болып аттанып кетеді. Алайда дастарханда бір кісілік тамақ артылып қалады. Дереу жолдасына келіп «Қонақтың біреуі неге тамақ ішпей кетті?» деп сұрайды. Жолдасы аң-таң болып «Қай қонақты айтасың? Мен бір-ақ қонақпен келдім ғой» деп ақталып жатады. Бірақ әйел бір емес екі қонақтың келгенін көргенін айтып, ортақ келісімге келе алмай екеуі тағы баяғы ғұламаның алдына барады. Ғұлама болған жағдайды тереңнен зерделеп, «Жұбайыңыз рас айтады. Үйге екі қонақ кірген. Бірақ екінші қонақ адам емес. Адам кейпіндегі несібе болатын. Қарсы болсаңыз да, дастархан жайып қонақты жылы қарсы алғаныңыз үшін несібе азаймады. Өйткені әр қонақ өз несібесімен келеді, тіптен несібесі өзінен 40 күн бұрын жетеді. Яғни ешкім ешкімнің несібесін жей алмайды, несібе де азаймайды, керісінше, қонақ шақырған үйдің несібесі артады, айналайын. Сондықтан пейілдеріңді түзеңдер. Сонда ризық-несібелеріңді Алла жеткереді» деген екен.

Қазақы болмысымызға тән дала заңындай ардақталатын қонақжайлық кеңпейіл дархан да­ла­мыздан, тектілік тұғырындай бабамыздан қал­ған асыл мұра. Өзге ұлт пен ұлысқа кең жайлау даламыздан қоныс беріп, дастарханымыздан дәм беріп, бауырмал елдер қатарында отырғанымыз да сол тектілік қасиетімізден болар. Қалай болғанда да қазақы қанымызға сіңген қонақжайлық ұрпаққа қалдырар асыл аманаттың ең ардақтысы екені ақиқат.

Г.Қожахметова

12 мамыр 2021 ж. 791 0