Бағдарлама нәтижесі бақылауда болады

Бұл бағыттағы қоғамда шешімін табуы тиіс күрделі мәселелерге маңыз беріп, оны түбегейлі қадағалап отыратын жетекші партия – «Amanat». Елдің аманатын арқалаған партияның белсенді өкілдері тұрақты түрде әр сала жетекшілерінің атқарған жұмыстарына талдау жасап, халықтың жан айқайын құзырлы орынға жеткізіп, оның оңтайлы шешілу жолына бағыттап, біте қайнасып жұмыс жасайды. Аманаттықтардың арнайы бекіткен бағдарламалары – соның айғағы.
Кеше өткізілген «Amanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалының жанындағы «Әлеуметтік қамту мәселелері» жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында қарапайым халықтың мүддесін қозғайтын бірқатар мәселе назарға алынды. Жиынға аудандық мәслихаттағы «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Гүлжайна Айтжанова төрағалық етті. Отырысқа аудандық мәслихаттағы «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева қатысты.
Жиында жетекші партия жобасындағы ерекше басымдық берілген Жол картасының орындалу жайы, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытындағы атқарылған жұмыстар және кәсіпкерлікке грант берудегі жаңа өзгерістер мен өзге де атқарылған жұмыстар жайында тиісті сала басшылары есеп берді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Жалағаш аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Қанат Бөлембаев аудандағы жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіштерін тілге тиек қылып, шешімін тапқан жұмыстарға да тоқтала кетті.
Оның айтуынша, өткен жылы 1342 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, биыл ол 27 жаңа жұмыс орнына артқан. 2021 жылдың 3 айында барлығы 741 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 181-і тұрақты жұмыс көзіне айналған.
2022 жылы 20 сәуірдегі мәлімет бойынша 550 жаңа жұмыс орны құрылып, оның 300-і тұрақты жұмыс орнына айналып отыр.
– Cтатистика мәліметінше, аудан бойынша, жұмыс күшінің саны 14947 адамды құраса, оның 14 192-сі жұмыспен қамтылғандар, 9 372-сі жалдамалы қызметшілер, 4 820-сы өз бетінше жұмыспен қамтылғандар. Жұмыссыздар саны 755-ті құрайды, – деді ол.
Бөлім басшысы өз сөзінде табыс көзін жасырып, әлеуметтік көмекке қол созғысы келетін тұрғындардың да бар екенін айта кетті. Өзінің кіріс көзін жасырып, оңай олжа тапқысы келетіндердің дені әл-ауқаты әлдеқайда жоғары жандар екенін ескерсек, адами тұрғыда бұл құптарлық дүние емес. Мәселені жан-жақты зерделеп, оған тосқауыл қою керектігін айтқан партия белсенділері баяндамада айтылған өзге де мәселелер төңірегіндегі сауалдарын жолдап, бөлім басшысына бірқатар ұсынысын жеткізді.
Мұнан соң Жалағаш аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Гүлнұр Мақсұтованың мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде берілетін гранттар бойынша жасалған жұмыстарының есебі тыңдалды. Оның айтуынша, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында 2021 жылы «Бастау-бизнес» жобасымен 120 адамды оқыту жоспарланған. Бүгінде оның 159-ы онлайн оқытуға жолданып, 153-і оқуды аяқтап, 119-ы қаржылай қолдау тапқан.
– 2021 жылы Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 155 адамға 583 мың теңгеден мемлекеттік грант беру жоспарланған. Республикалық бюджеттен 90,4 млн теңге қаржы қаралып, 2021 жылы 31 желтоқсанға дейін 155 адамның жобасы 90,4 млн теңгеге қаржыландырылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысымен «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» бекітілді. 2022 жылдың ақпан айынан бастап қолданыстағы заңдылықтарымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар 29 жасқа дейінгі жастарға, аз қамтылған отбасы мүшелеріне жататын атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, көпбалалы отбасы есебінде жәрдемақы алушыларға, қоныс аударушыларға, қандастарға, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатындарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін болды, – деді аталған саланың жауапты өкілі.
Қалай десек те, қайтарымсыз несие өзінің мұқтаж деген адамына жетіп, соның игілігіне пайдалану жайы қатаң қадағалануы керек. «Судың да сұрауы бар» дегендей, енді грант жеңілдігін алушылардың арасында тек жоғарыда көрсеткен ережеге сай келетін азаматтар болуы «Amanat» партиясының тарапынан да зерттелетін болады. Қоғам белсенділері бірауыздан осындай шешім қабылдады.
Иә, қоғамда мәселе көп. Алайда ең күрделі деген түйткілдердің түйінін шешуге алдағы уақытта жетекші партия өкілдері белсенді атсалысатын болады.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА