» » Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің

Қазақ халқының ырым-тыйымдары көбіне дөп келіп жатады. Ғылым-білім дамымай, көшпелі тұрмыс кешкен кездің өзінде ата-бабаларымыз шынында өте дана халық болғанын аңғару үшін терең зерттеудің қажеті шамалы. Обал мен сауаптың, кие мен қасиеттің мән-мағынасына терең бойлаған халқымыздың ұлттық болмысы ата-бабалар өнегесі мен өсиетінен тамырлап, нәр алып жатқанын көріп қайран қаламыз. Осындай сәтте ауылдың қара топырағына аунап өскен балалық шағымыздың бал дәурендері еріксіз ойға оралады.

Тоқал тамдар мен кішкене киіз үйдің ішінде май шамның көмескі жарығымен бізге берілген отбасы тәрбиесі құнды­лықтың қайнар көзіндей еді-ау шіркін! Анамыз бұлақ болса, әкеміз білімнің шамын жаққан шырақ болды. Зердесі таза, ықыласты бала үшін үйдегі тәлім өне бойыңа жылы нұрмен тарап, бола­шағыңа бағдаршам болып, өнегеге толы өмір жолына бағыттайды екен.

Иә, анамыз ес жиғаннан әкеге құр­меттің қалай болатынын санамызға сіңіріп өсірді. Даладан әудем жерден әкеміз көрінгеннен «Әкең келе жа­тыр, төсек сал, жастығын әкел, тыныш­та­лыңдар, шаршап келе жатыр, демалсын. Тамақ ішуді әкең келмей бастамайық. Өзінің үлкен кесесін дайында. Әкеңнің киімі жерде жатпасын, аяқасты бол­ма­сын» деп, жарықтық безек қағатын.

Кейбіреуге бұл ұсақ-түйек көрін­генімен, біздің үйдің балалары үшін өзгермес қағида болатын. Әкем өте мейірімді, жұмсақ мінезді, балажан кісі еді. Бірақ анамыз әкеміздің тіпті атын да атамайтын. Керісінше айбынын асырып, мадақтап, жазған өлеңдерін жаттап, бізге жаттатып, тұтынған кітаптарына қолдан қалта тігіп, соған салып, оған шаң жуытпайтын. Ал соғыстан алған орден-медальдарына арнайы масатыдан кі­лем­ше тігіп, соған қадап, көрнекі жерге іліп қоятын. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөзі ойға оралады осындайда. Шынында от­басынан дарыған тәрбие – адам үшін тәлімнің ең ұлығы.

Бүгінде сол тәрбиені балаларымызға дарытуға күш саламыз. Адамның киімін баспау керектігін зердемізге зерлеген ана тәрбиесімен қуаттандық. Киімнің киесі бар екенін кітаптан да оқып жүрміз. Осы ретте халық аузындағы мына әңгіме көпшілікке ой саларлықтай екен. Бұл аңыз болуы мүмкін. Бірақ астарына көп мағына сыйып тұрғаны анық.

Ертеде Есенгелді деген жеті ата­сынан бері бай, мал-жаны мыңғырған кісі болыпты. Ол нағыз шынжыр балақ, шұбар төс дәулетті адам екен. Болыс болып, ел де билейді. Оның тоқалынан Бекей есімді ұлы болыпты. Бекей орысша сауаты өте жоғары, көзі ашық жігіт екен. Байдың бәйбішеден туған ұлдары Бе­кейдің ел ішіндегі беделін көре алмай, әкесін ұлына айдап салады.

Оған «Балаңыз атадан қалған дәу­лет­ті бей-берекет шашып жүр. Ел-жұрт­қа абыройсыз қылып бітті» деп жаман­дайды. Оларға иланып қалған Есенгелді әлгі балаларға:
– Олай болса, маған қандай ақыл бе­ресіңдер? – деп сұрайды.
– Ойбай, әке! Ондай баланың бары­нан жоғы. Тез құтылғаныңыз жөн, – деп азғырады мысықтілеу ұлдары. Зұлым­дар­дың тіліне ерген бай Бекейді мерт қылады.
Бұл оқиға кейін барлық жерге әшкере болады. Байдың келіні өте есті жан екен. Әкесінің өз ұлының түбіне жеткенін дә­лелдеп, қазы-билердің ақылына жүгінеді. Бай баласын өлтіргенін мойындап, өкі­неді. Даудың соңы құнға келіп тірел­генде өжет әйел:
– Еріме құт болмаған дәулет маған бақыт бермейді. Бір ғана тілегім бар. Қайынатамның жеті атасынан бері келе жат­қан құндыз жағалы тоны төрінде ілініп тұр. Соны бір аттап өтемін. Басқа та­ла­бым жоқ, – депті. Келіннің өтініші орындалады. Көп ұзамай, Есенгелді бір жұтта төрт түлік малынан тегіс айы­ры­лып, таяқ ұстап қалады.

Киелі киімі аяққа тапталғандықтан, бай­­дың бағы тайыпты. Ақыры Есенгелді жоқ­­шылықта, қайыр сұрап жүріп өлген екен.
Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алты­бақаннан соң» атты әңгімесінде ер адам­ның киімін әйел адамның астына басып отырмайтыны туралы сюжет келтірілген. Міне, әңгіменің түйіні, алдамшы бай­лық пен дүниеге елітпей, барды бағалап, ананы ана деп, әкені әке деп құрметтеп, кеудеңнен жаның шыққанша пешенеңе бұйыр­ған игіліктің қадірін біл, өсиетке адал бол дегенге саяды. Алланың жа­рат­қан дүниесінің әрбірінде кие бар. Алай­да, ер адамның тұғыры биік болса, сол ша­ңы­рақта береке орнайтынын ұмыт­пайық.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
23 сәуір 2022 ж. 760 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 742

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930