Аудан прокуроры кәсіпкерлермен кездесті
Жалағаш ауданының прокуроры Шыңғыс Есжанов аудандағы кәсіпкерлік субъектілерімен ашық диалог форматында кездесу өткізді. Мақсат – кәсіпкерлік қызметті іске асыру кезіндегі жүйелі мәселелерді, әкімшілік кедергілерді анықтап, оларды шешу жолдарын талқылау.
Кездесуге аудандық кәсіпкерлер бөлімінің, аудандық мемлекеттік кірістер, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері мен аудан кәсіпкерлері қатысты. Ш.Есжанов бизнес өкілдеріне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы жарияланған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексерулерге жарияланған мораторий талаптарын түсіндірді.
Басқосуда аудандық прокуратураның прокуроры А.Есжанов баяндама жасап, прокуратурамен 2021 жылы және 2022 жылдың өткен мерзімінде атқарылған жұмыстар, «Прокуратура туралы» Заңға кәсіпкерлерді қорғау бағытында енгізілген өзгерістер туралы кеңінен тарқатты. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Ж.Несіпбаев салық заңнамасында көзделген жеңілдіктер, ал кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғ.Ерболұлы баяндама жасады.
Кездесу барысында кәсіпкерлерді толғандыратын сұрақтар талқыланып, олар бойынша заң талаптары түсіндірілді. Жиын соңында аудан прокуроры Шыңғыс Мәдиұлы алдағы уақытта бұндай кездесулер әр тоқсанда кемінде бір рет түрлі саладағы бизнестің өкілдерімен өткізілетінін жеткізді.
Айта кетейік, аудан аумағында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ құрылып, қызмет көрсетуде. Егер кәсіпкерлер қызметіне мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз араласу, соның ішінде тексеру фактілері орын алған жағдайда 32-4-43 байланыс телефоны арқылы мобильдік топқа хабарлауға болады.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ