» » Атқарылған жұмыс ауқымды, алдағы міндеттер де аз емес

Атқарылған жұмыс ауқымды, алдағы міндеттер де аз емес

Аудан әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезекті 50-сессиясының отырысы өтті. Басқосуға аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, аудандық мәслихат хатшысы Мейрамбек Еспанов сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары қатысты. Алдымен халық қалаулылары мәслихат аппаратында бас қосып, тұрақты комиссияның бірлескен отырысын өткізді. Күн тәртібіндегі мәселелерді пысықтап, сессия қарауына ұсынды.
Сессия отырысына төрағалық еткен М.Еспанов күн тәртібінде қаралатын мәселе­лерді хабарлап, жұмыс регламентін бекітті. Бі­рінші мәселе бойынша сөз алған экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ж.Баймаханова 2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы баяндама жасады.
Алдағы жылға арналған аудандық бюджет жобасы әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, өңірдің әлеуметтік және экономикалық саясатының негізгі және басым бағыттарын айқындайды. Бюджет жобасы барлық әлеуметтік міндеттемелерді, сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша бірқатар жобаларды орындауды қамтамасыз етпек. Сала басшысы денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, әлеуметтік қам­сыз­дандыру, тұрғын үй коммуналдық ша­руа­шылығы, мәдениет, спорт, туризм және ақ­па­раттық кеңістік, ауыл шаруашылығы са­ласы, ветеринария, өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне, қөлік және коммуникацияға және тағы басқа да салаларға тиісті қаржы қаралғанын мәлімдеді.
Баяндамашының сөзінен соң аудандық мәслихат депутаттары Кенжеғара Сүлей­менов, Рауаш Әлиева, Мейрамбек Жаманов халықпен кездесу барысында туындаған ұсыныс-пікірлерді жеткізіп, соңғы екі-үш жыл­да ауданда атқарылған жұмыстарға он баға­сын берді. Күн тәртібіндегі мәселені жіті қа­раған депутаттар аудандық бюджет жобасы әлеуметтік-экономикалық даму бағытына қа­рай қалыптастырылғанын айтып, бір ауыз­дан бе­кітті.

Келесі мәселе – М.Шәменов ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы туралы болды. Баяндама жасаған ауыл әкімі Ғалымжан Есжанов 2019 жылдың 11 айында атқарған жұмыстардан хабардар етті.
– «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шең­берінде Жамбыл, Ердузелова көшелеріне тас төселді. Ауылдағы 140 орындық мектеп ғимараты құрылысының іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық дәрігерлік емханаға жаңа жедел жәрдем автокөлігі беріліп, барлық үйлерге су есептегіш құралдары орнатылды. 2019 жылы тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 50 бірлікті құрап отыр. Биыл ауыл бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 13 кәсіпкер 20 млн. 67 мың 500 теңгеге қаржыландырылды, – деді ауыл әкімі Ғ.Есжанов.
Мұнан соң Қаракеткен ауылдық округі әкімінің есебі тыңдалды. Ауыл әкімі Қайрат Өлментай ағымдағы жылы атқа­рылған жұ­мыс­тарды таразылап, халық қалау­лыларының алдында есеп берді. Баян­дама­шының сөзінше, 2019 жылы ауылдағы Ж.Есіркепов көшесіне тас төселіп, орталық саябақ қоршалған. Сонымен бірге, Далдабай елді мекенін ауыз сумен жабдықтау бойынша 2019 жылға республикалық бюджеттен бөлінген қаржы то­лық игерілген.
Кәсіпкерлікке бет бұрған қаракеткендіктер биыл да мемлекеттік бағдарламаның шара­патын көрді. Себебі мұнда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 9 кәсіпкер 35 млн 760 мың теңгеге қаржыландырылған. Іскер азаматтар бастаған кәсібін дөңгелетіп, алды ет, сүт өнімдерін нарыққа шығара бастады.
– Биыл ауылда бірқатар жұмыстар атқа­рылды. Алдағы жылы Қаракеткен ауылының кіреберіс жолы асфальттанады. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 235,1 млн теңгеге 2020 жылы Далдабай елді мекеніне су құбыры салынып, барлық үйге су кіргізіледі. Далдабай елді мекенінің кіре беріс жолына асфальт төсеуге сметалық құжат дайындалып, тиісті мекемелерге өтінім берілді, – деді ауыл әкімі.
Сонымен бірге сессия отырысында қыл­мыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі аудан әкімдігінің жанындағы консультациялық-кеңесші органның дербес құрамы бекітіліп, ау­­дандық мәслихаттың 2015 жылғы 22 шіл­дедегі №45-7 шешіміне өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың 2020 жыл­дың I жартыжылдығына арналған жұмыс жос­пары пысықталып, депутаттардың дауыс беруі бойынша алдағы кезекті сессиясының төрағасы сайланды.
Сессия соңында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев біршама ауқымды жұмыстар атқарылғанын, биылғы жыл жалағаш­тықтар үшін табысты жыл болғанын жеткізді.

24 желтоқсан 2019 ж. 451 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930