Ел іргесінің берік болуы – бірлікте

Біз қыран бүркітті көк туымызда бейнеледік. Мұндағы қыран анығында өз иелігіндегі ұланғайыр атырапты шолып жүрген қазақтың өзі еді. Аспан түстес көк туда қанатын алаңсыз кеңге жайған бүркіттің қырағылығы да, туралығы да, өжеттігі де бізде бар қасиет. Кешегі аламан бәйгелерде топ жарып, адуынды жау әскерінің сағын сындырған атышулы қазақ батырларының бүгінгі жалғасы – Қазақстан полициясы қаңтар оқиғасында қырағылық таныта білді. Ұлтқа деген адалдық, өр намыс көптің көкейінде сарнап тұрғанымен, ел ішінде алауыздық тудыруға бір ғана әлсіздің күші жетеді. Сол себептен де «Жақсылықтың қадамы ұзақ, барар жері алыс, арамдықтың қадамы қысқа, барар жері жоқ» деп айтылады. Жаңа жылдың алғашқы айында төңкеріс жасаған алабөтен ойлылар ақылы тоқтап, санасы толықпаған, әлі оңды-солын танып үлгермеген жастардың санасына сынық сәуле ұялатып, өз елінің болашағына күмәнмен қарайтындай күйге жеткізді. Сондай шолақ ойдың жетегіне ерген кейбіреулер лаңкестердің сойылын соғып, қазақтың қалқандарына қарсы шықты.
Барға қанағат тұтпасаң, басыңдағы бағыңды ұшырасың. Иә, бұлай деуіміз тегін емес. Осыған дейін мамыражай күн кешкен қазақ жұртының басына қаңтар оқиғасы тағы бір сынақ болды. Отыз жыл бойы айтып келген азаттықтың қадірін бір-ақ күнде түсінгендейміз. Басымызға қонған бағымызды ұшырып ала жаздадық. Тәуелсіздігіміздің тұғырын құлатып алуға шақ қалдық. Ел ішіне кіріп, арандатушылыққа бой алдырған бүлікшілерге еріп, өзімізге өзіміз қарсы шықтық. Кешегі бейбіт шеруде талап-тілегін желеу еткен топ ақырында алаңға не үшін шыққанын ұмытты.
Ал Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты саяси құжатында жыл басында орын алған қаңтар оқиғасы тәуелсіздік атты ұғымның қаншалықты қымбат екенін ұғындырғанын да жасырмады. Бұл жолда қаншама жазықсыз жанның өмірі қиылды, қанша қайғылы жағдайларға тап болдық, қиындықтарды бастан кештік. Осы егемендік дегеніміз жәй ғана жалаң ұран мен жалынды сөз емес екенін қадап айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы оның қымбат құндылық екенін тағы бір тарқатты.
Біле білсек, расымен де біз кешегі лаңкестік әрекеттің салдарынан қолымызда барымыздан, барлық құндылықтарымыздан, тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық. Құқық қорғау, ішкі істер саласының талай майталманы көз жұмды. Бірақ бір анығы, халық қорғандары елмен бірге, қашанда қоғамның тыныштығын талмай күзетуге дайын тұрды.
Кешегі қаңтар оқиғасынан кейінгі жаңа леп болған бұл Жолдау қазақстандықтардың келешекке деген сенімін одан әрі нығайтып, билік пен халықты жақындастыра түсті. Әсіресе әрбір тараудағы көтерілген мәселе, айтылған ұсыныстар егемен еліміздің өркендеуі жолындағы игі бастамалар екені даусыз. Сонымен бірге Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасынан кейін ел тұтастығы мен тұрақтылығының басты приоритет екені айқындалғанын және осы жайт қайталанбауы үшін барын салатынын айтты. Әрқашан да елмен бірге болып, қиындықты бірге еңсеруге уәде беруі де көңілімізге жылу ұялатты. Біз де бұл жолда аянып қалмай, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында бар күш-жігерімізді біріктіріп, болашаққа зор үмітпен қарауға тиіспіз.
Нұр НАУАН