Отан қорғау – ортақ парыз

Алдымен аудан әкімі Асқарбек Есжанов бастаған бірқатар азаматтар, ауған соғысының ардагерлері орталық алаңда орналасқан «Ер есімі – ел есінде» атты ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер рухына тағзым етті.
Салтанатты шара орталық алаңда мектептердегі әскери-патриоттық клуб мүшелерінің қатысуымен өткен саптық байқауға ұласты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін слеттің маңыздылығына тоқталған аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы қатысушыларды, сарбаздарды айтулы мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл, Ұлы Жеңіске 77 жыл толып отыр. Әр елдің мақсат-мұраты ол елдің бірлігінің беріктігінде. Бүгінгі ұрпақ тарихтан сабақ алып, ерліктің, өрліктің, қайсарлықтың, қазақстандық патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетуге тиіс. Себебі қай қоғамда болсын ер азамат үшін елін, Отанын қорғау – азаматтық борыш. Ықылым заманнан ердің есімін ел, елдің есімін ер шығаратынын жақсы білесіздер. Аталарымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осы ұлан-ғайыр жерді қорғап, бізге мұраға қалдырды. Аудан жұртшылығы бүгінгі күні еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, Қазақстан халқының игілігі мен бейбітшілігін қорғауға лайықты үлесін қосуда. Ұлы ханымыз Абылай «Білектінің заманы өтеді, білімдінің заманы келеді» деген. Қазір – шынында білектінің емес, білімдінің заманы. Ғылым мен техниканың дәуірлеп тұрған кезеңі. Сондықтан бірінші кезекте біздің өскелең ұрпақ білімді, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы қажет. Әрбір азамат өзінің туған жерін, өзінің өлкесін құрметтесе, оны қорғауға әркез дайын болса, бізге одан артық құрмет жоқ. Бүгінгі мереке баршаңызға құтты болсын. Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін. Алға қойған мақсат-мұраттарыңызға жете беріңіздер, – деді аудан басшысы.
Асқарбек Есжановтың бұл сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Жас буынға әкім ретінде ғана емес, алдыңғы буын ретінде ағалық ақылын айтты. Расында қазір – білектінің емес, білімдінің заманы. Аудан басшысы айтқандай, қазір жастардың білім алуына, сол санасына сіңірген сапалы білімімен халқына қалтқысыз қызмет етуіне еш кедергі жоқ. Ал кешегі қазақ көрген небір зұлмат жылдарда бұл мүмкіндік бабаларымыз үшін үлкен арман еді.

Шара соңы патриоттық әндер шырқалып, қоян-қолтық ұрыс әдіс-тәсілдері көрсетіліп, салтанатты шеруге ұласты. Расында бұл шараның қай буын үшін де маңызы зор. Жастардың әрбір әскери қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін еркін меңгергенін көріп, риза болдық.
Иә, Отан қорғау – ортақ парыз. Осы бір ұстаным әрбір азаматтың бойынан табылса, тәуелсіздігіміз, тұғырлы, егемен елдің ертеңі жарық болары анық. Жастар Отан алдындағы әскери борышын өтеуден жалтармауы керек. Себебі мемлекет болашағы осы буынмен байланысты екенін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сан мәрте айтты. Ал осы сенім үдесінен шығу да бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
