Жеңіс – қастерлі, қадірлі, қымбатты сөз
Бұл дүниеде адамзат үшін қадірлі де қымбатты һәм аяулы сөздер бар. Бірақ өте аз. Соның бірі адам баласының үнемі дұға-тілегінде жүретін ең қастерлі сөз – бейбітшілік. Бейбіт өмірдің қадірін соғыс тақсіретін тартпаған жандар білмейді. Лайым келер ұрпақ бейбітшілікті соғыс арқылы ұғынбай-ақ қойсын.
Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқанда аналар мен балалардың бар тілегі оқ пен от жауып тұрған аласапыранның тоқтауы еді. Қаражолға қарайлап, көкірегі шерге толған аналар мен әкесін күткен қарасирақ балалар майдан даласынан күн сайын сүйінші хабар күтіп елеңдеп жүрді ғой. Ол «жеңіс» деген бір ауыз сөз еді.
Сол қуанышты хабар қырықыншы жылдың қақ ортасында сонау батыстағы Берлин түбінен елге жыл құсындай сағындырып жетіп, азынаған үйлерге жылу таратып жатты. Қорғанушы елдің аспаны қуаныштан көз жасын төгіп, алақайлап, сүйіншілеген дауыстан көк жүзі жаңғырып тұрды. Бір-бірін құшақтап құттықтап, шаттықтан егілген халық сұм соғыстың зардабын төрт жыл тартып еді. Қолына қару алып майданға аттанған ер азаматтардың орнына елге ие болып қалған қыз-келіншектер күні-түні бел жазбай еңбек етіп, түнде шамның жарығымен соғыстағы жауынгерлерге жылы киім тоқып жіберіп отырды. Өздері ішіп-жемесе де, өздері киінбесе де майдан даласындағы елі үшін, ұрпағы үшін от кешкен жарын, баласын, бауырын азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Осындай еміренген көңілдің арғы жағында үміт оты өлеусіреп жанып тұратын. Сол отты тек «жеңіс» деген сөз ғана қайта маздатты.
Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан уақытта 4-5 жаста болған ағаларымыз бен апаларымыз соғыс қасіретін жауынгерлерден кем көрмегенін айтып отыратын. Бұғанасы қатпаған балалар ала таңнан көзін тырналап ашып оянып, аш құрсақ күйі колхоздың қол күшімен атқарылатын қара жұмысына жегіледі. Аштан бұралып жүрсе де, қыңқ демеген сол балалардың да бар арманы өгіз соқамен жер жыртып, егіс салып, қырман сапырып, масақ теріп, жеңіске үлес қосу болды ғой. Өйткені олардың жүрек түкпірінде сыздап тұратын бар сағынышы соғыста жүрген әкелері еді. Бар арманы да сол әкелерінің аман-есен оралуы болды. Бұл жайында Мұқағали өзінің соғыс тақырыбына жазған поэмасында:
Көре жатар көргендер,
Көрмегендер көрмеңдер.
Нардың жүгін көтердік,
Боталар мен інгендер, – деп жырлайды. Жырдың осы бір шумағынан-ақ дәуір қасіретін көруге болады.
Соғысқа қатысқан майдангерлерден бөлек, тылда еңбек еткен шешелеріміздің әңгімесін тыңдап отырғанда көз алдыңа неше алуан сұмдық оқиғалар көлбеңдейді. Дауысы көк аспанды қақырата тарылдап шығыстан батысқа жөңкілген жауынгерлік ұшақтардан үрейлене қорқып, тым-тырақай қашып бара жатқан ойын балалары, егіс даласында еріндері тілім-тілім болып кетпен шауып, орақ орып жүрген қыз-келіншектер, күйеуінен немесе баласынан «қара қағаз» келіп, шашын жайып аңырап отырған бейбақ аналар, майданнан ауыр жараланып келіп, халыққа қайран қыла алмай шерменде күйде бұрқыратып шылымын тартып отырған аяқ-қолы жоқ мүгедек жауынгер, жасы сәйкес келмей немесе басқа да себептермен соғысқа бармай елде қалып, әйелдердің басына қамшы үйіріп жүрген шолақ белсенді бригадирлер...
Сұмдық суреттерден тұла бойың түршігіп, жүрегің орнынан бір аунап түседі. Бұл қазақ басына түскен қасірет қана емес, КСРО құрамында болған елдердің барлығы жүріп өткен азапты асулар еді. Алайда бүгінгі тарихшылар мен демограф ғалымдардың дәлел-дәйегіне сүйенсек, біз «Ұлы Отан соғысы» деп айдар тағып жүрген қанды қырғында басқа мемлекеттермен салыстырғанда адамын ең көп жоғалтып, қисапсыз шығынға ұшыраған Қазақстан екен. Қалай болғанда да сол соғыс біздің халықты Отанын шексіз әрі шынайы сүйетін ұлт ретінде көрсетіп, бір кездері дүйім дүниені дірілдеткен көк Түркінің батыр да жауынгер ұрпағы екенін дәлелдеп берді. Бұған ұлтымыздан шыққан Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев, Төлеген Тоқтаров сынды батырлардың айбынды орыс армиясы түгіл, соғысқа өте күшті дайындықпен келген неміс офицерлерінің өзін таңғалдырып, тәнті еткен ерлік істері дәлел.
Тақырып соғыс жайында болған соң айта кеткенді жөн санадық. Осы күні әлеуметтік желілерде екінші дүниежүзілік соғысты қазақ тарихынан сызып тастағысы келетін әсіребелсенділер пайда болды. Олардың айтуынша, біздің әкелеріміз бекерге соғысқан. «Ұлы Отан соғысы» деп те айтуға болмайды екен. Тіпті олар 9 мамырды да атап өтуге қарсы. Өйткені ол кездегі Отан орыстардың Отаны болыпты. Бұл – шалағай түсінік.
Біріншіден, біз ол кезде өз алдына тәуелсіз мемлекет емес, КСРО құрамындағы ел болдық. Еліміз де, жеріміз де Ресейге бағынды. «Германия КСРО-ға соғыс ашқанда, Қазақстан мен соғыспаймын деп шет қалу керек еді» деген нағыз дүмбілез адамның сөзі. Біздің әкелеріміз орыс үшін емес, өз Отаны үшін соғысты. Өзінің елін, жерін, халқын, туған-тусын, отбасын қорғау үшін қолына қару алды. Шындығында, КСРО жаулаушы емес, қорғанушы ел болды. Сондықтан біздер үшін қан кешкен әкелеріміздің әруағын мазалап, сүйегін сырқырата берсек, тарихқа әділ баға бере алатын келер ұрпақ бізді кешірмейді.
Сонымен мақаламыздың басында айтқан «Жеңіс» сөзіне сәл кідірейік. Оқушы кезімізде «Ұлы Жеңіс» деген тақырыпқа жазылған белгілі қылқалам шеберлерінің әсерлі картиналарын көріп, қызықтап қараушы едік және мұғалімдердің тапсырмасы бойынша өзіміз де осы тақырыпқа сурет салатынбыз.
Майлы бояумен салынған бір картина есімде қалыпты. Бірақ авторын ұмыттым. Күн күлімдеп тұр. Қырдағы жер жыртып, егін салып жатқан қарақұрым жұртқа қарай қара жолмен құлдыраңдап жадап-жүдеген 5-6 жасар бала құлдыраңдап жүгіріп келеді. Бастарына ақ шыт байлаған әйелдер кетпендеріне сүйеніп, әлгі балаға аңтарыла қарап қалған. Ол бала жай келе жатқан жоқ, шәпкесін шешіп алып, жоғары қарай айналдыра бұлғап, бірдеңе деп айқайлап келеді. Түрінде көзінде көл-көсір қуаныш, жүзінде шарасынан төгілген шаттық бар. Иә, ол жеңісті сүйіншілеп келе жатқан бала еді. Суретші адамзаттың бар бақыты бейбіт өмір мен тыныштық екенін сол бір картинаға сидыра салыпты.
Қуат АДИС