Қатулансақ, қамал бұзар халықпыз
Мамыр айы келгенде балалық шақтағы мамыражай сәттер ойға оралады. Әкемнің мейірімі, маңдайымнан сипап өткен жылы алақаны көктемнің майда самалындай жиі еске түседі. Қайран балалық шақтың бал күндері қайта оралса, әкешіме сұрапыл соғыс жайлы қояр сауалдарым таусылмас еді ау. Ол кісі де жылы жымиып алып, қолындағы соғыстан келген сарғайған жорық дәптерін аударып, қанды қырғынның естеліктерін ұрыс қимылдары болған жерлерін картадан көрсетіп отырып, ерінбей айтып беретін. Сағыныштан сарғайған жыр дәптерінің бетінде қаншама жүрегінен жарып шыққан майдан даласында оқ пен оттың ортасында жазылған өлеңдері өткен тарихтың тірі куәсіндей сақталып тұр. Өзі өлгенмен тарихта өлмейтін аты, қағазда өшпейтін хаты қалды. Міне, рухты жырлар өткен мен бүгінді жалғап, санада әр жыл сайын Ұлы Жеңіс күнінде жаңғырып тұрады.
Сол бір мамырдың мақпал кеші әлі есімде. Әкешім бәрімізге май шамның жарығымен өзінің сұрапыл соғыс жылдары жазылған өлеңдерін оқыған болатын. Есімде қалғаны ол жырлар соғыс кезінде баспасөз беттерінде жарияланған. Тіпті 1941-42-43 жылдары шыққан газет қиындылары да осы кезге дейін сақталған. Олардың көпшілігі латын әрпімен жазылған.
Әкемнің мінезі жұмсақ болғанмен, өз жырларын оқығанда рухтанып, қайраттанып кететін де, бір қатал кейіпке енетін. Қанды жорық көз алдына келе ме, кім білсін, ойын бөлетін оқыс қимыл көрсетсек, жекіп тастайтын.
Сол күні «Хош болып тұр, Қазақстан аймағым» атты өлеңін оқыды. 1942 жылдың күзінде әскерге шақырылған әкем сол кезде майданға аттанып бара жатып осы өлеңді жазған екен. Әкемнің айтуынша, пойыз үстінде екінші тәулік дегенде Ырғыз даласы да көрініпті. Батысқа қарай жүйткіп бара жатқан эшелонда жазылған осы 15 шумақ өлеңнің күллі елдің әнұранына айналып, кешеге дейін күміс көмей жырау апамыз Шәмшат Төлепова орындап, шерлі шумақтар үнтаспаға жазылып қалғанын әкемнің рухы сезіп те жатқан болар?
Хош болып тұр, Қазақстан аймағым,
Ойлай берсем, еске түсер қайдағым.
Туған ел мен туған жерге қосылып.
Бұрынғыдай болар ма екен сайраным?
Сау болып тұр, Қазақстан даласы,
Хош болып тұр, Сыр, Қуаңның саласы,
Отан қорғау сапарына аттанған,
Атым – Асқар, Қожахмет баласы.
Бағытымыз төмен қарай барамыз,
Бір вагонда отыз бестей баламыз.
Тал шыбықтай пісіп тұрған өңкей жас,
Он тоғыз бен жиырма жеті арамыз.
Тұтасқан күш, біріккен ел азар ма,
Кімдер көнсін дұшпан салған азарға.
Жау жеңілер, түпкі жеңіс біздікі,
Кітап етіп тарих бекер жазар ма?
Сау болыңдар тағы айтылмай қалғаның,
Жауды жеңіп, елге қайту арманым.
Туған елдің жақсы менен жайсаңы,
Сағынады қауышқанша балдарың.
Сәлемімді барлығыңа беремін,
Азаматпын, басқа түссе көнемін.
Жолыққанша сау болыңдар туған ел,
Өмір болса, қайта айналып келермін.
Горький қаласында әскери дайындықтан өткен қазақстандықтар Тамбов түбінде жасақталып жатқан екінші гвардиялық армияға келіп қосылып, көп ұзамай Сталинград шайқасына жіберіледі. Машкова өзеніне жақындаған сәтте бұлар мінген эшелон фашистердің әуе шабуылына тап болады. Әрі қарай теміржол арқылы жылжу мүмкін болмаған соң, әскерлер жау шебіне жаяу жетеді. Міне, алғашқы айқас, алғашқы атыс. Бұл кезде Сталинград маңына генерал Паулюстің жер қайысқан қалың әскері шоғырланған-ды. Дон жағасынан оған Манштейннің тегеурінді күші толассыз ағылып жатты. Біздің армияның алдында аса күрделі де қиын міндет тұрды. Ол қалайда жауды Сталинград түбінде талқандау, Орал арқылы орап өтуіне мүмкіндік бермеу еді. Аты аңызға айналған осынау ұлы шайқастың алғашқы күндері әкем ауылға мынадай хат жолдапты.
Бүгін міне, ұрысқа да қатыстым,
Дұшпандармен бетпе-бет кеп атыстым.
Қоршауда қап аласұрып жатыр-ай,
Жер қайысқан қалың қолы фашистің.
Күшімізді тағы сынап байқасын,
Жаудырайық жауға және жай тасын.
Аман болсақ, аяқтауға жақынбыз,
Атышулы Сталинград шайқасын.
Алыссақ біз алып жығар алыппыз,
Қатулансақ, қамал бұзар халықпыз.
Сүйіншіңді әзірлей бер ел-халық,
Жеңіспенен ораламыз анық біз.
Шынында әкеміз жаңылыспаған екен. 162 күнге созылған Сталинград шайқасы жауынгерлердің таңғажайып жеңісімен аяқталды. Паулюс армиясы тұтқынға түсіп, өрекпіген жау ақыры тәубеге келгендей болды. Ұрыс саябыр тапқан шақ. Түн ауған сәт. Әйтсе де от жағуға рұқсат жоқ. Сызды окоп ішіне жайғасқан біздің жауынгерлер кезекті шабуылға әзірленіп жатты. Таң қараңғысында шабуылға аттанбақ. Ал әзірге аз да болса уақыт бар. Әкем болса, тұтатқан шырпысын жеңімен көлегейлеп, тебірене қалам тербепті.
Өтті-ау талай кескілескен ұрыстар,
Қанға бөгіп жатыр әне күміс қар.
Тебіреніп кетеді екен ет жүрек,
Оққа ұшқанда қаруластар, туыстар.
Амал қанша көз жасыңды төккенмен,
Озбыр жауға лағнет айтып сөккенмен.
Кек те қайтар, күн де туар шықсақ біз,
Соғыс атты қиын-қыстау өткелден.
Күте бер сен, жеңіс атты шақ туар,
Қасірет толы көздерге әлі бақ тұнар.
Ұзақ күткен сәт те жақын, халайық,
Фашистердің күлін көкке лақтырар.
Бір ғажабы, әкемнің майдан шебінен жолдаған қайсы бір жырларын оқып қарасам да, өршіл оптимизмді, сенімнің отты жігерін анық сезіндім. Сезіндім де, бойымды мақтаныш биледі. Жеңісті жақындатқан отты жырлар шынында жауынгерлерді Ұлы Жеңіске жігерлендіргені анық. Елдегі ағайынға да мойымауға тоқтау салған жыр жазған дәптердің парақтары жұқарғаны сонша, кейбір әріптері өшуге жақындапты. Алайда жүректерді жырмен әлдилеген өлеңдер сол жаралы сәттердің бейнесіндей санада жатталып, көз алдыңа сұм соғыстың бейнебаянын сахналағандай әсер береді.
«Тек бір мен ғана емес, бүкіл жауынгерлерді ол кезде жеңіске деген өршіл рух қанаттандырып отырды ғой. Сол нық сенім бізді ақыры жеңіске жеткізді» деді әкем терең күрсініп.
Әкем сәл ойланып алды да шерлі жылдар әңгімесін әрі қарай жалғады.
«1943 жыл. Біздің екінші гвардиялық армия фашистерді батысқа қарай үдере қуып келеді. Осы армияның құрамында шайқасып жүріп, мен де бұрынғыдай емес, едәуір ширығып, шыңдалып қалдым. Взводта ең мерген автоматшы деген қошеметке бөлендім. Жау шегінген сайын біздің жауынгерлердің көңіл-күйі көтеріліп, жыр жазатын шабыт пайда болып, жанқалтамда сақтап жүрген қойындәптерді қолға алдым»
Қасарысқан жауды қуып барамыз,
Жарасынан жазылар-ау даламыз.
Тірі болсақ, жеңіс атты күн туса,
Аман-есен оралар-ау балаңыз.
Қашқан жауды қуу да бір қуаныш,
Шекарамыз бізден әлі түу алыс.
Әйтсе дағы сенім оты алаулап,
Ет жүректі билеп алды жұбаныш.
Ешбір күш те тоқтата алмас біздерді,
Шығарып сап тұрмыз міне, күзді енді.
Қыс та өтер, көктем шығар күлімдеп,
Жеңіспенен қуантармыз сіздерді.
Фашистермен қалай қақтығысқанын, шабуыл кезіндегі үрейлі сәттерді бұйып тыңдағанымыз сондай, түн жарымы болғанын сезбей де қалыппыз. Қанды жорық жолдары әкеміздің зердесінде жатталғаны сондай, қай қаланы қашан азат еткенін, қаланың атына дейін дәлдікпен айтады.
«Солай, шырақтарым, жорық үстінде асығыс жазылған жырлар ғой бұл. Кейін бұлардың кәдеге асатынын кім білген? Оған қарайлайтын да уақыт емес еді. Бірақ жырларымның біразы соғыс кезінде жоғалып кетті. Қолымда сақталғаны осы жалғыз дәптер ғана» деді әкем күрсініп.
Жалғыз дәптер болғанмен, ол – қандай қастерлі дүние. Мұқабасы тозғанмен, қағазы жыртылғанмен, әрпі өшкенмен, сұрапыл соғыс естелігі кейінгі ұрпақ санасынан өшпейді. Ол парақтарда сол кезеңнің сырын бүккен, қаншама адам тағдыры, кезең тарихы қатталып тұр. Кейінгі ұрпақ үшін құндылығы да осында жатыр.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
