» » Жеңіс бізге оңай келген жоқ

Жеңіс бізге оңай келген жоқ


Ұлы Жеңіс күні – ерлік пен даңқ, елдің бірлігі мен ынтымағы салтанат құратын сәт. Ұлы Жеңіс жолында парыз бен намысты алға қойып, Отаны үшін от кешкен жаужүректерімізді ұлықтап, жанқиярлық ерлікпен қаза тапқан батырларымызды еске алуға, ерлік істерін ұрпақ жадында жаңғыртуға мүмкіндік туды. Қайсарлық пен қайтпас рухтың хас үлгісін көрсеткен жауынгерлер ерлігі ел жүрегінде сақтаулы. Осынау бейбіт күннің келуіне атсалысқан батыр бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы биыл Ұлы Жеңістің 77-ші көктемін тойламақ.

Жалпы бейбіт күнде алаңсыз өмір сүріп жат­қанымыз әуелі Жаратқанның, сосын қан майданда кеудесін оққа тосып, Отан үшін от кешкен боз­дақ­тар ерлігінің арқасы. Майдан шебінде ерлікпен елін, жерін қорғаған жауынгерлер жүрегіндегі Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің, азаматтық намыстың біте қайнасып, көзсіз ерлікке барған­дарын тарих беттерінен, ата-әжелеріміздің есте­лік әңгімелерінен естіп білсек те, осы бейбіт күн­нің қандай қиыншылықпен келгенін сезіне ал­мас­пыз. Бүгінде жауға қасқайып қарсы тұрып, же­ңісті абыроймен алған соғыс ардагерлері сиреп барады. Олардың қатары жыл сайын сиресе де, есім­дері халық жадында мәңгі сақталмақ. Жыл сайын ұрпақтары еске алып, ел болып есімдерін құр­меттеуде. Қан майданда ерлік көрсеткен әрбір аза­маттың, отандасымыздың есімін қаншалықты ұлық­тап, ерліктерін дәріптесек те артық етпейді.

Тарихтың көмескіленіп тұратын қаралы бетте­ріндегі бұл сұм соғыс қанша жанның қанымен, қанша ананың көз жасымен келді. Қаншама ардақты аза­маттарымыздың өмірін қиған, талай отбасының шаңы­­рағын шайқап, қайғы-қасіретке душар еткен со­ғыс өртінің өшкеніне ел қуанады бұл күнде. Уақыт өткен сайын сол кезеңдер бізден қашықтап бара жат­қанымен, оның тарихта қалдырған ізі көңілден кетіп, жүректен өшпек емес. Соғыс басталған сәттен-ақ қазақстандық жауынгерлер ұланғайыр атырапты аттың жалында жүріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың ұр­пақ­тарына лайық ерлік көрсетті. Сондықтан Ұлы Жеңіс күніне жете алмай, қанды шайқастарда қаза тапқан батырларымыз бен соғыстан аман орал­ған жауынгерлерімізді дәріптеп, есімдерін ұлық­тау – бүгінде тек мемлекеттің ғана емес, әрбір адам­заттың үлкен парызы.

Кешегі қан майданда ерліктің ерен үлгісін көр­сеткен ата-әкелеріміздің жауынгерлігін, өнегелі өмір жолдарын еске алып, сол бабаларымыздың тектілік тұлғасын төмендетпей, ұлы есімдерін ұла­ғаттап жүрген бүгінгінің аға буын өкілдері де кейінгі жастарға үлгі қалдырып жүр. Бүгінде бізде соғыс ардагері қалмағанымен, олардың әрбірінің рухты, жігерлі, айбынды тұлғасы, майдан шебіндегі қайсарлығы жа­­дымызда жаңғырып тұр. Қара шаңырақтың отын сөндірмей, әкеден көрген тәрбиесін өміріне азық етіп келе жатқан Амандық Нұржанов та – елге сыйлы, абыройлы азаматтардың бірі. Осы кісімен жаңа­дариялық соғыс ардагері Ысқақ әкеміздің майдан шебіндегі ерлік істерін естіп білу үшін біраз әңгі­мелескен едік. Көзі тірісінде әкесінен естігенін баян­даған еді.

– Менің әкем де соғыс ардагері. Ол кісімен бұл туралы сөйлесу қиын еді. Өйткені соғыс жылдары, майдан шебіндегі жағдайлар туралы сұрасаң, бі­раз үндемей қалатын. Сірә сұрапыл жылдардың зобалаңы көз алдына келіп, жүрек түкпірінде жат­қан жазылмас жараны қозғайды-ау. Сонда да сәл үнсіздіктен соң мұңайым отырып баяндап бе­ретін. «1943 жылы өзім қатарлы қазақтың қара до­малақ балалары, жас жауынгерлер сап түзеп, қан майданның ортасынан бір-ақ шықтық. Ол кезде небары 18 жаста ғана едім. Бойымыздағы бар күш-қайратымызды жинап, өзімізге-өзіміз жігер беріп, ұрысқа еніп кеттік. Майдан даласындағы жағдайдың мәз еместігін білесіңдер. Күндіз-түні дамыл тап­паған жау әскері бізді де біраз титықтатқаны рас. Әлсін-әлсін шабуылдайды, оқ жаудырады. Жас болдық па, әйтеуір біздің ойымызда тек қана «Алға» деген сөз жаңғырып тұрды. Қасық қанымыз қалса да, мейлі оққа ұшсақ та жауға тойтарыс бе­руіміз керек. Не керек, қаншама жауынгер жер жас­танды. Бірақ жандарын берсе де, жеңіске үлестерін қосып кетті. Өткенді қозғап, мұнан әрі тереңдей бермейін. Сұрапыл соғысты ойыма алған сайын қан майданның ортасына тағы да барып қайтқандай күйде боламын» деуші еді – дейді ауыл азаматы.

Оның сөзінше, майдан даласындағы жас сарбаздардың барлығы “Бәрі де жеңіс үшін” деген ұранды сөздерімен көңілдерін демдеген екен.
Өзінің көлемі мен адам шығыны жағынан тарихта ең үлкен әрі қанды шайқас екінші дүниежүзілік соғыс екені белгілі. Деректерге сүйенсек, соғыс қимылдары әлемнің қырық мемлекетінің аумағында жүріп,110 миллион адам солдат шинелін киді. Әлем халықтарының 80 пайызы қатысып, 60-тан астам мемлекеттен сарбаздар алынды. Қан май­данда қаншама адамның өмірі қиылды. Сол жыл­дары армия қатарына бір жарым миллионға жуық қазақстандық алынды. Соғыс жылдарында ілеуде бір кей отбасыларға майданнан хат келетін. Қысқа ғана мән-жай баяндалған, сағынғанын жазған және жауды міндетті түрде жеңеміз деген сөздер болатын. Ал от пен оқтың арасында ажал құшқан жауынгерлердің атынан отбасына қаралы қағаз келетін. Осылайша азаматын, ұлдарын сұрапыл соғыс жалмаған қаралы шаңырақ түгілі бүкіл ауыл болып күңіреніп қалатын. Бүгінде сексен жыл бұрынғы жазылған хаттар сарғайған параққа айналды, архивтерден орын алды. Осындай хатты жазған жауынгерлер ерлігінің арқасында Кеңес әскері жеңіс туын желбіреткен еді. Одан кейін тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекетіміз Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамын бекітті. Содан бері жас сарбаздар бейбіт күнде Отан алдындағы борышын өтеуде.

Нұр НАУАН


07 мамыр 2022 ж. 392 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031